Тректегі пара велоспорттан Азия чемпионатында ерлер арасындағы тандемде өнер көрсеткен Сұлтанмұрат Мералиев (пилот) пен Кенжеғұл Сейтжан (стокер) қашықтықты 11.749 уақытта бағындырып, қола жүлде үшін таласта жеңіске жетті. Алтынға таластағы финалда дистанцияны бірінші болып 11.619 секунд нәтижесімен Малайзия спортшылары аяқтаса, тайландтық спортшылар +1.892 секунд уақытымен қалыс қалып мәреге екінші болып келді.
Бұл Азия чемпионатындағы спортшыларымыздың ел қоржынына қосқан 4-ші медалі. Бұдан бұрын 4 км қашықтықтағы жарыста ерлер арасында алтын, әйелдер арасында күміс және командалық спринтте қола медаль еншілеген болатын.
Еске сала кетсек, Малайзия елінде өтіп жатқан пара велоспорттан тректегі Азия чемпионаты 27-ші ақпанға дейін жалғасады. Жарыста 16 мемлекеттен 250-ден астам спортшы өнер көрсетуде. Қазақстан тарапынан 6 спортшы бақ сынауда.