3 маусым күні «Аспан» спорт кешенінде көру органдары зақымдалған спортшылар арасында пара дзюдодан Спартакиада аясында өткен жарыс аяқталды. Еліміздің 14 өңірінен 100-ден астам палуан бозкілемде он салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті.
Бұл жарыстың басты мақсаты – елімізде көру органдары зақымдалған тұлғаларға пара дзюдо спорт түрін насихаттап, спортқа баулып, салауатты өмір салтын насихаттау.
«Жарыстың жалпы командалық есебі бойынша, бірінші орынды 438 ұпай санымен Алматы (3 күміс, 8 қола), екінші орынды 380 ұпаймен Атырау облысы (10 алтын), ал үшінші орынды 334 ұпай көрсеткішімен Астана қаласы (4 алтын, 2 күміс,3 қола) алды»,-деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар арасындағы спорттық дарлау орталығының пара дзюдо спорт түрінің команда басшысы Дәулет Болғанбай.
Айта кетейік, Спартакиада 29 маусымға дейін Астана, Тараз, Көкшетау, Өскемен қалаларында және Алматы облысында жалғасады.