Иранның саңлақ командасы


Азия құрылығында алдына қара салмай тұрған қазіргі Иран волейболшылары әлемдік бәсекедегі бұрынғы атақтары үшін жан сала даярлануда. Бұл команда 2008 жылы Бейжің паралимпиада ойындарында алтын жүлдені жеңіп алған, Афины (2004) мен Лондонда (2012) күміс медальға  қол жеткізген.  Енді ирандықтар 2016 жылы бас бәйгені олжалаудан үмітті. 2014 жылғы Пара Азия ойындарында Бауыржан Тахауов баптаған Қазақстан құрама командасын сүріндірген  дәл осы Иран командасы болатын.

Әйгілі Иран отырып ойнау волейбол командасы.

Әйгілі Иран отырып ойнау волейбол командасы.

Негізінде Иран елінде паралимпиадашылар волейболы ерте дамып, үздіктер қатарына да ерте қосылды. Бұл мемлекетте отырып ойнау волейболының тез дамитын да жөні бар. Иранда табаны күректей 130 отырып ойнайтын волейбол командасы өз чемпионаттарында тайталасып жатады екен. Салих Рамазан баптайтын Иран құрамасы сол қалың команда арасынан суырылып шыққан саңлақтардан тұрады. Команданың негізін Мазандран провинциясының жігіттері құрайды. Жоғарыдағы атақтарды Иранға алып берген осы өңір жігіттері. Әйтпесе, ирандықтар паралимпиада ойындарында бірнеше дүркін жеңімпаз атанған-ды. Атап айтқанда, Иран командасы Сеул (1988), Барселона (1992), Атланта (1996), Сидней (2000) паралимпиада ойындарында түтінін үзбестен төрт мәрте чемпион атанды. 2008 жылы және бір рет жеңімпаз болды. Қазіргі күнде Иранның нақты қарсыластары Босния мен Герцогвина командалары. Сонымен қатар, Бразилия, Германия, Қытай командалары да жеңісті қолдан бермесі анық.

Бас бапкер Бауыржан Тахауов баптайтын Қазақстан құрама командасы.

Бас бапкер Бауыржан Тахауов баптайтын Қазақстан құрама командасы.

Иран саңлақтары баяғы «шаппай бер» жетістіктерін қайталауды арман етеді. Осындай азуын айға білеген командамен терезесі тең ойын көрсетіп жүрген Қазақстан құрамасындағы атыраулық азаматтарды жігіттердің сұлтаны десек, жарасатын сияқты. Сонау жылдары біздің жігіттердің жеңілмейтін ирандықтарды атынан аударып кеткен де кезі болған. Волейболшы азаматтарымыз қайраттарына мінсе 2016 жылғы Паралимпиада ойындарында олжа салуы еш ғажап емес.

Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі.

 

1 пікір

  1. Айнур

    24.12.2015 at 22:27

    Жарайсындар. Намысты қолдан бермеңдер, әрдайым.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

12 − four =