Паралимпиада тарихы туралы не білеміз?

Паралимпиада ойындары күні кеше басталған бәсеке емес. Сондықтан бір сәт оның тарихына да үңіліп көргенді жөн көрдік.

Мүгедектер спортын дамыту ғасырдан астам уақыт бұрын қолға алынған. Білікті дәрігерлер сонау XVIII-XIX ғасырларда-ақ «мүгедектікті оңалтудың ең тиімді тәсілі – үздіксіз қозғалыс» деген тоқтамға келген. Содан бастап  оларды спортқа икемдеудің бастапқы қадамдары басталады.

1888 жылы Берлин қаласында алғаш  рет саңыраулардың спорттық  клубы ашылған. Ал,  “Саңырауларға арналған олимпиадалық ойындар” ең бірінші 1924 жылы тамыз айында Парижде ұйымдастырылыпты. Осы жылы саңыраулардың халықаралық спорт комитеті құрылады.  Оған  Бельгия, Ұлыбритания, Голландия, Польша, Франция, Чехословакия, Италия, Румыния, Венгрия спортшылары қатысып, жеңіл атлетика, велоспорт, футбол, мылтық ату және жүзуден бәсекеге түскен. Бұл ойын әр төрт жылда бір ұйымдастырылып, кейіннен жиырмадан астам мемлекеттің басын қосыпты. Есту қабілетінен айырылғандар жарысындағы бір ерекшелік, төрешілер міндетті түрде көрінекті белгілерді қолданған. Мысалы, старттық белгіге лаулаған отты пайдаланыпты.

«Сток-Мандевилдік» ойындарының негізін салушы профессор Людвиг Гуттман.

«Сток-Мандевилдік» ойындарының негізін салушы профессор Людвиг Гуттман.

Ал, тірек-қозғалыс мүшелері зақымданған мүгедектерді спортпен шұғылдандыру екінші дүнежүзілік соғыстан кейін қолға алынған. Дәлірегі, 1944 жылы ағылшындардың Сток-Мандевил қаласындағы омыртқа-жұлын жарақаттарын емдеу орталығы спорттық жаттығуларды кешенді емдеудің міндетті бөліміне енгізеді. Оның негізін салушы профессор Людвиг Гуттман. Осы профессордың ұйытқы болуымен 1948 жылғы Ұлыбританиядағы Олимпиада ойындары кезінде «Сток-Мандевилдік» ойындары қатар өткізіліпті. Содан бастап бұл ойын Нидерланд, Германия, Швеция, Норвегия мемлекеттерінің мүгедектері арасында спорттық мереке ретінде жыл сайын ұйымдастырылған. Тек садақ атудан басталған мүгедектер спортының түрі бірте-бірте көбейеді.

ТАРИХИ ФОТО www-tagdyr-kz1956 жылғы Мельбурн олимпиадасында «Сток-Мандевилдік» ойындарды ұйымдастырушыларға үлкен құрмет жасалған. Ақыры, 1960 жылғы Рим Олимпиадасында алғаш рет І жазғы паралим­пиа­далық ойындар өткізіліп, оған әлемнің 23 елінен 400 спортшы қатысып, жеңіл атлетика, семсерлесу, баскетбол, садақ ату, жүзу, үстел теннисі  сияқты сегіз спорт түрі бойынша бақ сынайды.

Тек 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасында ғана «Бізде мүгедектер жоқ» деп кеңес одағы басшыларының қыңырлануынан паралимпиадашылар бәсекесі өтпей қалған. Кешегі Лондон олипиадасында паралимпиада алауы ХIV рет тұтанды. Жазғы спорт түрлерінің саны жиырмадан астам. Лондонда 166 мемлекеттің 4 200 спортшы-мүгедектері бақ сынады. Солардың арасында қазақстандық 7 спортшының болғанын да еске сала кетелік.

Міне, Паралимпиада жазғы ойындарының бастау тарихы бетінен қалқып айтқанда осындай. Ал, тереңірек үңілсек тіпті ұзақ. Тағы бір нақтылай кететін тұс, осы ойындардың атауы. Мысалы, паралимпиада – тірек-қозғалыс және көру мүшелеріне зақым келгендерге арналған спорттық ойын болса, ал, сурдолимпиада – есту органдарына зақым келгендер арасындағы бәсеке. Бұдан басқа, ақыл-ой мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар арасындағы арнайы олимпиадалық ойын бар. Сондай-ақ, мүгедек спортшылар арасында Әлем чемпионатының, Әлем кубогының, Пара Азия ойындары мен Азия-Тынық мұхит ойындары және түрлі халықаралық турнирлердің, универсиада мен спартакиадалардың тұрақты ұйымдастырылып тұратынын да айтып өткеніміз артық болмас.

Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

five − 4 =