«FAZAA-ның» қазаны қайнап жатыр

Төрткүл дүние көз тіккен Дубайдағы паралимпиадашылар бәсекесі қызып жатыр. «FAZAA» халықаралық жарысында бірнеше әлемдік рекордтар жаңарды. Халықаралық Паралимпиада Комитетінің «Гран-при» жүлдесінің кімге бұйыратыны ертең белгілі болады.

Руфат Хабибуллин

Қола жүлдегер Руфат Хабибуллин

Паралимпиадашылар додасы күн сайын қыза түсуде. Жеңімпаздармен қатар рекорд жасаушылардың есімі күн сайын әйгіленіп қалады. Мысалы, Тунис жеңіл атлеті Валид Ктила төртінші мәрте өз рекордын жаңартты. Веложарыстан Паралимпиада чемпионы, бірнеше дүркін әлем чемпионы Валид саңлақ бұл жолы Т-33/34 класы бойынша 100 метрлік қашықтықта өз бәсекелестері араб Мұхаммед Хаммади мен швейцариялық Боян Митичті тағы да шаң қаптырып кетті. Көрсеткен уақыты – 15,47 сек.

Дубай төрінде бұдан басқа да рекордтар орнады. Сауд Арабиясының өкілі Хани Алнахли F33 класында ядро лақтырудан дара шықса, ирактық атлет Кован Абдулрахым  F41 класында найзасын бәрінен алысқа қадап, әлем рекордын жаңартты. Бұл алғашқы үш күндегі қорытындылар нәтижесі. Мүмкіндігі шектеулі жандардың қайсарлығынан туындап жататын мұндай рекордтар саны әлі де көбейе түсері сөзсіз.

Қазақстан паралимпиадашылары әлемдік рекорд жаңартпаса да, ішінара жүлделі орындарды иеленуде. Қазақстандық диск лақтырушы Алексей Лукутиннің  16,88 метрлік көрсеткіші алғашқыда әлемдік рекорд деп саналса да, бірақ, жарыстың қорытынды есебінен көрініс таппады.

Жарыстың үшінші күнгі қорытындысы бойынша Қазақстан қоржынына барлығы 4 күміс, 6 қола медаль түсті. Рас, біздің жеңіл атлетшілер әзірге алтын медальға қол жеткізе алмай тұр. Бірақ, бәсекенің соңына дейін бас жүлденің де бұйырып қалуы ғажап емес. Біз бұған дейін Аманат Қалқаев, Нұрлыбаев Мағжан және Алексей Лукутиннің жетістіктерін назарға ұсынған болатынбыз. Енді соңғы екі күннің қорытындысын жариялап отырмыз. Ертең жарыстың аяқталар күні. Спортшыларымыздың нәтижесі төмендегідей:

Нұрлыбаев Мағжан – күміс медаль (200 метрге жүгіруден. – 0:25,82 сек.)
Нұрлыбаев Мағжан – қола медаль (ұзындыққа секіруден – 4 м.88 см.)
Салимов Ислам – күміс медаль (200 метрге жүгіруден. – 0:24,19 сек.)
Салимов Ислам – қола медаль (400 метрге жүгіруден. – 0:53,58 сек.)
Харламов Сергей – күміс медаль (200 метрге жүгіруден. – 0:28,02 сек.)
Тайжанова Айнұр – қола медаль (ядро лақтырудан – 6 м.76 см.)
Хабибуллин Руфат – қола медаль (100 метрге жүгіруден. – 0:13,32 сек.)

Бибігүл Ізбасарова,
ДМШТАСДО-ның әдіскері

1 пікір

  1. Karlygash

    27.02.2015 at 11:56

    Бәрекелді! Тек қана алға! Жетістіктерің құтты болсын!

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

four × 2 =