Әлем чемпионатының жүлдегері Әнуар Ахметовті әуежайдан қарсы алу сәті. Сол жақта «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» директоры Рысбек Қыдырбек. Оң жақта директордың орынбасары Имаяқов Жұмажан
Әлем чемпионатында көрсеткен қазақ жүзушілерінің нәтижесін алдын ала хабарлағанбыз. Британияға аттанған жеті спортшымыздың екеуі жүлдегер атанды. Бір қола медальды астаналық Әнуар Ахметов жеңіп алса, екі қола медальға тараздық жүзуші Зүлфия Ғабидуллина қол жеткізді. Паралимпиада додасына кешірек араласа бастаған қазақстандықтар үшін Әлем чемпионатынан үш бірдей қола медальдың өзі аз жетістік емес.
Алдымен Алматыға ұшып келіп, бірер күн аялдаған Әнуар Ахметов Астанаға кеше жетті. Әлем чемпионатының жүлдегерін әуежайдан күтіп алушылар арасында біз де болдық. Әнуардың жүзі жарқын, өзі көңілді. Өткен жылғы Пара Азия ойындарынан бір өзі 5 алтын медаль тарту еткен, биылғы жылғы Оңтүстік Кореяда, Испанияда, Бразилияда болған халықаралық жарыстардың бәрінен алтын медальсыз келмеген Әнуардың кеудесіндегі осы жолғы қола медаль бізге алтындай жарқырап көрінеді. Өйткені бұл, Әлем чемпионатының қола медалі ғой!
Бұл қола медальдың қазақ үшін қандай маңызы бар екенін Әнуарды қарсы алуға әуежайға арнайы барған «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» директоры Қыдырбек Рысбек: «Біле-білсек, Әнуардың бұл жеңісі біздің ел үшін үлкен қуаныш. Паралимпиада тарихында Әлем чемпионатынан қола жүлде ұтқан қазақ ұланы бұған дейін болған жоқ. Әнуар – Әлем чемпионатының жүлдегері атанған тұңғыш қазақ! Бұл қуаныш баршаңызға ортақ. Құтты болсын!» деп анықтай түсіндіріп берді.
Сонымен, Паралимпиада тарихының бетіне тағы бір жаңа есім жазылды. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш Әлем чемпионатының жүлдегері Әнуар Ахметов! Біздің тілегіміз: «Әлі Паралимпиада ойындарының жүлдесіне іліккен қазақ ұланы жоқ. Бас қамшыны Әнуар!»
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
«tagdyr.kz» тілшісі