Теңдесі жоқ сұрмерген

Әлемде теңдесі жоқ сұрмерген осы жігіт. Садақты жалғыз аяқпен-ақ ұстап, садақтың кірісін тісімен тістеп тартып, жебесін нысанаға дөп тигізуде одан озған мерген болған емес. Оның есімі де, мына фотобейнесі де бұл күнде жер жаһанға әйгілі болып тұр. Ол 33 жасар америкалық мерген Мэтт Штуцман.

Америкалық садақшы-мерген Мэтт Штуцман.

Америкалық садақшы-мерген Мэтт Штуцман.

Американың Канзас-сити қаласында 1982 жылы желтоқсан айында дүниеге екі қолсыз келген Мэтт өсе келе қажырлы, қайратты азамат болып жетілді. Қатарларынан қалыспай жүріп, екі аяғымен-ақ талай шаруаны өзі тындыруға дағдыланды. Жігерлі жігіт жүргізуші куәлігін екі жыл соттасып жүріп иеленіп, ақырында көлігін өзі жүргізетін болды. Кейіннен шаңырақ көтеріп, екі баланың әкесі атанды.

Мэтт Штуцман 2011 жылы АҚШ-тың садақ атушылар құрама командасына қабылданған. Содан бері Мэтт мерген үздік жетістіктерге жете бастады. 2012 жылғы Лондон паралимпиадасында алғаш рет әлем рекордын жаңартты. Сол уақыттан бері оның алдына шыққан мерген болған жоқ.  Қазіргі кезде оның есімі әлемге мәшһүр болды. Жақында Мэтт өзінің туған күні қарсаңында тағы да жанкүйерлеріне таңдай қаққызды. Дәлірегі, 10 желтоқсанда Мэтт Штуцман алыс қашықтықтағы нысананы қапысыз көздеп, өз рекордын жаңартты. Бұл жолы ол 310 ярд (50 метр шамамен 55 ярд) қашықтықтағы нысанаға жебесін дөп қадады. Мэтт Штуцманның бұл жетістігі Гиннестің рекордтар кітабынан даусыз орын алмақшы. Мэттің өзі болса: «Енді 2016 жылғы Рио-де Жанейро паралимпиадасының алтынын алғашқы болып мен алуға міндеттімін» деп ашық мәлімдеуде.

Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі

 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

1 × four =