IV паралимпиада ойындары мәреге таяды

Осы күндері Павлодар қаласында ұйымдастырылған IV Паралимпиада ойындарының бәсекесі қарқын алып тұр. Төрт жылда бір рет өткізілетін аталмыш спорт додасында еліміздің барлық өңіріндегі атақты паралимпиадашылар бақ сынауда.

Республикалық паралимпиада ойындары болған соң, бұл бәсекеден біздің әйгілі паралимпиадашылырымыздың ешқайсысы тартынып қалмаған сыңайлы. Күні кеше Алматы қаласында өткен Ашық Азия чемпионатында жүлдегер атанған пауэрлифтинг шеберлері Ақжол Жарылғапов, Раушан Қойшыбаева, Гүлбану Әбдіхалықова, Нәдіржан Хамруллаев, бір ай ілгеріде Әлем чемпионатының қола медалін иеленген жүзушілер Әнуар Ахметов пен Зүлфия Ғабидуллина, арбамен билеуден Пара Азия ойындарының күміс жүлдегері Ардақ Отарбаев пен қола жүлдегер Нарғыз Ахметовалар осы дүбірлі доданың көрігін қыздырып жүр. Халықаралық жарыстарда топ жарған спортшыларға елішілік бәсекеде озып шығу қиын ба? Сондықтан болар, есімдері аталған паралимпиадашылар өз өңірлері командаларына алтын жүлдені уыстап алып беруде.

Ал, ойын барысына келсек, 21 тамыздағы жарыс қорытындысы бойынша алдыңғы орынға Алматы қаласының командасы шықты. Екінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысының командасы, ал, үшінші орынды астаналықтар иеленіп тұр. Алда тағы бір күнгі бәсеке бар. Командалық бас бәйге қай өңірдің қанжығасына байланатыны тамыздың 23 күні белгілі болады.

«tagdyr.kz» ақпараты

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

seven + two =