Спорт туралы заң – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Спорт туралы заң

Қазақстан Республикасының Заңы

Дене шынықтыру және спорт туралы № 228-V ҚРЗ
10.07.2014
Осы Заң Қазақстан Республикасында дене шынықтыру және спорт саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейдi, бұқаралық дене шынықтыру, әуесқой және кәсiпқой спорт қызметiн қамтамасыз етудiң және оларды дамытудың құқықтық, ұйымдық, экономикалық және әлеуметтiк негiздерiн айқындайды.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) ардагер спортшы – спорттық мансабын аяқтаған жоғары дәрежедегі спортшы;
2) әуесқой спорт – жеке адамдарға спорттық шеберлiгiн жетiлдiруге және әртүрлі спорт түрiнде жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкiндiк беретiн бұқаралық спорт қозғалысы;
3) бейімдік дене шынықтыру және спорт – мүгедектерді оңалтуға және қалыпты әлеуметтік ортаға бейімдеуге, олардың толыққанды өмірді сезінуіне кедергі келтіретін психологиялық тосқауылдарды еңсеруіне, сондай-ақ қоғамның әлеуметтік дамуына өзінің жеке үлес қосуының қажеттігін сезінуіне бағытталған спорттық-сауықтыру сипатындағы шаралар кешені;

26) мүгедек спортшы – тыныс — тiршiлiгінің шектелуiне әкеп соқтыратын аурулардан, жарақаттардан, олардың салдарларынан, кемiстiктерден организм функциялары үнемі бұзылып, денсаулығы нашарлаған және спорттың қолжетімді түрімен (қолжетімді түрлерімен) айналысатын жеке адам;

14-бап. Паралимпиадалық қозғалыс, Сурдлим­пиадалық қозғалыс, Арнайы олимпиадалық қозғалыс, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер
1. Паралимпиадалық қозғалыс, Сурдлимпиадалық қозғалыс, Арнайы олимпиадалық қозғалыс мақсаты мүгедектердің дене шынықтыру мен спортын дамытуға жәрдемдесу, көрсетілген салада халықаралық ынтымақтастықты нығайту, Паралимпиадалық ойындарға, Сурдлимпиадалық ойындарға, Халықаралық арнайы олимпиадалық ойындарға қатысу болып табылатын тиісінше халықаралық паралимпиадалық қозғалыстың, халықаралық сурдлимпиадалық қозғалыстың, халықаралық арнайы олимпиадалық қозғалыстың бір бөлігі болып табылады.
2. Паралимпиадалық қозғалысты, Сурдлимпиадалық қозғалысты, Арнайы олимпиадалық қозғалысты қызметін Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктер туралы заңнамасына, тиісті халықаралық спорт ұйымдарының жарғыларына сәйкес және халықаралық спорт ұйымдарының тануы негізінде, сондай-ақ өздерінің жарғыларына сәйкес жүзеге асыратын паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер басқарады.
3. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер тиісінше Паралимпиадалық ойындарда, Сурдлимпиадалық ойындарда, Халықаралық арнайы олимпиадалық ойындарда, Халықаралық паралимпиадалық комитет, Халықаралық сурдлим­пиадалық комитет және Халықаралық арнайы олимпиадалық комитет аясында өткізілетін басқа да халықаралық спорттық іс-шараларда спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын (спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командаларды) білдіреді.
4. Паралимпиадалық, сурдлимпиадалық, арнайы олимпиадалық спорт түрлері бойынша қоғамдық бірлестіктер өздерінің алдында тұрған жарғылық міндеттерін орындауды өзінің қаржыландыру көздері, демеушілік көмек, жеке және заңды тұлғалардың ерікті қайырмалдықтары есебінен, сондай-ақ белгіленген тәртіппен бөлінетін бюджет қаражаты есебінен іске асырады.

Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңының 12-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар мүгедектер мен ақыл-есі және дене қимылы мен қозғалысы шектеулі адамдар үшін арнайы дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық орындар жұмысын жолға қоюға, сондай-ақ жалпы пайдаланудағы спорттық имараттарда мүгедектердің дене шынықтырумен және спортпен шұғылдануына жағдайлар жасауға тиісті.