Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығында (бұдан әрі – Орталық) дамып келе жатқан спорт түрлерінің қатарында қысқы паралимпиадалық шаңғы жарысы, биатлон, пара хоккей, сурдлимпиадалық шаңғы жарысы, кёрлинг, шахмат және футзал спорт түрлері бар. Әдетте, қысқы спорт түрлерінің спортшылары үшін жаз мезгілі – қарқынды дайындық кезеңі болса, қыс мезгілі – жарыстарға толы маусым болып есептеледі. Биылғы маңызды бәсекелердің бірі – 1-2 ақпанда Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында өтетін пара шаңғы жарысынан әлем кубогы.
Әлем кубогында еліміздің намысын қорғайтын спортшылардың қатарында Ербол Хамитов бар. Ол халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2023 жылғы әлем чемпионы , 2024 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және әлем кубогтарының жеңімпазы. Пара спортшының өмір жолы – шынайы ерлік пен мықты рухтың көрінісі. Ол жас кезінде джиу-джитсу және аралас жекпе-жекпен айналысқан. Алайда, 19 жасында тізесіне тиген оқ жарақаттың салдарынан сол аяғынан айырылды. Бірақ Ербол мойымай, пара спортта өзін сынап көрді. Қысқа уақыт ішінде ол үлкен жетістіктерге жетіп, қысқы спорт түрлері бойынша қазақстандық пара спортшылар арасынан тұңғыш әлем чемпионы атанды. Біз Ерболдан алдағы әлем кубогына қалай дайындалып жатқанын толығырақ білдік.
Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында өтетін әлем кубогына дайындық қалай өтуде?
Әлем кубогының басталуына екі аптадай уақыт қалды және біз тыңғылықты дайындық үстіндеміз. Біздің спорт түрінде бәсекелестік өте жоғары болғандықтан, біз әрқашан жақсы физикалық және техникалық дайындықта болуымыз шарт. Жазда дене шынықтыру дайындығына көңіл бөлеміз, арнайы дене жаттығуларын жасаймыз, ал қыста – шаңғымен жүру және сырғанау жылдамдығына баса назар аударамыз. Аталмыш додаға біздің команда жаздан бастап дайындалды. Дене мүмкінідіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының (бұдан әрі – Орталық) қолдауымен 10 – 28 тамыз аралығында Германияда, 22-ші қараша мен 8-ші қазанда Ресейде (Тюмень облысы) және 26-шы қазан мен 8-ші желтоқсан аралығында Финляндияда оқу – жаттығу жиындары өтті
Пара биатлоннан – әлемдік рейтингте бестікке, ал пара шаңғы жарысынан – әлемнің үздік жеті спортшының қатарындасыз. Әлем кубогында басты қарсыластарыңыз кімдер?
Паралимпиадалық қысқы спортта бәсекелестік күн санап артып келеді. Жаңадан қатарға қосылған спортшылар мен жоғары деңгейде өтетін халықаралық жарыстар санының артуы пара шаңғы спорт түрінің әлемдік дәрежеде қарқынды дамып келе жатқандығының көрінісі деп білемін. Қазіргі уақытта топ бастап келе жатқан елдердің арасында Қытай, Украина және Канаданың спортшылары бар. Бұл спорт болғандықтан, бәсекелестік әрқашан болады. Жарыста қарсылас болғанымен, жарыс алаңынан тыс біздің арамызда сыйластық бар. Мықты қарсыластар арқылы спортшы өседі, тәжірибе жинайды және шыңдалады. Жетістік жолында қарсыластарыңның мықты болуы маңызды рөл атқарады.
Әлем кубогына жаңадан тактиканы қолданасыз ба? Әлде бұрын қолданған тактиканың техникасына өзгеріс енгіздіңіздер ме?
Бұл менің құпиям болып қалсын. Нәтижесін жарыстарда көресіздер.
Жарыс және жаттығу барысында сіз үшін шаңғы маулаушылардың рөлі қаншалықты маңызды? Сіздің жеке шанғы майлаушыңыз бар ма ?
Спортшының жеңісі – бұл команданың еңбегі. Көпшілік жеңіс тек спортшыға тиесілі деп ойлайды. Алайда, бұл – ауқымды және қажырлы еңбектің арқасында бірлесе жеткен нәтиже екені сөзсіз. Біздің командада екі шаңғы майлаушы бар: Рыбинцев Евгений және Васильев Виктор. Олар жазда да, қыста да бізбен бірге. Жазда – шаңғы роллерлерін жөндеп, жаттықтырушыларға жаттығу барысында көмектеседі, ал қыста – шаңғыны дайындайды. Егер шаңғы сынса, ақауын тауып, тез арада жөндейді және майлайды. Шаңғының дұрыс майлануы жеңістің 70 пайызын құрайды. Себебі, егер шаңғы техникалық жағынан дайын болмаса, спортшының мінсіз физикалық дайындығы жеңіске жеткізе алмайды.
Қысқы Паралимпиада ойындарының басталуына 1 жылдай уақыт қалды. Осы бәсекеге сіз қаншалықты дайынсыз?
Паралимпиада ойындарында жеңіске жету әр пара спортшының арманы. 2025 жылы өтетін халықаралық жарыстар қысқы Паралимпиада ойындарына рейтингтік ұпай сандарын береді. Нәтижеге жету үшін аянбай еңбек ету керек. Әлемдік рейтингтегі үздік 8 спортшы 6-15 наурыз аралығында Миланда өтетін қысқы Паралимпиада ойындарына жолдама алады.
Сіздің өмір жолыңыз, жеңістеріңіз жастарға үлгі болары сөзсіз. Жас спортшыларға қандай кеңес берер едіңіз?
Нәтижеге жету үшін берілмеу керек! Еңбек, шыдамдылық және өзіңе деген сенім ғана биік шыңдарға жетелейді. Абай атамыз айтқандай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп тұжырымдаймын.