24-26 наурыз аралығында Тараз қаласында есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасында еркін және грек-рим күрестерінен ел чемпионаттары өтті. Жарысқа еліміздің 12 өңірлерінен палуандар қатысты. Еркін күрес: 55 кг, 60 кг, 63 кг, 67 кг, 72 кг, 77 кг, 82 кг, 87 кг, 130 кг; грек-рим күресі: 57 кг, 61 кг, 65 кг, 70 кг, 74 кг, 79 кг, 86 кг, 92 кг, 97 кг, 125 кг салмақ дәрежелері бойынша өтті.
«Чемпионаттың қорытындысы бойынша еркін күрестен жалпы командалық есепте бірінші орынды Алматы қаласы (5 алтын, 2 күміс, 2 қола), екінші орынды Жамбыл облысы (2 алтын, 4 күміс, 1 қола), ал үшінші орынды Ақтөбе облысы (2 күміс, 2 қола) алды. Грек-рим күресінен жеңіс кестесінде Жамбыл облысы (5 алтын, 2 күміс) көш бастады. Шымкент қаласының командасы күміс жүлдеге (2 алтын, 1 күміс, 1 қола), ал Жетісу облысының спортшылары қола жүлдеге (1 алтын, 1 күміс) ие болды. Турнир барысында үздік нәтиже көрсеткен спортшылар ұлттық құрама қатарына іріктеліп, алдағы уақытта халықаралық ареналарда ел намысын қорғайтын болады. Биыл 15-26 қараша аралығында Токиода жазғы Сурдлимпиада ойындары өтеді. Спортшыларымыз байрақты бәсекеде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, еліміздің абыройын асқақтатады деген үміттеміз», – деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының әдіскері Еділ Айтбаев.