Азия ойындарына паралимпиадашылар аттанды


Қазақстанның отырып ойнайтын волейболшылар командасы Инчхонға жеңіспен жол тартты18 қазанда Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында Паралимпиадашылардың Азия ойындары жалауын көтереді. Екінші мәрте өткізілгелі отырған осы байрақты бәсекеге Қазақ елінен спорттың тоғыз түрінен 84 спортшы қатысады. 9 қазанда Алматыда дене мүмкіндігі шектеулі спортшыларды Кореяға шығарып салу жиыны өтті. Біздің биылғы меже 3 алтын, 8 күміс, 12 қола медаль екен.
Инчхонға аттанардан бірнеше күн бұрын Алматыда отырып ойнайтын волейболшылар арасында Қазақстан чемпионатының үшінші туры басталған еді. Қазанның 10-жұлдызында аяқталған осы чемпионатта Атырау облысының командасы тағы да бас жүлдені иеленіп, Қазақстан чемпионы атанды. Біз осы орайда команда бапкері, Қазақстан құрамасы отырып ойнау волейболының аға жаттықтырушысы Тахауов Бауыржанмен әңгімелескен едік. Азия ойындарына аттанар алдында елішілік жарыстың жеңімпазы болған команданың өткені мен бүгіні туралы айтылатын сол сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Бауке, жеңістеріңіз құтты болсын!

– Рахмет, Алла разы болсын!

Қазақстан чемпиондығын жеңіп алу оңайға түспеген шығар? Ко­ман­­даңыздың дайындығы көңіл то­ларлық па? Алдыңғы турлардың нәтижесі қалай болып еді?

– Әрине, команданың жеңісі қашан да қуаныш қой. Төгілген маңдай тердің жемісін көргенге не жетсін. Бірақ, бұл команда үшін ел чемпионаты аса ірі бәсеке емес. Сауалыңызға орай айтып өтейін, биылғы бірінші тур 3-5 сәуір аралығында Атырауда, 2 тур Батыс Қазақстанда 3-5 маусым аралығында өткен. Екеуінде де атыраулықтар талассыз жеңді. Міне, үшінші турда да жеңімпаз атанды. Екінші орынды Маңғыстау, үшінші орынды Қызылорда командалары иеленді. Жалпы, бұл жарыста сегіз команда бақ сы­наған.

Біз биыл қатарынан екінші рет Қазақстан чемпионы атандық. Соңғы жылдары елішілік жарыстарда Атырау облысы командасы бас бәйгені талассыз алып тұр. Төрт жылда бір ұйымдастырылатын Қазақстан спартакиадасының бас жүл­десі де атыраулықтарға бұйырған. Әр түрлі турнирлерде де жеңіс тойын аты­рау­лықтар тойлап жатады. Себебі, мұндағы жі­гіт­тер Қазақстан құрамасының негізгі ойын­шылары. Халықаралық жарыстарда азулы мемлекеттер командаларымен иық тіресіп ойнайтын азаматтарға респуб­лика чем­пионаты айыз қандыратын бәсеке ме?

Қазақстан құрамасының соңғы жылдардағы жетістіктері қандай?

– Қазақстан құрамасы отырып ойнау во­­лейболының жетістіктерін айту үшін сәл шегініс жасап, осы ұжымның тари­хынан сөз қозғауға тура келеді. Еліміз­дегі паралимпиадалық спорт түрінің бастауында осы волейбол тұр. Алғаш­қы қазығы 1988 жылы қағылған. Кезін­дегі әйгілі волейболшы, даңқты жаттық­тырушы Жанбек Сауранбаев бұл ко­манданы 1988 жылдан 1998 жылға дейін басқарып, әлемдік деңгейде өнер көрсететін ұжым жасақтаған еді. Басқа­сын былай қойғанда, Қазақстанның отырып ойнайтын волейбол құрамасы 1996 Атланта паралимпиада ойындарына қатысты. 1998 жылы Азияның чемпионы болды. Сол кезде өзім де құрама қа­тарындағы ойыншы едім. Жанбек ағамыздың мектебінен өттік. Тәрбиесін көрдік. Қазақстан құрамасы 2002 жылы да Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Бірақ, содан кейінгі уақытта біздің ел құрамасының ойын деңгейі өте төмендеп кеткен еді. Оның әр түрлі себептері бар.

Сіз құрама команданың бас бап­кер­лігіне қалай келдіңіз? Жалпы, өзіңіз отырып ойнайтын волейболмен қай кезден бастап шұғылдандыңыз?

– Менің отырып ойнау волейболымен шындап шұғылдануым 1995 жылдан басталады. Туған жерім – Атырау облысының Қызылқоға ауданы. Алматының теміржол институтын тәмамдап, Маңғыстауда теміржол электро-механигі жұмысында жүргенімде тағдырдың жазуымен бір аяқтан айырылдым. 22 жаста едім. Оң аяғым тізеден төмен кесілді. Бұл – 1990 жылы болған жағдай. Келер жылында шаңырақ көтердім. Құдайдың берген қуаты ғой, басқа түскен қиындыққа қайыспауға үйрендік. Осы күні үш ұл, бір қыздың әкесімін. Аллаға мың да бір шүкіршілік айтамын. Қол-аяғы сау, тепсе темір үзетін жігіттердің өзін абдыратқан қиын кезеңдерді бастан өткердік. Қатардан қалған ештеңеміз жоқ.

Маңғыстауда Аман Қылышбаев есімді жігіт болды. Кезінде Қазақстан құрамасында ойнаған Аман сол өңірде отырып ойнау волейболын жақсы ұйымдастырды. Мені де волейболға тартқан сол азамат еді. 1998 жылы денсаулығыма байланысты Ақтөбеге көшкенге дейін волейболдан қол үзгенім жоқ. Спортқа деген құмарлық сол кезден оянған сыңайлы. Ақтөбеге барған соң да қарап жүре алмадық. Жігерлі жігіттердің басын қосып, жабылып қалған «Манас» спорт клубының жұмысын қайта жан­дан­дырдық. Кейіннен волейбол коман­дасының құрылуына күш салдық. Сол ко­ман­даның бапкері болып, елішілік жарыс­тарға қатысып жүрдік. Нәтижеміз жаман болған жоқ. Ақтөбе облысының коман­дасы бір рет Қазақстан чемпионы атанды.

Содан 2005 жылы туған жерім Атырауға көшіп бардым. Аздаған үзілістен соң оты­рып ойнау волейболының дүрмегіне қайта қосылдық қой. Бапкерлікке бел буып кірістім. Атырау командасы содан бергі уақытта жүлделі орындардан көріне бастады. Осы тұста сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректерді айтып өткен жөн шығар. Атыраулықтар 2008 жылы рес­публика чемпионатында 2-орын, 2009 жылғы республикалық турнирде 1-орын, Қазақстанның ІІІ спартакиадасында 2-орынды иеленді. Польшаның Эльблонг қаласында жыл сайын өтетін «Эльблонг Кубогына» бірнеше рет қатысып екі рет 3-ші орын алса, 2013 жылы бас жүлдені жеңіп алды.

2009 жылы Иранда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында аты­раулық ұландар қола жүлдегер атанған. Қазіргі команданың негізі сол жігіттерден жасақталған. 2010 жылы Америкада өткен Әлем чемпионатында Б-дивизионының жеңімпазы болды. 2011-2012 жылдары да Атырау командасы бірталай жүлделерді қанжығаларына байлады. Ал, 2013-2014 жылдардағы жетістіктерді жоғарыда айт­тық. Оған қосарымыз, 2013 жылы Ре­сейдің Орал федералдық округі ашық чем­пионатында бас жүлде алғанымыз. Сондай-ақ, осы жылдың сәуір айында Иран­ның Машхад қаласында өткен Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткіз­геніміз.

Отырып ойнау волейболы жақсы дамыған елдің бірі Иран. Бұл елде осы спорт түрінен 130 команда бар екен. Енді ойлап қараңыз, іріктеу деңгейі қан­дай? Біздің жігіттердің осындай азулы командалармен тайталасып жүруі нағыз жанкештілік емес пе?

Бас бапкерлікке тағай­ын­да­луыңыз енді түсінікті бола бастады.

– Иә, екі жылға аяқ басты, атыраулық азаматтар ойынының үздік болуы мені Қазақстан құрамасының бас бапкерлігіне алып келді. Оңай шаруа емес. Бұрын облыс атағы десек, енді бүтін ұлттың, мем­лекеттің намысын қорғау салмағы иыққа түсті.

– Сонда Атырау облысы коман­дасының соңғы жылдары қара үзіп шығуының себебі не? Халқы тығыз Алматы, Астана қалаларының емес, сонау батыс өңірдегі команда ойын­шыларының әлемдік деңгейде өнер көрсетуінің қандай құпиясы бар?

– Ешқандай да құпиясы жоқ. Оның басты себебі, Атырау облысында мүге­дектер спортына жасалған айрықша қамқорлық дер едім. 2008 жылы облыс әкімінің қаулысымен облыстық мүгедек спортшылар клубы құрылған. Бапкерлікпен қатар сол спорттық клубтың директоры қызметін де атқарамын. Содан бергі уақытта дене мүмкіндіктері шектеулі спортшыларға жағдай жасау жоспарлы түрде қолға алынды. Қазақстан республикасы бойынша мүгедек спортшыларға арналып салынған спорттық кешен тек Атырауда ғана бар. Қазіргі кезде 154 мүгедек спортшы сол ғимаратта тұрақты түрде жаттығады. Отырып ойнау волейболы, үстел теннисі, пауэрлифтингі, жеңіл атлетика, жүзу, арбада билеу, садақ ату, мылтық ату және зағип жандар үшін тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат сияқты спорттың 11 түрімен айналысуға толық жағдай жасалған. Есту қабілеті төмен жандардың мини-футболы бар. Облыс бойынша 164 мың мүгедек бар десек, соның арасында спортпен шұғылданғысы келетіндер аз емес. Келем деушілерге спорт ғимаратының есігі әрдайым ашық. Клуб жұмысы да жыл сайын ілгерілеп жатыр. Қаражаттан зәрулік жоқ. Клубтың өз балансында 4 шағын автобус бар. Спортшылардың жаттығуға уақытында келіп-кету қиындығы шешімін тапқан.

Егер жағдай жасалса, спорттық нәтижелердің де жоғарылап сала беретіні ешқандай құпия емес. Кезінде біз бір тиын ақы алмай-ақ облыс намысы үшін жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жүруші едік. Осы күні атыраулық волейболшылар ай сайын айлық алады. Басқа облыстарда, 20-30 мың теңге көлемінде берілсе, Атырау облысы өз ойыншыларына 150 мың теңгені ай сайын тұрақты түрде төлеп отыр. Жігіттерімізде еш алаңдаушылық жоқ. Осының бәрі біздің команданың үздік шығуына себепкер ғой.

– Алдағы жоспарларыңызды ор­таға салсаңыз.

– Жоспар өте көп қой. Талай жылғы еңбектің нәтижесінде Қазақстан волейболы қайтадан еңсе көтере бастады. Әлемдік деңгейде ойнауға жетті. Енді оны бұдан әрі дамыту керек. Халықаралық жарыстарға жиі шығып жүрміз. Қазір шет мемлекет спортының назары ауа бастады. Бізге «Ең болмағанда халықаралық турнир неге өткізбейсіңдер?» деп жиі айта бастады. Шынында да отырып ойнау волейболынан біздің елде ірі жарыстарды неге өткізбеске? Тиісті орындарға осы ұсынысымызды айттық. Бұйыртса, келер жылы Астана қаласында Азия чемпионатын өткізу жоспары бар.

Реті келгенде айтып өтейін, осы күні командаға жас ойыншыларды алсақ дейміз. 15-16 жаста, ұзын бойлы, бұрын спортпен, волейболмен шұғылданған болса тіпті жақсы. Егер біздің талап үдесінен шығып жатса, 4-5 жасты қабылдауға мүмкіндігіміз бар. Атырауда жатын жері, жағдайы жасалады. Тіпті, тұрақты жалақысы болады. Ұлттың намысы үшін талапты жастар табылып жатса, өзім де қолымнан келген көмегімді аямас едім.   

 – Инчхондағы паразиялық ойын­дарда нәтиже қандай болмақ? Ко­ман­даңыз бабында ма? Басты қарсы­ластарыңыз кімдер?

– Ойыншылардың бабы жаман емес. Астанадағы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына» алғысымыз шексіз. Осы орталықтың ұйымдастыруымен жақында Алматыда және Бурабайда оқу-жаттығу жиындары өткізіліп, жігіттердің қапысыз дайындалуына жақсы мүмкіндіктер жасалды.

Азия ойындарына осал команда бармайды. Иранның, Қытайдың, Жапонның волейболшылары біздің басты қарсыластар. Мақсат – паразиялық ойындарда кемінде екінші орынға табан тіреу. Сөйтіп, 2016 жылғы Паралимпиада жолдамасына қол жеткізсек дейміз. Бірақ, бұл оңай-оспақ міндет емес. Бәсекелестік өте күшті. Осы күні әлем бойынша отырып ойнау волейболы қатты даму үстінде. Бразилия волейболшыларының ойламаған жерден әлем чемпионатында күміс медалді иеленуі соның бір айғағы.

Дегенмен, біздің жігіттер намысты қолдан бермеуге тас-түйін бекінген. Жеңіс туын желбіретіп, ұлтымыздың мерейін көтеріп қайтсақ деген үміттеміз.

– Алла тағала абыройлы ора­лу­ларыңызды нәсіп еткей!

– Рахмет!

Сұхбаттасқан
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

12 + sixteen =