Батыста Азон атты азамат бар

…Азон Нұрмұханұлының бастан кешкен қилы тағдыры туралы әңгімелерін сағаттап тыңдадық. Тұтас баяндасақ, шағын мақала емес, кемі бір кітаптың жүгі. Тыңдап отырып, «Алла тағала пендесінің басына бір қиындық берсе, сол қиындыққа төзетін күш-жігер мен қайратты қоса береді» деген хадис еске түсе берді. Сондай бір құдіретті қуат берілмесе, оның тартқан тауқыметіне екінің бірі шыдар ма!

Қазақстанда тұңғыш ұйымдасқан оралдық арбамен баскетбол ойнау командасы

Қазақстанда тұңғыш ұйымдасқан оралдық арбамен баскетбол ойнау командасы

Рас, бұл күнде оралдық кәсіпкер Азон Нұрмұханұлы Шаймерденовті сырт адамдар  төрт құбыласы түгел азамат деп санайды. Шынында ол дәулетті адам. Мінгені қымбат «джип». Оралдың көшесімен ойқастап жүретінін ылғи көреді. Өткен жылы ғана Оралдың бір спорт залын 2 миллион теңгенің құрал-жабдығымен толтырып тастағанын да жерлестері жақсы біледі. Спорттық жарыстарды жиі ұйымдастырып, соған өзі  демеуші болатыны тағы белгілі. Паралимпиада саласында танылған спортшы. Ұлттық паралимпиадалық комитеттің облыстық филиалының директоры. Үйлі-баранды. Төрт баланың әкесі. Ұлдарының алды боз кілемде белдесіп, қол күресінен жеңімпаз атанып жүр. Бірақ, бұл жұрттың білетіні ғана. Ал, білмейтіні қаншама? Сіз де оқып көріңіз. Азонның пешенесіне жазылған тағдыры қандай болған?

КҮРТ ӨЗГЕРГЕН ТАҒДЫР

…Азон Оралдың іргесіндегі Тасқалада туып-өсті. Шыр етіп дүние есігін ашқанда әкесі қойған есімі – Азан еді. Ел қатарлы оқыды, жігіт болды. Атадан сегіз ағайынды еді. Буырқанған қайраты бойға сыймай жүрген шақ. Ол кезде Маңғыстаудың милиция қызметкері болатын. Қылмыстық істерді жедел іздестіру бөлімінде істейді. Қайнап жатқан сала. Айтылған тапсырма, берілген бұйрықты орындамай тыным табу жоқ. Жиырма бестің жалыны кеудені кернейді. Таңды таңға ұрып жүргенде шаршау-шалдығу ойға кіріп шықпапты. Алдына қойған мақсаты биік. Күндер, айлар, жылдар дәл солай заулай беретіндей көрінетін. Жоқ, олай болмады. Кезекті қылмыстық топты құрықтау кезінде апатқа ұшырап, өртенген көлік ішінде қалып қойды. Есінен танып қалған. Әйтеуір, көрер жарығы үзілмепті. Ауруханада есі кіресілі-шығасылы болып жатқанда естігені «Мынау тірі қалатын адам емес. Жарты денесі күйіп кеткен. Дәлізге шығарып тастаңдар» деген дәрігердің қатал үкімі. Енді бір есін жиғанда қалтырап тоңып дәлізде жатыр екен. Бар қайратын жиып ышқына айғайлаған. Айғайладым дегені күбір-сыбыр болыпты. Дес бергенде, медбикелердің бірі байқап қалған. Қасына таяп келгенде «тоңдым, тоңып жатырмын» деп жалынып және талықсып кетеді. Тағы бір көзін ашқанда сақалды хирург темірдей шапалақпен жағынан ұрып тұр. «Кімсің? Кімің бар? Телефонын айт» дейді. Қалай екені есінде жоқ, досының телефонын айтып үлгеріпті. Келер күні өз-өзіне келгендей болған. Жансақтауда жатыр. Таныс дәрігердің айтқаны: «Екі аяқ пен жамбас еттің бәрі жанып кеткен. Бір аяқ сүйекке дейін күйіпті. Енді соны қалай емдеу керектігі қарастырылып, зерттеліп жатыр»…

АЗОН ТАРТҚАН АЗАПТАР

Сөйтіп, күні кеше ғана шарқ ұрып жүрген жігіт жалғыз-ақ күнде төсекке таңылды. Бұл 1993 жыл. Ел тұрмысының да жадау тартқан шағы ғой. Екі айдан астам уақыт өтті. Жаздың кезі еді. Күйген аяқ енді сасып жатыр. Адамның өз дене мүшесінің сасығанын өзі сезуден жаманы жоқ екен. Қасына келген дәрігерлер де жылдам кеткенше асық болады. Бір жағынан тәулік бойы жанға батқан аурудың азабы бар, екінші жағынан енді мүгедек болып қаламын-ау деген ой жегідей жеп, құр сүлдері қалды. Тіпті, соңғы жағында «не де болса, тезірек аяқталса екен осының бәрі» деп тілейтін болды. Сондықтан шығар, дәрігерлердің кеңесе келе «сол аяғыңды тізеден жоғары кесеміз, ал, оң аяғыңды емдейміз» дегеніне ойланбастан келісе кетті.

Ақыры сол аяқ кесілді. Ал, оң аяқты аман қалдыру үшін жасаған дәрігерлердің емі тіпті сұмдық болды. Аяқ бұлшық еттері түгел күйіп кеткен. Енді соны қалпына келтіру жолы екеу. Бірі – жаңа туған сәбидің «шілтері», яғни, шарана ішінде мыңнан бір балада кездесетін жұқа қабықша. Соны аяққа ораса, ет өспек. Бірақ, ол шілтері түскір жуық арада табыла ма? Екіншісі – адамның өз терісін сойып алып, аяққа қаптау. Онда да тәжірибе ретінде жасалмақшы. Тірі қалмаққа құштарлық күшті, амалсыз келіскен-ді.

Сонымен дәрігерлер тәуекелмен іске кірісті. Қатарынан бес мәрте ота жасады. Ұлы денедегі жарамды тері сылынып алынды. Арқа мен қарында сау-тамтық жоқ. Терісін сыпырып, аяққа жапсырып жатыр. Бір кісіге бестен артық «наркоз» жиі-жиі берілсе ақыл-естен ауытқып кету қаупі бар. Соны ескерткен дәрігерлер, соңғы жағындағы ем-домның бәрін «наркозсыз» жасап шықты. Азонның бұған дейін көрген қиындығы соның қасында дәнеңе болмай қалды. Нағыз азап – теріні уколсыз тігіп, уколсыз жібін суыру екен ғой. Сондай сәтте шыбын жаны көзіне көрінердей шырылдайтын-ақ еді. Бірақ, төзбеске амалы жоқ-тұғын. Бір ғажабы, уақыт бәрін де ұмыттырады екен…

АҚЫЛ МЕН ҚАЙРАТ ДОС БОЛДЫ

Түсіне кілең тау баспалдағымен жүгіріп жүргені кіретін. Тезірек тұруға асық болды. Дес бергенде, дәрігерлер тәжірибесі түгел сәтті аяқталып, жаздың соңында ауруханадан шықты. Дереу Алматыға ұшып, сол аяғына протез жасатып қайтты. Тасқалаға барып, туған топырағында азырақ аунап-қунады да Маңғыстауға оралды. Енді милиция қатарына қайта қосылмасы анық. «Күзет саласында қалдырайық» деген олардың ұсынысынан өзі бас тартты.

Тағдыр деген осы екен. Айналасы үш-төрт айдың төңірегінде бүтін тірлігі төңкеріліп түсті. «Ұлы Отан ардагерлеріне теңестірілген ІІ топтағы мүгедек» атанды. Енді не істемек керек?  «Мүгедек болдың, бәрі бітті» деген ой көкірегін жегі құрттай кеміріп жүр. Кімге арқа сүйемек, кімнен демеу күтпек? Ойланды, толғанды, бекінді. Абай атасы: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» деп айтпаушы ма еді? Бар сенері – ақыл мен қайрат екен. Аллаға тәуекел етіп, сауда жасауға бел буды. Жеті атасы айналысып көрмеген кәсіп. Қазір ғой, жеке сауда ешкімге таңсық емес. Ал, ол кезде жұрттың шошына қарайтын жұмысы. Қоғамның кеңестік тұрмыстан арылмаған кезі. Жатпай-тұрмай жанығып жүріп Ақтау қаласында алғашқы болып жеке дүкен ашты. Тиынды-тиынға қосып жүріп, біраз қаражаттың басын құрады. 1994 жылы шаңырақ көтеріп, отау тікті. Алмас, Тимур, Елдар, Артур атты төрт ұл сүйді. Баспанаға қолы жетті. Сол кезде жанын жұлып беруге даяр достар қандай көп? Әсіресе, Азон, Шәкірт, Бауыржан үшеуі жұп жазбай жүрер еді. Маңғыстаулықтар бұл үшеуін көрсе «АШБ» тобы келе жатыр» деп әзілдейтін. Бауыржан Тахауов досы бұл күнде «Атырау» мүгедектер спорт клубының басшысы, отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрама командасының бас бапкері.

ЖАНҒА МЕДЕУ БОЛҒАН СПОРТ

Азон жас кезінде спортпен аз шұғылданған жоқ-ты. Каратэмен айналысты. Футбол мен волейболды да жаман ойнамаған. Суға жүзуге құмар еді. Сондықтан сауда жасап бастағанда, спортқа да бір бүйрегі бұрып тұрды. Сұрастырып көрсе, шынында да мүгедектер спорты бар екен. Құлышев Нұралы есімді замандасы отырып ойнайтын волейбол командасына шақырды. Барды, көрді. Көрді де құлшына кірісті. Сол 1994 жылы-ақ Алматыда өткен спартакиадаға қатысушылар қатарына ілікті. Әлі мүгедектікке үйренісе алмай, әр нәрседен көңіліне кіді алып, қоңылтақсып, қорланыңқырап жүрген кезі еді. Алматыға жиналған небір мүгедек спортшыларды көргенде бірден тәубеге келді. «Мен олардың қасында дені сау кісідей екенмін ғой» деп ширығып қайтты. Содан бері спорттан қол үзбеді. Жаттығуда аянбай тер төкті, ойынға жан-тәнімен берілді.

Батыс Қазақстан облысының отырып ойнау волейбол командасы

Батыс Қазақстан облысының отырып ойнау волейбол командасы

Нәтижесінде 2000 жылы отырып ойнау волейболынан спорт шебері атанды. Қазақстан құрама командасына енді. 2002 жылы Оңтүстік Кореяның Буссан қаласында өткен Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері болды. Спорттың арқасында сан жыл ел таныды, жер көрді. Волейболдан 11 дүркін чемпион және пауэрлифтингтен 10 дүркін чемпион, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 2011 жылғы қысқы Азия ойындарында эстафеталық алауды алып жүру құрметіне ие болды.

Соңғы жылдары шәкірттері де үздіктер қатарынан көріне бастады. Төрт шәкірті Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, алты шәкірті Қазақстан спорт шебері атағын иеленді.

«ЕР ТУҒАН ЖЕРІНЕ»

2012 жылы Азон Маңғыстаудан туған өңірі Оралға қоныс аударды. Қазақта «Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне» деген тәмсіл бар.  Елуге келген жасымда атажұртқа тұрақтайын деп шешті. Мұнда да қол қусырып жүре алмады. Азырақ орнығып алған соң, осы өлкеде паралимпиада өрісін кеңейтпекке құлшынып шықты. Алғашқыда мүгедектерді спортқа тарту үшін ерінбей-жалықпай үйлеріне барып үгіттеп жүрді. Спорт саласы мамандарына да маза таптырмады. Сәті түскенде облыс әкімінің қабылдауында болып, мүгедектер спортын дамытуды өтініп, уәдесін алды.

Азон Нұрмұханұлы пауэрлифтинг жаттығуында

Азон Нұрмұханұлы пауэрлифтинг жаттығуында

Оралды шарлап спорт залға қолайлы мекен іздеді. Ақыры, «Ақ жайық» футбол клубы жаттығатын залды оңтайлы көріп, басшыларымен келісті. «Біздің мүгедек спортшылардың жаттығуына рұқсат берсеңдер, мына залды құрал-жабдықтармен толтырып беремін». Басшылар талабына келісті, бірақ, мұның ұсынысын елеусіз қалдырды. Сірә, «өзі мүгедек кісі бізге не бере қояр дейсің» деп ойлаған болар. Азон уәденің адамы. Кәсібінен түскен кірістің бетіне қараған жоқ. Үш күнде 2 миллион теңгенің спорттық жабдықтарын әкеліп, залды аузы-мұрнынан шығарды. Есесіне, күні бүгінге дейін оралдық сексеннен астам мүгедек-спортшылар сол залда тегін жаттығып, мәре-сәре. Оралда арбамен ойнайтын баскетбол командаларын құрып, тұңғыш бәсекесін ұйымдастырды. Арбамен баскетбол ойнау жарысы Оралдан өзге Қазақстанның еш өңірінде әлі өткен жоқ.

МАҚСАТЫ – ТАҒЫ ДА ЧЕМПИОН АТАНУ

Отырып ойнау волейболынан 2002 жылғы Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері, волейболдан 11 дүркін, пауэрлифтингтен 10 дүркін Қазақстан чемпионы Азон Шаймерденов

Отырып ойнау волейболынан 2002 жылғы Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері, волейболдан 11 дүркін, пауэрлифтингтен 10 дүркін Қазақстан чемпионы Азон Шаймерденов

Азон баптаған оралдық отырып ойнау волейбол командасы аз уақытта республикалық чемпионатта алтыншы орынға тұрақтады. Пауэрлифтингпен айналысқан шәкірттер көрсеткіші де тәп-тәуір. Бірақ, оған осы спортта ала алмай қалған үлесі бардай көрінеді де тұрады. Толғана келіп биыл тағы да бағын сынап көрмекке бел буды. Мұның да өзіндік сыры бар. Сонау жылдары пауэрлифтингпен біршама жыл шұғылданды. Жүз келі салмақта алғашқыда 85 келіні зорға көтерген Азон аз уақытта 135 келіні аспанға атып, мамандарды таң қалдырды. Ол аз болғандай 2009 жылғы чемпионатта 165 келіні оп-оңай көтеріп, төрешілер көңіліне тіпті күмән салып қойды. «Бұл мүмкін емес, сен былтыр ғана 135 келіні әрең көтергенсің. Бір жылда 30 келі қосу ешқашан болмаған оқиға. Сен өзі қалай даярланып жатырсың? Не ішесің?» деп қадала сұрады. «Ет жеймін, қымыз, шұбат ішемін» деп жауап берді. Өзінің неше жылдан бері шебелік жетілдіру мақсатындағы ізденістерін, кеңес тұсында жасалған бағдарламаларды тауып жаттығатынын айтып жатпады. Алтын медальды жарқыратып Маңғыстауға оралды.

Азияда эстафета алауы Азонда

Азияда эстафета алауы Азонда

Содан осы күнге дейін түсінбейтіні, неше рет Қазақстан чемпионы атанса да кейінгі ешбір жарыстарға шақырту алмағаны. Бос жаттығумен талай уақытты өткізді. Бертінде тіпті сиреткен. Енді пауэрлифтингпен айналысуды қайтадан қолға алды. Мақсаты – тағы да чемпион атанып, өз шеберлігін дәлелдеу.

Міне, батыс өңірде Азон атты осындай қажырлы азамат бар. Басынан өткерген тағдырын там-тұмдап айтып өттік. Біздің діттегеніміз – өмірдің қиындығына жігері жасымаған, кеудесі басылмаған қайратты қазақты сіздер де біле жүрсін деген ізгі ниет еді.

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

three × 2 =