Еліміздің паралимпиадашылары абыроймен оралды

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласындағы «Мунхак» стадионында ІІ Азия параойындарының салтанатты жабылуы болып өтті. Осы бәсекеде Қазақ елінің спортшылары 7 алтын, 6 күміс, 11 қола медаль иеленді. Азия параойындарының қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 11-орынға табан тіреді.

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында 18-24 қазан аралығында өткен ІІ Азия параойындарының додасы мәресіне жетті. Мүгедек-спортшыларымыз уәделерінен тайған жоқ. Азуы алты қарыс мемлекеттердің саңлақтарымен өнер жарыстырып, тайталасып келгенде намысты қолдан бермеді.

Өткенге көз жүгіртсек, 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен алғашқы Азия параойындарында Қазақстан құрамасы 23 орыннан аса алмай, жалғыз алтынға зар болып қайтқан еді. Ал биылғы ойында Инчхон қаласы қазақстандықтарға құт болып дарығандай. Екінші Азия параойындарында бәсеке 23 спорт түрі бойынша өтті. Бес күн бойы тоғыз спорт түрінен бақ сынаған бауырларымыз алтын, күміс, қола медальдарды уыстап алды. Арбамен билеуде Ардақ Отарбаев, Айдана Бегленова, Қарлығаш Тынабековалар ешкімнен осал соққан жоқ. Жеңіл атлетикада Аманат Қалқаев барын салып жүріп, қос қоланы алып шықты.

Отырып ойнайтын волейболшыларымыз жүлделі орынға ілікпесе де, атағының өзінен  үркетін Иран командасымен тіресті. Қытайлықтармен қаржасты. Иракты тығырыққа тіреді. Жапония мен Моңғолия командаларын ойнап жүріп ұтты. Егер әділіне келсек, біздің волейболшыларымызды жүлде алмады деп кіналаудың жөні жоқ. Төртінші орынның өзі аз жетістік емес.

Бір ғана мысал, қазақстандықтарды ұтып, меселін қайтарған ирандықтар бұған дейін қатарынан сегіз дүркін әлем чемпионы, паралимпиада жеңімпазы атанған. Одан қалды, Иран елінде отырып ойнайтын волейболдан табаны күректей 130 команда бар. Азияға сол 130 команда арасынан топ жарып шыққандар келді. Қазақстанда бар-жоғы 8 команда. Ал енді арғы жағын өзіңіз-ақ пайымдай беруіңізге болады.

Соңғы жылдары Азия бәсекесінде Қазақстан құрамасының дәл осылай олжалы оралған кезі есімізде жоқ. Әсіресе, жүзу сайысында жүзіміз жарқын жүрді. Жалғыз Әнуардың өзі  бес алтын, үш күміс, екі қола медальді жұлып түсті. Зүлфия Ғабидуллина,  Дмитрий Ли де осы сайыста бір-бір бас жүлдеге ілікті. Сонымен қатар, эстафеталық жарыста Әнуар Ахметов, Бекжан Есіркепов, Әлібек Уақпаев және Андрей Афанасьев кешенді жүзуден бір рет және еркін жүзуден бір рет чемпион атанды. Сөйтіп, Ахметов Әнуар бауырымыз ІІ Азия параойындарының бес дүркін чемпионы болды.

Ал дзюдо, теннис, мылтық ату, садақ ату және пауэрлифтинг сайыскерлеріне  жүлде бұйырмады. Тек жеңіл атлетика бәсекесінде Аманат Қалқаев 200 метрлік жарыста екі мәрте қола жүлдеге қол жеткізді.

Сөйтіп, 7 алтын, 6 күміс, 11 қола медальды қанжығаға байлаған Қазақ елі жарыс қорытындысы бойынша 11-орынға табан тіреді.

ІІ Азия параойындарында жүлдені күреп алған Қытай спортшылары болды. Олар 317 медаль олжалап, ІІ Азия параойындарының жеңімпазы атанды. Ал, 2-орынды Оңтүстік Корея, 3-орынды Жапония иеленді.

«Дуо-стандарт» сайысында күміс жүлдегер атанған Ардақ Отарбаев пен Қарлығаш Тынабекова.

«Дуо-стандарт» сайысында күміс жүлдегер атанған Ардақ Отарбаев пен Қарлығаш Тынабекова.

ІІ Пара Азия ойындарына қатысушы Толғанай Төребек пен Талғат Аманбай.

ІІ Пара Азия ойындарына қатысушы Толғанай Төребек пен Талғат Аманбай.

ІІ Пара Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Аманат Қалқаев.

ІІ Пара Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері Аманат Қалқаев.

Оңнан солға қарай: ІІ Пара Азия ойындарының бес алтын медалін олжалаған Әнуар Ахметов, майталман бапкер Владимир Загородний және «Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» директоры Қыдырбек Рысбек.

Оңнан солға қарай: ІІ Пара Азия ойындарының бес алтын медалін олжалаған Әнуар Ахметов, майталман бапкер Владимир Загородний және «Дене мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» директоры Қыдырбек Рысбек.

ІІ Пара Азия ойындарының жеңімпаздарын Алматы әуежайынан салтанатпен қарсы алу сәті.

ІІ Пара Азия ойындарының жеңімпаздарын Алматы әуежайынан салтанатпен қарсы алу сәті.

 

Төлеген Жәкітайұлы

1 пікір

  1. Karlygash

    10.02.2015 at 00:25

    Өзіміз жайлы көріп, оқып отырмыз, Қуантады. Біздің мәртебемізді тағы да бір көтеріп қояды. Осы сайт және жеке Төлеген Жәкітайұлы ағаның еңбектеріне мың да бір алғыс.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

6 + 1 =