Ербол Хамитов тарихи жеңіспен елге оралды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Ербол Хамитов тарихи жеңіспен елге оралды


Бүгін, 13 наурыз, Астана әуежайында пара биатлоннан әлем чемпионы және Хрусталь глобустың иегері Ербол Хамитов, сондай-ақ әлем кубогының күміс жүлдегері Александр Герлиц пен Сергей Усольцев 2024/2025 маусымын сәтті аяқтап, елге оралды. Спортшыларды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің өкілдері, жанкүйерлер мен БАҚ өкілдері салтанатты түрде қарсы алды.

«Елімізге осындай тарихи жеңісті әкеліп, Қазақстанның абыройын жоғары деңгейде қорғағаныма қуаныштымын. Мені қолдаған барлық жанкүйерлерге алғысым шексіз!» – деді Ербол Хамитов.

2024/2025 маусымында қазақстандық пара биатлоншылар төрт ірі халықаралық жарысқа қатысты. Оның ішінде үш әлем кубогының кезеңі мен бір әлем чемпионаты бар. Маусым қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар, пара биатлоннан әлем чемпионы атанып, екі дүркін әлем кубогының жеңімпазы болған Ербол Хамитов жалпы есепте 1005 ұпай жинап, рейтингте 1-орынға көтеріліп, Хрусталь глобустың иегері атанды.

«Биылғы маусымда спортшылар өздерінің жоғары нәтижелерін көрсетті. Қазақстанның пара биатлоннан ұлттық құрамасы әлем кубогының жалпы есебінде 16 елдің ішінен 4-орынға тұрақтады. Біз Қытай мен АҚШ құрамаларынан озып, үздік бестікке ендік. Жеңімпаз атанған – Украина құрамасы, екінші орынды – Франция, ал үшінші орынды – Канада иеленді. Осы жетістіктерге жету жолында бізге қолдау көрсеткен Туризм және спорт министрлігіне, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына және жанкүйерлерімізге алғысымды білдіремін», – деді бас жаттықтырушы Василий Коломиец

Айта кетейік, Хрусталь глобусы – Қазақстан спорты үшін 31 жылдан кейінгі тарихи жетістік. Бұған дейін бұл марапатты Қазақстанға 1994 жылы шаңғышы Владимир Смирнов әкелген еді (1990/1991 және 1993/1994 маусымдары).

 

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

six − four =