23–25 мамыр аралығында Ташкент қаласында тірек-қимыл аппараты, көру органдары зақымдалған және зияткерлік даму ерекшеліктері бар спортшылар арасында пара каратэден Азия чемпионаты өтті. Жарысқа Қазақстан, Жапония, Иран, БАӘ, Өзбекстан, Үндістан елдері мен Гонконг қаласынан 40-қа жуық спортшы қатысты. Бұл жарыста ұлттық құраманың спортшылары 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Ляззат Жүсіпова мен Назгүл Ізмағамбетова Азия чемпиондары атанса, Нұржайна Жаннетова күміс жүлдеге ие болды, ал Дидар Мұхамеджанов, Азиза Ибримова, Ерлан Нұрмағамбетов және Даяна Сапарбаева қола медальдарға қол жеткізді.
«Бұл чемпионат спортшылардың әлемдік рейтингтеріне оң әсер етті. Жарыс қорытындысы бойынша Ляззат Жүсіпова мен Назгүл Ізмағамбетова әлемдік рейтингте көш бастап тұр.
Алдағы уақытта құраманың спортшылары 6 маусым күні Астана қаласында өтетін VII Спартакиадаға қатысады. Сонымен қатар, қараша айында Үндістанда өтетін әлем чемпионатына дайындық жүргізілуде. Аталмыш жарыстарда да спортшылар үздік нәтижеге қол жеткізеді деген үміттеміз»,-деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының әдіскері Абай Ахметов.