Бүгін Парижде 17-ші жазғы Паралимпиада ойындары ресми түрде ашылады – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Бүгін Парижде 17-ші жазғы Паралимпиада ойындары ресми түрде ашылады


Салтанатты шара Франция астанасының төрінде – Келісім алаңында өтеді. Ашылу салтанатында Қазақстан туын алып шығу мәртебесі волейболды отырып ойнаудан ұлттық құраманың мүшесі Берік Ізмағанбетов пен пара оқ атудан ел намысын қорғайтын Севда Алиеваға берілді.

Қазақстандықтар аталмыш маңызды шараны Астана уақытымен 23:00-де «Qazsport» және «Qazaqstan» телеарналарынан тікелей эфир арқылы тамашалай алады.
Париж-2024 Паралимпиада ойындары Франция астанасында алғаш рет өткізіліп жатыр. Себебі, Франция бұған дейін Олимпиада ойындарын қабылдағанымен, Паралимпиада ойындарын бірінші рет ұйымдастырып отыр. Жарысқа 4400-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде. Оларға көмектесуге 2500 адам атсалысады. Қатысушылардың арасында шамамен 2000-ға жуық әйел спортшы бар, бұл 2000 жылы Сиднейде өткен ойындармен салыстырғанда екі есе көп, ол кезде небәрі 988 әйел спортшы қатысқан болатын. Бұл Паралимпиада ойындарындағы гендерлік теңдікке қатысты маңызды жетістік. Сайыс бағдарламасына 23 спорт түрі және 549 дисциплина кіреді, ал ойындар 11 күнге созылады. Биылғы бағдарламаға жаңа спорт түрлері қосылмағанымен, Токио-2020 ойындарында дебют жасаған пара бадминтон қайта ұсынылып отыр.


2024 жылғы Париждегі Паралимпиада ойындарына Қазақстан 44 спортшыдан тұратын рекордтық делегациямен қатысады, бұл Токио-2020 ойындарындағы қатысушылардан екі есе артық. Ол кезде ел намысын 26 спортшы қорғаған болатын. Сондай-ақ Париж ойындарына бару Қазақстан тарихындағы ең үлкен делегация, еліміз бұл ойындарға 1996 жылдан бері қатысып келеді. Содан бері паралимпиадашылар саны тұрақты түрде өсуде: 1996 жылы Атлантада 12 спортшыдан, 2020 жылы Токиода 26 спортшыға дейін жетті.Биыл Қазақстан ұлттық құрамасы 9 спорт түрі бойынша бәсекеге түседі: пара дзюдо, пара пауэрлифтинг, пара таеквондо, пара жеңіл атлетика, пара оқ ату, пара үстел теннисі, пара жүзу, пара каноэ және волейболды отырып ойнау. Осы жылы қазақстандық спортшылар пара үстел теннисінен және әйелдер арасында пара каноэден алғаш рет Паралимпиадаға лицензия ұтып алды. Сонымен қатар, волейболды отырып ойнаудан Қазақстан ұлттық құрама командасы 28 жылдан кейін қайта жазғы ойындарға оралды.
Еліміздің сайыпқыран спортшыларының қатысуымен өтетін алғашқы жарыстар ертең, 29 тамыздан басталады. Таңертең Милана Красавцева пара таеквондодан өнер көрсетсе, кешке отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасы Франция құрамасына қарсы алғашқы ойынын өткізетін болады.

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

17 − seven =