Қазақстандық пара спортшылар халықаралық жарыста топ жарды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Қазақстандық пара спортшылар халықаралық жарыста топ жарды


Бангкокте (Тайланд) тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара пауэрлифтингтен қазақстандық спортшылар Бангкок–2026 Азия-Мұхит аймағы чемпионатында 16 алтын, 14 күміс және 5 қола медаль еншіледі.

«Пара пауэрлифтингтен Азия-Мұхит аймағы чемпионатында 23 елден 249 спортшы сынға түсуде. Бұл жарыста Қазақстан тарапынан 28 спортшы бақ сынайды. Аталған дода қазан айында өтетін Азия пара ойындарына рейтингтік ұпай сандарын береді. Сонымен қатар, бұл чемпионат Паралимпиада ойындарына қатысу құқығына таласу үшін міндетті жарыстардың бірі болып табылады. Атап айтқанда, бұл жарыстың тағы бір ерекшелігі – спортшыларға үздік нәтиже және үш салмақтың жиынтығы бойынша жеке медальдар табысталады. Сондай-ақ, жарыс Азия және Мұхит аймағы чемпионаты мәртебесіне ие болғандықтан, екі аймақ бойынша бөлек медальдар беріледі. Соның нәтижесінде әр спортшының медаль алу мүмкіндігі екі еселенеді»,-деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының пара пауэрлифтингтен команда басшысы Ұлан Ануар.

Қазақстандық спортшылардың нәтижелерін ұсынамыз:

45 кг салмақ дәрежесінде Снежанна Бойко жастар арасында үздік нәтиже (78 кг) және үш салмақтың жиынтығы бойынша (227 кг) 4 алтын медаль жеңіп алды.

Айжан Беримкулова  (45 кг) үздік нәтиже (98 кг) және үш салмақтың жиынтығында (290 кг) 4 күміс медаль иеленді.

Тұрсынай Қабыл (41 кг) үздік нәтиже (99 кг) және үш салмақтың жиынтығы бойынша (291 кг) бойынша 4 күміс медаль жеңіп алды.

Гүлім Курманбаева (50 кг) үш салмақтың жиынтығында   (302 кг) қола жүлдегер атанды.

Ерлер арасында 49 кг салмақ дәрежесінде Фархат Мутунов  ересектер  мен жастар арасында үш салмақтың қосындысы (445 кг) және жастар арасында үздік нәтиже (150 кг)  бойынша 6 алтын медаль жеңіп алды.

Алибек Нұраш  (49 кг) жасөсіпірмдер  арасында үздік нәтиже (85 кг) мен үш салмақтың қосындысында (232 кг) 4 алтынға ие болды.

Ерболат Карибай (49 кг) үздік нәтиже (157 кг ) бойынша 2 қола медаль жеңіп алды.

Ернур Жаманов (54 кг)  жастар арасында үш салмақтың жиынтығында  (308 кг) 2 алтын және үздік нәтиже бойынша (106 кг) 2 күміс медаль жеңіп алды.

Станислав Шакиев (59 кг) үш салмақтың жиынтығы бойынша қос күміс медальді иеленді.

Али Галимулин (59 кг ) жастар арасында үш салмақтың жиынтығы бойынша ( 315 кг ) қос күміс және  үздік нәтиже бойынша ( 108 кг ) қос қола  медаль жеңіп алды.

Айта кетейік, аталмыш бәсеке 7-12 сәуір аралығында өтеді.

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

six + ten =