Әнуар Ахметов Азия чемпионы атанды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Әнуар Ахметов Азия чемпионы атанды

Алғашқы алтынның иегері Әнуар АХМЕТОВ

Алғашқы алтынның иегері Әнуар АХМЕТОВ

АСТАНА. 21 қазан. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан Азия параойындарынан қазақ елі алғашқы «алтынды» иеленді. Еркін жүзуден алғашқы күндері үш күміс медальді иеленген Әнуар Ахметов жарыстың екінші күні 100 метрге шалқалай жүзуден бас жүлдені жеңіп алды және рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

Инчхонның «Мунхак» стадионы қазақ жұрты үшін құтты болып тұр. Егер арбамен билеуде иеленген Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленованың «күмісін» есептемесек, қалған олжаның бәрі әзірге осы ғимарат ішінде қолға тиюде.

Еуразия ұлттық университетінің студенті, астаналық Әнуар Ахметов бауырымыз 100 метрге шалқалай жүзуден бас жүлдені жеңіп алы. Әнуар – осы бәсекеде қазақстандықтарға алғашқы алтын медальды алып берген ақжолтай ұл. Оның күміс медалі үшеуге жетті. Қатарынан үш қола медаль алған Дмитрий Ли де мәре-сәре. Бір қола медальді Мансұрбек Ибрашев алды. Сонымен қазақстандықтардың қоржынында әзірге 1 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль бар.

Инчхон қаласына қосылғанымен қия шетте жатқан Кеңгуа аралындағы «Бишілер сарайында» арбамен билеп жатқан жерлестеріміз де бір күміс медальге ілікті. Шындығын айту керек, кілең корей төрешілері өз бишілерін бас жүлдеге сүйреп шығаруға ұяла қоймайды екен.  Әйтпесе, біздің алтын асықтай Отарбаев Ардақ пен Бегленова Айдананың Еуропа бағдарламасы бойынша 1-дәрежелі «Комби стандарт» стилімен билеген биі «алтынға» лайық еді. Төрешілер олардың өнерін күміс медальға бағалады. Ал тараздық жұп Марат Қарақұлов пен Нарғыз Ахметова 2-дәрежелі «Комби стандарт» стилімен билеуде 6-орыннан аса алмады. Мұндай сайыстың ұңғыл-шұңғылын жақсы білетін жаттықтырушы Әлия Түсіпбекованың айтуынша, төрешілер тарапынан әділетсіздік белең алып тұр екен.

Пауэрлифтингі, жеңіл атлетика мен дзюдо сайысынан әзірге қанжығамыз бос болып тұр. Ал отырып ойнайтын волейболшыларымыз екінші күні де моңғолиялық қарсыластарынан басым түсті.

53 алтын медальды уыстап алған Қытай командасы басқаларды шаңына ілестірер емес.  20 «алтынды» қанағат тұтқан Оңтүстік Корей 2-орында, 17 «алтынды» еншілеген жапондар болса, корейліктерді екі өкпеден қысып келеді.

Арбамен билеуден күміс жүлдегерлер Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова

Арбамен билеуден күміс жүлдегерлер Ардақ Отарбаев пен Айдана Бегленова

Төлеген Жәкітайұлы,
Оңтүстік Корейдің Инчхон қаласынан хабарлайды

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

18 + two =