Бүгін Щучинскте тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара шаңғы жарысынан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Жарысқа Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Алматы облыстарынан 30-дан астам спортшы қатысады.
Ел біріншілігінің ашылу салтанатына Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы директорының орынбасары Лескен Есекеев қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.
«Пара шаңғы жарысы еліміздің қысқы паралимпиадалық спорт түрлерінің арасында қарқынды дамып келе жатқан спорт түрінің бірі. Жыл сайын спортшыларымыздың деңгейі өсіп, халықаралық жарыстарда биік белестерді бағындаруда. Осыған дәлел ретінде ұлттық құраманың биылғы маусымдағы жетістіктерін келтіре аламыз. Олар 8 ірі халықаралық жарысқа қатысып, 3 алтын, 3 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды. Оған қоса ұлттық құрама әлем кубогының жалпы есебінде 16 елдің ішінен 4-ші орыннан көрініп, үздік бестікке енді. Ал, Ербол Хамитов Хрусталь глобусы иегері атанып, ел спортында 31 жылдан кейінгі тарихи жетістікке жетті. Бұл жеңістер бүкіл команданың қажырлы еңбегінің жемісі. Бүгінгі чемпионат қатысушыларға жаңа серпін беріп, болашақ жеңістерге бастау болсын!», – деді өз сөзінде.
Айта кетсек, жарыс 14-18 наурыз аралығында өтеді. Спортшылар 1 км еркін жүрістегі спринтте, 10 және 5 км қашықтықтағы классикалық жүрісте, 1 км классикалық спринтте, 10 км, 5 км және 3 км қашықтықта еркін жүрістегі дисциплиналарда өнер көрсетеді.