ЕРҒАЛИ ШАМЕЙ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

ЕРҒАЛИ ШАМЕЙ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ


Бүгін, 17 – ші қараша күні пара дзюдодан XVII жазғы Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шамей А.Байтұрсынов атындағы «Binom school» мектебінің оқушыларымен кездесіп, “Спорт нашақорлыққа қарсы” тақырып аясында нашақорлыққа қарсы профилактикалық әңгіме өткізді.

Кездесудің басты мақсаты – оқушыларды Париж – 2024 Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ерғали Шамеймен таныстыру, жас буын арасында салауатты өмір салтын насихаттау. Пара спортшыны кеңінен таныстыру арқылы жас ұрпаққа мотивация беріп, қоғамда инклюзивтілік пен теңдікті насихаттау көзделді.

Ерғали Шамей жас ұрпаққа өз тәжірибесімен бөлісіп, есірткіге қарсы тұрудың маңыздылығы мен табандылықтың арқасында спорттағы жетістіктерге жету жолын түсіндірді.

Шара барысында Ерғали Шамей пара спорттағы жетістіктерінің артында тұрған қажырлы еңбек пен ерік-жігер жайлы айтып, оқушыларға ақыл-кеңестерін берді.
Оқушылардың бірі Ерғали Шамейден: “Спорт өмірге қаншалықты әсер етеді?” деген сұрақ қойды. Спортшы бұл сұраққа:
“Спорт тек денсаулыққа ғана емес, рухани дамуға да үлкен әсер етеді. Нашақорлық – болашаққа деген сенімін жоғалтатын қауіпті жол. Спорт пен салауатты өмір салты – зиянды әдеттерге қарсы ең мықты қару. Спорт мені табандылық пен тәртіпке үйретті, сол сияқты сендер де өмірде дұрыс жолды таңдап, үлкен жетістіктерге жете аласыңдар,” – деп жауап берді.

Оған қоса, кездесу барысында пара дзюдошының өміріне негізделген Dala cinema киностудиясының «Үміт сәулесі» атты қысқа метражды фильмі көрсетілді.
Шара соңында мектеп ұстаздары пара спортшыға алғыс хат табыстап, мектеп шәкірттерімен естелікке фотоға түсті.

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

19 − thirteen =