Бүгін, 3 наурызда Шымкент қаласындағы Қ.Мұнайтпасов атындағы орталық стадионда тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасында Қазақстан чемпионатының шымылдығы түрілді. Отандық пара садақ атушылар ел біріншілігінде өз мүмкіндіктерін көрсетіп, ұлттық құрама сапына іріктелу үшін бақ сынайды.
Жарысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Жетісу, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарынан келген 50-ге жуық спортшы қатысуда. Турнир нәтижесінде үздік көрсеткішке ие болған спортшылар ұлттық құрама қатарына қосылып, халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Пара садақ атудан аға жаттықтырушы Ирина Ли бұл спорттың дамуы туралы пікір білдірді:
«Қазіргі уақытта елімізде 50-ден астам спортшы пара садақ атумен тұрақты түрде айналысады. Олардың 34-і ұлттық құрама сапында, халықаралық аренада ел намысын қорғап жүр. Өткен жылы Қазақстан спортшылары алғаш рет Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді. Мұндай жоғары деңгейдегі жарыстар спортшыларға жаңа белестерді бағындыруға серпін береді,» – деді ол.
Азия чемпионатының қола жүлдегері, командалық W1 санатында өнер көрсететін Сағдат Дүйсембаев та чемпионатқа қатысып жатыр.
«Бұл жарыста 18 және 25 метр қашықтықта сынға түсіп, Жетісу облысының намысын қорғаймын. Жылдың алғашқы жарысы болғандықтан, толқу бар. Бірақ дайындық барысында көп еңбектендік, енді бар күшімді салып, мықты нәтиже көрсетуге тырысамын,» – деді спортшы.
Айта кетейік, ел чемпионаты 6 наурызға дейін жалғасады.