Пауэрлифтинг чемпионаты өтті

Талдықорған қаласында пауэрлифтингтен Қазақстан чемпионаты болып өтті. Бұл сайысқа еліміздің 15 өңірінен тоқсанға жуық паралимпиадашы қатысып, тоғыз спортшы еліміздің рекордын жаңартты. Жігіттерге қарағанда қыздарымыздың қайраты қабындап тұр екен.

пауэрлифтингг-2015 

ҚАЗАҚСТАН РЕКОРДЫ ҚАЙТА-ҚАЙТА ЖАҢАРДЫ

Зілтемірді шалқалап жатып көтеруден, яғни, пауэрлифтингтен ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатының биылғы жылғы ерекшелігі сол, елішілік рекорд қайта-қайта жаңарды. Әсіресе, ерлер арасындағы бәсекеде зілтемірді қаңбақша атқан темір білектілер саны көп болды. Мысалы, салмағы бар-жоғы 49 келі тартатын Ернат Қосмұханов өз салмағынан екі есе, дәлірегі 105 келіні көтеріп, талайға таңдай қаққызды. Салыстыра өтсек, сол салмақтағы алматылық Захар Буймов 50 келіден асыра алмады. Молдан Нұржанның көтерген 95 келісі оны жасөспірімдер арасында ел рекордшысы атандырды. Сондай-ақ, Жарылғапов Ақжолдың да нәтижесі жасөспірімдер рекорды деп саналды. Ал, ересектер арасында Спатилов Серік (97 кг) 155 келіні, Хамруллаев Нәдіржан (80 кг) 175 келіні, Хамаев Рахметжан (72 кг) 165 келіні, Жакиен Жанет (88 кг) 170 келіні бағындырып, рекордшылар қатарынан орын алды. Батыс Қазақстан облысының бетке ұстар бас пауэрлифтингішісі Азон Шаймарданов 107-ден жоғары салмақта Қазақстан чемпионы атанды.

пауэрлифтинг-2-2015Қазақстан рекордын жаңарту әйелдер арасындағы бәсекеде де аз болған жоқ. Қыздарымыздың қайраты қабындап тұр екен. Атап айтсақ, Қойшыбаева Раушан (67 кг) 100 келіні, Асқарова Кәбира (50 кг) 83 келіні, Әбдіхалықова Гүлбану (55 кг) 87 келіні көтеріп, ел рекордын жаңартты.

КІМНЕН ЖЕҢІС КҮТЕМІЗ?

Әрине, Қазақстан рекордын жаңарту жап-жақсы жаңалық. Қыруар еңбек, өлшеусіз төгілген маңдай тердің нәтижесі. Бірақ, біздің пауэрлифтингішілеріміздің көтерген зілтемір салмағы халықаралық жарыстар нәтижелерінің қасында жіп есе алмайтынын ұмытпағанымыз жөн. Мысал келтірсек, біздің рекордшымыз Спатилов Серік 155 келіні зорға көтерсе, оның салмағындағы әлем рекорды – 235 келі, Азия рекорды – 232 келі. Құраманың белді спортшысы Вадим Дукарттың (98 кг) биылғы бағындырғаны 170 келі. Ал, бұл салмақта да халықаралық жарыс көрсеткіші 230 келінің үстінде тұр. Сырт жерде ел намысын қорғайды деп үміттенетін Қадыров Еркебұлан (75 кг) бауырымыздың өз салмағындағы Азия рекордының 236 келі екенін есте ұстағаны абзал. Еркебұланның елішілік чемпионаттағы биылғы нәтижесі – 147 келі ғана болды.

Ал енді салмақтап көріңіз. Қазақстан рекорды мен Азия рекордының арасы жер мен көктей. Арада кемінде 60-70 келі айырмашылық жатыр. Мұндай салмақтағы зілтемірді біздің азаматтар қай уақытта бағындырады? Бапкерлер жігіттердің білек күштерін еселеп арттыратын амалды жақын арада таба ала ма? Егер таба алмаса, шет елдерде өтіп жататын пауэрлифтинг жарыстарына қазақстандықтардың қайта-қайта қатысуының қандай пайдасы бар? Әлем мен Азия зілтеміршілерінің нәтижелеріне қарап отырып, осындай ойлардың туындауы заңды ғой…

АЛМАТЫДА АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТЕДІ

Енді екі айдан соң, дәлірегі шілде айында пауэрлифтингтен Алматы қаласында паралимпиадашылар арасындағы Азия чемпионаты ұйымдастырылмақшы. Қазақстан жігіттерінің деңгейі белгілі болды. Қайта оларға қарағанда қыздарымыздың көрсеткен жетістігі көңіл қуантарлықтай екен. Мысалы, құрама команданың бетке ұстар білектісі Кәбира Асқарованың Азиядағы қарсыластары 99 келіден асыра алмапты. Ал, ол күні кеше 83 келіні еркін еңсерді. Айырмашылық 16 келі ғана. Кәбира енді бір ширықса азиялық қарсыластарымен иық тірестіріп қалар деп үміттенеміз. Сондай-ақ, біздің команданың белді спортшылары Гүлбану Әбдіхалықова мен Раушан Қойшыбаеваның да биылғы Азия чемпионатында үштікке ілініп қалуы әбден мүмкін екен. Бірақ, жігіттеріміздің жоғарыдағыдай нәтижелермен жүлдеге қол жеткізе қоюы екіталай. Ащы да болса шындық осы…

ДМШТАСДО-нан Қазақстан чемпионатына қатысқан спортшылардың нәтижесі төмендегідей:

Серік Спатилов (96 кг) – 155 келі – 1 орын.
Еркебұлан Қадыров (75 кг) – 147 келі – 2 орын.
Нәдіржан Хамруллаев (80 кг) – 175 келі – 1 орын.
Жанет Жакиен (88 кг) – 170 – 1 орын.
Егор Болингер (82 кг) – 138 келі – 3 орын.
Вадим Дукарт (98 кг) – 170 келі – 1 орын.
Ахметжан Хамаев (71) – 165 келі – 1 орын.
Айбек Әбжан (63 кг) – 130 келі – 1 орын.
Нұржан Молдан (58 кг) – 95 келі – 2 орын.
Арман Атейбеков (54 кг) – 115 келі – 1 орын.
Ернат Қосмұханов (49 кг) – 105 келі – 1 орын (Қаз-н рекорды).
Елнұр Қашқынов (49 кг) – 78 келі – 4 орын.
Захар Буймов (49 кг) – 50 келі
Қойшыбаева Раушан (67 кг) – 100 келі – 1 орын (Қаз-н рекорды).
Кәбира Асқарова (50 кг) – 83 келі – 1 орын (Қаз-н рекорды).
Гүлбану Әбдіхалықова (55 келі) – 87 келі – 1 орын (Қаз-н рекорды).
Гүлдана Нұралиева (50 кг) – 33 келі – 3 орын.
Олеся Барошкина (45 кг) – 50 келі – 1 орын.
Ирина Филянова (41 кг) – 45 келі – 2 орын.
Ольга Прокопишина (50 кг) – 57 – 2 орын.

Әйгерім Қалиева,
ДМШТАСДО-ның әдіскері

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

eighteen − 8 =