Астанада тірек-қимыл аппараты және көру органдары зақымданған спортшылар арасында өтіп жатқан VII Спартакиаданың екінші жарыс күні аяқталды. «Аспан» спорт кешенінде пара таеквондо өткен жарысқа еліміздің 14 өңірінен 80-ге жуық спортшы қатысып, керуги және пумсэ дисциплиналары бойынша сынға түсті.
«Жарыс өте тартысты және қызықты өтті. Спортшылар он салмақ дәрежесінде мықтыларды анықтады. Жалпы командалық есеп бойынша Жамбыл облысы жеңімпаз атанса, Алматы облысы екінші, ал Астана қаласы үшінші орынға ие болды», – деді Пара таеквондодан ұлттық құрама командасының басшысы Ерлан Суеуов.
Айта кетейік, VII Спартакиаданың алғашқы күні волейболды отырып ойнаудан басталған болатын. Ауқымды спорт додасы Астана, Алматы, Өскемен, Тараз және Алматы облысында 29 маусымға дейін жалғасады.