Пара пауэрлифтинг – елімізде қарқынды дамып келе жатқан спорт түрі. Бұл спортта қазақстандықтар халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, үлкен биіктерден көрінуде. Пара пауэрлифтинг спортын өз тағдырымен байланыстырып, бар ғұмырын арнаған спортшыларымыздың бірі – Ольга Прокопишина. Ол спортшыдан бастап, Паралимпиада ойындарының халықаралық төрешісіне дейінгі жолын абыроймен жүріп өтті. Бұл жетістік баршаға шабыт сыйлап, спорт адамға шексіз мүмкіндіктерді беретіндігін, табандылық пен мақсатқа ұмтылу адамның өмірін түбегейлі өзгерте алатынын айқын көрсетеді.
Ольга, сіздің спорттағы жолыңыз қалай басталды?
Мен Қарағанды облысының Теміртау қаласында дүниеге келдім. Отбасымда әкем мен ағам бар. Өкінішке қарай анам мен 14 жасымда болғанда қатерлі дерттен дүниеден өтті. Сол кезден бері әкемнің қамқорлығымен өстім. Балалық шағым қиындықтар мен сынақтарға толы болды. Мен балалардың церебралды сал ауруы диагнозымен дүниеге келдім, сол себептен балалық шағымды сауықтыруға арнап, көп уақытым оңалту-санаторийлері мен ауруханаларда өтті. Бес жасқа дейін жүре алмадым. Ол кезде ата-анам менің денсаулығымның жақсаруына көп күш пен қаржы жұмсады. Солардың тынымсыз еңбегінің арқасында мен аяққа тұрдым. Сондай-ақ бұған анамның қатал мінезі әсер етті десем де болады. Мені әрдайым бос жүргізбей, ем-дом мен жаттығуларды уақытылы орындауды қадағалап отырды. Ол кезенде өмірім нағыз спорттық режимде өткендей – күнделікті жаттығулар мен медициналық процедуралардан тұратын. Сондықтан жастайымнан спортты емдік құралы ретінде ғана қабылдап, аса ұнатпайтынмын.
Паралимпиадалық спорт түрлері туралы алғаш рет оқушы кезімде мектепте спорт мұражайында гид болып жұмыс істеп жүргенде таныстым. Елімізге үлкен жарыстардан медальдарды кім және не үшін алғанын зерттей отырып, спортқа жаңа көзқараспен қарай бастадым.
Ал пауэрлифтингке студенттік кезімде, институтты тәмамдауға жақындаған уақытта келдім. Ол кезде өмірім оқу мен үй шаруасынан аспайтын бір сарынды болатын. Сол мезетте күнделікті өмірімді өзгертіп, денсаулығымды нығайтқым келгендіктен спорт залына жазылдым. Онда кәсіби пауэрлифтерлер жаттығатын еді. Кейде мен де олармен қатар бірге жаттығатынмын. Бір күні сол спортшылардың жаттықтырушысы маған мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пауэрлифтинг спортына қатысып көруді ұсынды. Бірақ мен бірден бас тарттым. «Ауыр салмақ көтеру – әйел адамға жараспайды!» деп ойладым. Тек жеңіл жаттығулар жеткілікті деп есептейтінмін. Дегенмен жаттықтырушы өз ұсынысынан қайтпай, Павлодарда жақын арада жарыстар өтетіндігін және қатысушыларға барлық жағдай жасалатындығын айтты. Ол кезде мен Қарағанды мен Бурабайдан басқа еш жерде болмаған едім. Жаңа қала, жаңа жерді көру мүмкіндігі мені қызықтырып, жарысқа қатысуға бел будым. Сөйтіп, мен жаттықтырушымен екі ай бойы дайындалып, зіл темірді көтерудегі біраз техниканы үйрендім.
Павлодардағы республикалық жарысқа барғанымда, спортышларды көріп таңқалдым. Арбамен қозғалатын, ампутациясы бар спортшыларды көріп, олардың мықтылығы мен жігерлігіне тәнті болдым. Олардың нәтижелері мен үшін үлкен жетістіктей болды.Себебі менің қолымнан тек 30-40 келі салмақты көтеруге келсе, олар 70, 80, тіпті 100 келіден артық салмақты еңсерді. Мұны көріп, «Егер басқалар жасай алса, мен де жасай аламын» деп ойладым. Сол сәт өмірімнің түбегейлі өзгеруіне бет алды. Жарыстан үйге ерекше көңіл-күйде, мотивацияға толы және жетістіктерге жету мақсатымен оралдым. Содан бір менің спорттағы өмірім басталды. Қазірде төреші және жаттықтырушы болып жұмыс істеймін. Спорт маған көптеген мүмкіндік берді. Әртүрлі елдерде болдым, керемет адамдармен таныстым және құнды тәжірибе жинадым. Мысалы, өткен жылы Токио, Париж және Мексикада болдым. Егер маған 15 жыл бұрын біреу Теміртаудағы церебральді сал дерті бар қыз әлемнің арғы шетінде Мексикада болады десе, мен күліп бұған сене алмас едім. Міне қазір әлемдік жарыстарда төрелік етіп, ел жерді көріп, спортты дамытып, өз біліктілігімді шыңдап келемін.
Паралимпиада ойындарындағы төрешілікке жету жолы
Төрешілікке келу тарихыңыз қалай басталды? Бұл оңай болды ма?
Менің төрешілікке келуім де спорттағы жолым сияқты күтпеген жағдайлардан басталды. Ол кезенде мен спорт шеберлігі атағына ие болып, түрлі жарыстарда ел намысын қорғап жүрдім. Сонымен қатар, дене шынықтыру саласында екінші жоғары білім алып жатқан кезім еді.
Бурабайда пауэрлифтингтен халықаралық федерация өкілдерінің қатысуымен төрешілерге арналған арнайы курс өтетіндігін естігенде, бірден қатысқым келді. Ол курсты ұйымдастыруға мұрындық болған қазіргі таңдағы еліміздің пара пауэрлифтинтегі бас жаттықтырушысы және Қазақстандық федерация президенті Томицкий Артур Борисович еді. Сол кезде мен ол кісіге жүгінгенімде, курсқа қатысатын адамдардың саны шектеулі, бос орындар жоқ екен. Алайда кейіннен бір орын босап, маған қатысуға мүмкіндік берілді. Дайындалуға екі-ақ күнім болды. Резюмемді ағылшын тілінде жазып, қажетті құжаттарды тіркелуге жібердім де, келесі күні Бурабайға жол тарттым.
Курс өте қызықты өтті. Мен берілген тапсырмаларды барлық қатысушылардан жақсы орындап, ең жоғары ұпай жинадым. Нұсқаушымыз Джон Амос менің жетістіктерімді ерекше атап өтті. Курсты аяқтаған соң, төрешілік тәжірибем Қазақстан чемпионатында басталды. Бұл кезең оңай болмады: бір күн спортшы ретінде жарысқа қатыссам, келесі күні төреші рөлінде баға беретінмін. Кейбір қатысушылар менің төреші ретіндегі рөліме күмәнмен қарап, әзілдеп немесе тіпті реніш білдіретін. Біреу тіпті «Судью на мыло!» деп айғайлағаны да есімде. Бірақ тәжірибе жинаған сайын өз жұмысымды кәсіби деңгейде атқаруды үйрендім. Ал қатысушылардың маған деген көзқарасы өзгеріп, сенімдері нығайғандығын байқадым. Осындай қарқынды жұмыспен мен ұлттық деңгейдегі төреші атандым. Дегенмен менің мақсатым – халықаралық жарыстарда төрешілік ету болды. Бұл үшін кемінде бес шетелдік жарысқа қатысуым қажет еді. Оның үстіне барлық шығынды өзім өтеуім керек болды. Бірақ мемлекеттің, Артур Борисовичтің туыстарым мен достарымның жан-жақты қолдауының арқасында қажетті емтихандарды тапсырып, ұлттық үшінші деңгейдегі төрешіден халықаралық төреші деңгейіне дейін көтерілдім.
Емтиханнан кейін тәжірибе жинақтау үшін Дубайға бардым. Білімім мен тәжірибемді арттыра отырып, халықаралық федерацияға осы үлкен деңгейде жұмыс істеуге дайын екенімді дәлелдедім. Осылайша мен халықаралық төрешіліктің бірінші, ең жоғарғы деңгейіне жеттім. Бұл деңгейге емтихан кезінде ең жоғары балл жинауыма байланысты болды. Ол үшін мен күн-түн демей тыңғылықты дайындалып, тестілеуден өтіп, өзіммен үлкен жұмыс жасадым. Бұл жетістіктерге мен еңбек пен білімнің және күш-жігердің арқасында жеттім. Төрешілікке жету жолым оңай болған жоқ. Кейде сегіз сағаттан астам үзіліссіз тұруға немесе жүруге тура келетін. Бірақ барлық қиындықтарды еңсеріп, төрешіліктің ең жоғары деңгейіне жеттім. Содан Токио Паралимпиадасында төрелік ету құрметіне ие болдым. Төрешілер құрамына енгенімді білгенде, қатты таңқалдым. Бұл маған артылған үлкен сенім және жауапкершілік болды. Паралимпиадада пауэрлифтингтен төреші ретінде ел тарихында Қазақстанның алғашқы өкілі болып барғаныма қатты қуандым. Бұл жерде менің арманым орындалды. Мен өкіншке қарай Олимпиадаға спортшы ретінде жете алмасам да, төреші ретінде жетіп, жаңа белесті бағындырдым.
Токио Паралимпиадасы пандемия жағдайында өтті – көрермендерсіз және қатаң шектік шаралармен. Бұл ойындар үлкен спорттық мереке ретінде елестеткендей болмады. Алайда тарихи оқиғаның бір бөлігі екенімді түсіндім. Шектеулерге қарамастан, бұл тәжірибе керемет болды. Әсіресе, еліміздің мақтанышы Давид Дегтяров Қазақстанға алғашқы алтын медаль әкелгенде, ерекше сезімде бөлендім. Бақыттан жылағым келді, бірақ төреші ретінде эмоцияны көрсетуіме болмайтын еді. Токиодан кейін менің жаңа мақсатым – келесі Париж Паралимпиадасына қатысу еді. Бұл менің келесі арманыма айналды және ол орындалды. Париж Олимпиадасы дәл мен ойлағандай өтті: жарқын эмоциялар, толы стадиондар және бүкіл әлемнің бірлігі сезілді. Осындай 4 жылда бір өтетін жарыста алғаш рет көрермендерге лық толы стадион ортасында болдым. Көпшіліктің энергиясын бірден сезінесін. Осындай сәттерде трибунадағы халықтың қуаты сені шабыттандырып, алға жетелейді. Бүкіл әлем сенің жұмысыңды бақылап тұрғанын түсініп, елді лайықты түрде таныстырудың маңыздылығын сезінесін.
Сіздің спорттағы алдағы жолыңыз қандай?
Қазіргі таңда мен ұлттық құрамамен тығыз жұмыс істеймін және оның техникалық дайындығына жауаптымын. Алдағы төрт жылдағы менің мақсатым — біздің команданы әлемдегі ең техникалық тұрғыда мықты команда ету. Пара пауэрлифтингте техниканы дұрыс қолдану, жетістіктің 90% үлесін құрайды. Иә, зіл темірдің салмағы да маңызды, бірақ орындау техникасы дұрыс болмаса, төрешілер әрекетті есепке алмайды. Техниканы дұрыс орындау — бұл платформаның бағаланатын басты көрсеткіші. Сондықтан мен біздің команда Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиадаға мықты техникамен баруын қалаймын. Жаттықтырушы ретінде мен ең мықты команданы құруға тырысамын. Ал төреші ретінде одан да тәжірибелі әрі кәсіби болуды армандаймын. Алдағы мақсатым келесі Лос-Анджелестегі Паралимпиадада төрелік ету.
Мен спортшыларымызды биік шыңдардан көріп, әрдайым ел мақтанышы болуын қалаймын. Қарсыластарымыз бізді құрметтеп, жетістіктерімізге тәнті болып, тіпті аздап қорқатын дәрежеге жетсек деп армандаймын. Мәселен Париждегі Паралимпиадада біздің спортшымыз Давид барлық үш мүмкіндігін жоғарғы техникамен орындап, төрешілерден тоғыз ақ жалауын алды – әр әрекеті үшін үштен. Бұл мен үшін алтын медальдан да маңыздырақ көрсеткіш. Бұл біздің спортшымыздың техникасы ең жоғары халықаралық деңгейде екенін дәлелдейді. Паралимпиадада тоғыз ақ жалау алу — бұл таңғаларлық әрі шабыттандыратын жетістік!
Бұндай жетсітіктер әлі де көп болатына сенімдімін! Біз мұны міндетті түрде жүзеге асырамыз, өйткені бізде бірлік және нағыз командалық рух бар.