Екі Әнуар мен Ислам ерледі – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Екі Әнуар мен Ислам ерледі

Бұл күндері Оңтүстік Корейдің астанасында «IBSA» атты зағиптардың әлемдік ойындары өтуде. Осы байрақты бәсекеге біздің елдің үмітін арқалап 14 азамат аттанған еді. Бүгін Сеулден сүйінші хабар жетті. Соңғы кезде жүлде алудан Қазақ паралимпиадашыларының көш басында тұрған Әнуар Ахметов жүзу сайысында қос күміс медальді иленген. Бір күміс медальді Ислам Салимов жеңіл атлетикадан ұтқан. Ал, боз кілемде жас дзюдошымыз Әнуар Сариев қола медальға қол жеткізіпті.

Зағиптардың халықаралық спорттық ассоциациясының бас әріптерінен құрап аталған «IBSA» әлемдік зағип спортшылардың ойындары төрт жылда бір ұйымдастырылатын бәсеке. Биыл бесінші мәрте өткізілген бұл ойында спортшылар жеңіл атлетика, шахмат, футбол, голбол, дзюдо, пауэрлифтинг, шоудаун, жүзу, жұптасқан веложарыс және боулинг сынды спорт түрлерінен бақ сынауда. Қазақстан құрамасының спортшылары тек  жүзу, жеңіл атлетика, дзюдо және шахматтан сынға түседі.

Қазақстан құрама командасы Бүкіләлемдік «IBSA» ойындарының салтанатты ашылуында.

Қазақстан құрама командасы Бүкіләлемдік «IBSA» ойындарының салтанатты ашылуында.

«IBSA» ойындары паралимпиадашылар арасындағы ірі спорттық жарыстардың бірі. Дүние жүзіндегі көру қабілеті төмен спортшылардың төрт жылдық қапысыз даярлықпен   келген осындай дүбірлі доданың жүлдесіне жүрексінбей таласқан қазақ ұландарын  нағыз ер десек жарасады. Негізінде, Сеулге кілең сайдың тасындай саңлақтар аттанған еді. Бірақ, «жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» дегендей, әлемнің таңдаулы спортшылары біздің жігіттерге бас жүлдені бұйыртпай тұр.

Бүкіләлемдік «IBSA» ойындарында қос күміс медаль ұтқан жүзуші Әнуар Ахметов.

Бүкіләлемдік «IBSA» ойындарында қос күміс медаль ұтқан жүзуші Әнуар Ахметов.

Енді, нақты нәтижеге келсек, Әнуар Ахметов 100 метрге шалқалап және еркін жүзуден өткен сайыста жолы болмады. Тек брасс әдісімен жарыста 50 метрді 32:56 секундта жүзіп өтіп бір күмісті олжаласа, кейіннен баттерфляй әдісімен жарыста 50 метрді 28:56 секунд уақытпен тағы бір күміс медальді ұтты. Әнуардың әріптестері Әлібек Уақпаев, Бекжан Есіркепов, Мансұрбек Ибрашевтардың әзірге қанжығалары майланар емес.

Оң жақта дзюдодан 60 келі салмақта Бүкіләлемдік «IBSA» ойындарының қола жүлдегері атанған тұңғыш қазақ ұланы Әнуар Сариев.

Оң жақта дзюдодан 60 келі салмақта Бүкіләлемдік «IBSA» ойындарының қола жүлдегері атанған тұңғыш қазақ ұланы Әнуар Сариев.

Жеңіл атлетика бәсекесінде қызылордалық Ислам Салимов үмітті ақтады. Ислам 400, 200 метрге жүгіруден жүлдеге ілікпесе де, ұзындыққа секіруде нәтижені 5.86 метрге жеткізіп, күміс медальді кеудесінде жарқыратты.

Ислам осылай қарғиды. Бүкіләлемдік «IBSA» ойындарының күміс жүлдегері Ислам Салимов.

Ислам осылай қарғиды. Бүкіләлемдік «IBSA» ойындарының күміс жүлдегері Ислам Салимов.

Боз кілемдегі белдесулерде Орынбасар Құралбай, Теміржан Хасанғалиев, Самат Бимұратов алғашқы айналымдарда қапы кетіп, жарыс жолынан шығып қалды. Тек атыраулық жас балуан Әнуар Сариев бес қарсыласын бет қаратпай ұтып, ақырында қола медальға қол жеткізді. Бұл Әнуар бауырымыздың халықаралық жарыстағы алғашқы ірі табысы.

Бүкіләлемдік «IBSA» ойындары мамырдың 18 жұлдызында аяқталады.

Сеулге аттанған спортшыларымыз бен жаттықтырушылардың аты-жөні:

ЖҮЗУДЕН

Әнуар Ахметов, Әлібек Уақбаев, Мансұрбек Ибрашев, Бекжан Есіркепов.

Жаттықтырушы – Сәния Асулова.

ДЗЮДОДАН

Әнуар Сариев, Орынбасар Құралбай, Теміржан Хасанғалиев, Самат Бимұратов. Жаттықтырушы – Бердіғали Төлегенов.

ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН

Ислам Салимов, Мағжан Нұрлыбаев, Бислан Гибертаев.

Жаттықтырушылар – Юрий Мощеев, Геннадий Оничко.

ШАХМАТТАН

Әбдірашид Әлімханов, Серік Маклушов, Юрий Бибиков.

Жаттықтырушы – Мейірбек Нүсіпбаев.

«tagdyr.kz» ақпараты

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

seventeen − 9 =