Қазақстандық спортшы Ербол Хамитов Валь-ди-Фьемме (Италия) қаласында өткен пара биатлоннан Әлем кубогының кезеңінде күміс жүлдеге қол жеткізді. 7,5 км спринттік жарыста (Men’s Sprint Sitting) ол 19:49.3 уақыт нәтижесімен мәреге екінші болып жетті. Жарыстың жеңімпазы Қытай спортшысы Лю Мэнтао (19:42.8) атанса, қола жүлде оның командаласы Лю Цзисюйге (19:53.4) бұйырды. Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Сергей Усольцев бұл жарыста 22:51.6 нәтижесімен 15-орынды иеленді.
Айта кетсек, бұған дейін Ербол Хамитов 29 қаңтарда отырып сырғанау санатындағы спринттік жарыста +7,7 секунд айырмашылықпен канадалық спортшыға жол беріп, күміс жүлдеге ие болған еді.
Валь-ди-Фьеммедегі Әлем кубогының кезеңі 30 қаңтарда аяқталады. Одан кейін қазақстандық пара биатлоншылар 6-9 ақпан аралығында Словенияның Поклюка қаласында өтетін әлем чемпионатына, сондай-ақ 8-11 наурыз аралығында Швецияның Торсбю қаласында өтетін Әлем кубогының финалына қатысады.
Аталған жарыстар 2026 жылы Милан – Кортинада өтетін Қысқы Паралимпиада ойындарына іріктеу кезеңдері болып табылады.