Польшада жасалған үздік жетістік

Желтоқсанның алғашқы онкүндігінде Польшаның Шецин қаласында өткен ашық чемпионатында қазақстандық жүзушілер 59 медальды олжалап қайтты. Бұл паралимпиадашыларымыздың биылғы жылы көрсеткен ең үздік нәтижесі деп саналады. Тіпті, бір жарыстан 23 алтын, 13 күміс, 23 қола медаль ұтқан жетістікті біз бұрын-соңды паралимпиада тарихынан кездестірген жоқпыз.

Польша ашық чемпионатында бақ сынаған жүзушілер мен бапкерлер.

Польша ашық чемпионатында бақ сынаған жүзушілер мен бапкерлер.

Қазақстан жүзушілер құрамасының бас бапкері Саттар Бейсембаевтың жолы оңтайлы екен. Жарысқа баптап апарған он спортшысының арасында алтын медаль алмағаны некен-саяқ.  Бұған дейін әлемдік жарыстарда сан мәрте жеңімпаз атанған саңлақ жүзушілер астаналық Әнуар Ахметов пен тараздық Зүлфия Ғабидуллинаның бұл жолғы көрсеткіштері тіпті ерекше.  Әнуар Ахметов Польша чемпионатының 6 алтын медалын қанжығасына байласа, Зүлфия Ғабидуллина табаны күректей 10 алтын медальды талассыз ұтқан. Сонда, қазақстандықтар олжалаған барлық 23 алтын медальдың (3 алтын медаль эстафеталық жарыс нәтижесінен) жартысынан артығы Әнуар мен Зүлфияның еншісінде болып шықты.

Шецин қаласында өткен додада бұл саңлақтар қатарына қазақстандық тағы бір жаңа есім қосылды. Ол шымкенттік жүзуші Роман Ағалақов. Ағалақов баттерфляй әдісімен жүзуде 50 метрді 27.10 секундта жүзіп өтіп, алтыннан алқа тақты және Роман осы жетістігімен  «А» нормативін орындады. Салыстыру үшін айтып өтсек, баттерфляй әдісімен жүзудегі осы қашықтықта Әнуар Ахметов  үш мәрте бақ сынап, үшеуінде де көрсеткішті 28.48 секундтан өзгерте алмаған. Ал, Роман Ағалақовтың көрсеткіші –  27.10 секунд…

Сонымен, Қазақстан құрамасының қоржынына түскен 59 медальға кім қанша үлес қосты? Паралимпиадашыларымыз мерейлене жүрсін деген мақсатта, қолымызда бар деректі назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Әнуар Ахметов – 6 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль;

Зүлфия Ғабидуллина – 10 алтын, 1 күміс, 1 қола медаь;

Роман Ағалақов – 1 алтын, 4 күміс, 5 қола медаль;

Мансұрбек Ибрашев – 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль;

Наталья Звягинцева – 2 алтын, 4 қола медаль;

Асқар Қуаныш – 1 күміс, 1 қола медаль;

Дмитрий Ли –  1 күміс, 3 қола медаль;

Андрей Афанасьев – 2 күміс, 2 қола медаль;

Сергей Кинах – 1 қола медаль;

Алина Дубинина – 2 күміс, 3 қола медаль;

Эстафеталық жарыстан – 3 алтын медаль.

Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

1 + eleven =