Спорт саласына арналған Алқа мәжіліс өтті – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Спорт саласына арналған Алқа мәжіліс өтті


13 қыркүйекте  Жапония астанасы Токиода өткен ХХХІІ жазғы Олимпиада мен XVI жазғы Паралимпиаданы қорытындылауға, Қазақстан құрамасының Бейжіңде өтетін ХХIV қысқы Олимпиадаға дайындығын пысықтауға, балалар мен бұқаралық спортты дамытуға арналған Мәдениет және спорт министрлігінің Алқа мәжілісі өтті.

Жиналысқа Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас хатшысы Андрей Крюков, Ұлттық Паралимпиада комитетінің Бас хатшысы Ерлан Сүлейменов, барлық облыс пен республикалық маңызы бар қаладағы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, спорт федерациялары мен Министрлікке бағынысты мекеменің басшылары қатысты.

ХХХІІ жазғы Олимпиаданың қорытындысы бойынша Андрей Крюков, Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек Мықтыбеков, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Гюзель Манюрова баяндама жасады.

Андрей Крюков өз баяндамасында егжей-тегжейлі талдаумен бөлісіп, онда құрамалардың сәтсіз өнер көрсетуінің негізгі себептерін атады. Жан-жақты қорытынды жасай келе, аталған проблемаларды шешу жолдарын ұсынды.

Ерлан Сүлейменов Токиодағы тарихи жетістік еліміздегі паралимпиадалық қозғалысты жандандыратынын, қазірдің өзінде өңірлер бойынша спортпен шұғылданғысы келетін азаматтардың қатары еселеп көбейгенін жеткізді.

«Бүгін біз елімізде Паралимпиада спортының қарқынды дамуының куәсі болып отырмыз. Біз мемлекеттің спортты дамыту саласындағы саясатын толық қолдаймыз және паралимпиадалық қозғалысты толыққанды дамыту үшін барлық қажетті жағдайды жасап отырғанына сенімдіміз. Токиодағы көрсеткіштен кейін бізге хабарласып, спортпен шұғылданғысы келетінін айтқан жандар көбейді. Ендігі жұмыс осы азаматтарға лайықты жағдай жасау»,-деді.

Қазір еліміздегі спорт қоғамдастығы өкілдерінің алдында осы саладағы бірқатар мәселені шешу бойынша күрделі міндеттер тұр. Ал қысқа мерзімде іске асыруға тиіс міндеттің бірі – ұлттық құраманы келер жылы өтетін Бейжіңдегі қысқы Олимпиадаға дайындау. Осы тақырыпта Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов ұлттық командалардың қысқы Олимпиадаға дайындығы жайлы есебі тыңдалды.

Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Аталған тапсырманы орындау барысында жергілікті жерлердегі спорттың даму жағдайы туралы Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиев, Алматы қаласы Спорт басқармасының басшысы Рүстем Байсейітов, Маңғыстау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев баяндама жасады.

Рүстем Байсейітов атап өткендей, Алматыда Халықаралық жеңіл атлетика ұйымы (IAAF) әзірлеген Kids Athletics бағдарламасы жүзеге асырылуда (жергілікті бюджеттен қаржыландырылады). Бағдарлама бүкіл әлемде таралған және балаларды жеңіл атлетикаға тартуға бағытталған. Kids Athletics жаттығу сабақтары жеңіл атлетиканың барлық пәнінің негіздерін: спринтерлік жүгіру, эстафеталар, найза мен доп лақтыру, спорттық жүру, ұзындыққа және сырықпен секіру негіздерін қамти отырып, ойын-жарыс форматында өткізіледі. Жобаның мақсаты – кәсіби спортқа көшу үшін дарынды жастарды анықтай отырып, 6 жастан 15 жасқа дейінгі балалар үшін қолжетімді бұқаралық спортты дамыту.

Маңғыстау облысында бұқаралық спортты дамыту бойынша әлеуметтік жобаларды қолдауға бағытталған «Біздің ауламыздың чемпиондары» жобасы іске қосылды. Оған 64 спортшы қатысады. 14 мыңға жуық бала спортпен шұғылданады. Жоба 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған.

Ел астанасында да қызықты жобалар іске қосылды. Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық спорт түрлерінің орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Биыл «Арқа ALAN» ұлттық спорт түрлері орталығы ашылды (орталық сол жағалауда, «Жағалау» ауданында, Қ.Мұхамедханов пен Ш. Айтматов көшесінің қиылысында орналасқан). Онда балалар қазақ күресі, асық ату, бес асық, тоғыз құмалақ және шахмат сынды спорт секциясына тегін қатыса алады. Орталық жобамен 600-ге жуық баланы қамтуды көздеп отыр.

Еліміздің білім беру ұйымдарында білім алушыларды спортпен айналысуға тарту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Білім беру мекемелерінде бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыс бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі: оқушыларды бұқаралық спорт түрлерімен қамту мониторингі; мектептерді спорт залдарымен қамтамасыз ету; спорттық жабдықтармен және кадрмен қамтамасыз ету. Бұқаралық спорттың бұл бағыты өскелең ұрпақтың денсаулығын нығайтуға қызмет етіп қана қоймай, жасөспірімдер мен жастар арасындағы көптеген әлеуметтік мәселені шешеді. Бұл жайлы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының директоры С.Садықов айтты.

Жиын соңында сөз алған Ақтоты Райымқұлова елімізде дене шынықтыру және спорт саласын дамыту, халықаралық спорт ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту, медициналық-биологиялық қамтамасыз ету сапасын арттыру, жергілікті жерлерде спорт резервін тәрбиелеу, спорт инфрақұрылымын жақсарту, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін, салауатты өмір салтын насихаттау және бұқаралық спортты дамыту бойынша міндеттерді орындаудың маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар биыл көктем мен жазда өткен Қазақстан Республикасының V жастар ойындарында үздік нәтиже көрсеткен өңірлерді марапаттады. Бұл бәсекеде Алматы қаласының командасы жеңіске жетсе, Шымкент қаласы екінші, Алматы облысы үшінші орын алды.

Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/mcs/press/news/details/255118?lang=kk

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

19 + fifteen =