Бүгін Алматы қаласында тірек-қимыл аппараты және көру мүшесі зақымдалған ересектер арасында пара жеңіл атлетикадан ел чемпионаты басталды. Чемпионаттың ашылу салтанаты Алматы қаласының орталық стадионында өтті. Іс-шараға Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы, Алматы қаласының спорт басқармасы және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Алматы» спорт клубының өкілдері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Елімізде пара жеңіл атлетика спортында бәсекелестік өте жоғары. Қазіргі таңда елмізде бұл спорт түрімен 500-ден астам адам айналысады. Осындай ел біріншіліктерінде жетістікке жеткен спортшылар алдағы уақытта ұлттық құрама сапына іріктелуіне мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта 149 спортшы ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайды. Жалпы ұлттық құраманың нәтижелері өсіп келеді. Мысалы алғанда биылғы Паралимпида ойындарына ел спортшылары тұңғыш рет 4 лицензияға ие болып, оның ішінде ядро серпуден Дастан Мұқашбеков қола жүлдегер атанды. Осындай спортшыларымыздың жетістіктері чемпионатқа қатысушы спортшыларға үздік нәтиже көрсетуге жаңа серпін беріді деп ойлаймын», – деді пара жеңіл атлетикадан еліміздің бас жаттықтырушысы Тахир Мамашаев.
Айта кетсек, пара жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты 18-21 қазан аралығында өтеді. Жарысқа еліміздің 19 өңірінен келген 200-ге жуық пара атлет, жүгіру, ұзындыққа секіру, найза, ядро мен диск лақтыру дисциплиналары бойынша бақ сынайды.