Әнуар Ахметов Азия параойындарының 3 дүркін чемпионы атанды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Әнуар Ахметов Азия параойындарының 3 дүркін чемпионы атанды

АСТАНА. 23 қазан. Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өтіп жатқан ІІ Азия параойындарынан Қазақстан құрамасы жарқын жүзбен оралатын сыңайлы. Жарыстың төртінші күні Қазақ елінің қанжығасына 6 алтын, 6 күміс, 8 қола медаль байланды. Алаш жұртына осы бәсекеде алғашқы «алтынды» сыйлаған Әнуар Ахметов жүзуден үш дүркін Азия параоындарының чемпионы атанды. Екі мәрте Азия рекордын жаңартты.

Жарыстың бірінші күні қос күмісті қосарлап тағынған Әнуар Ахметов екінші күнгі сайыста алғашқы алтын медальды иеленген әрі Азияның рекордын жаңартқан еді. Екінші күні де бас жүлдені жеңіп алды. Үшінші күні жүз метрге шалқалай жүзуден тағы бір бас жүлдені жұлып түсті. Сөйтіп, бір өзі үш алтынды олжалаған Әнуардың маңдайы жарқырап тұр. Бұдан басқа үш алтын медальді де жүзгіштеріміз олжалады.

DSCN40761-500x375

Оңнан солға қарай: жеңімпаз жүзгіштер Әнуар Ахметов пен Дмитрий Ли бапкерлері Владимир Загороднийдің құшағында.

Өткен хабарымызда Әнуардан соң Дмитрий Лидің де алтын медальды алғанын айттық. Содан кейінгі бір бас жүлде жүзуден эстафеталық сайыста бұйырса, енді бірін паралимпиадашылар арасында бірнеше дүркін әлем чемпионы атанған Зүлфия Ғабидуллина иеленді. Сөйтіп, жүзгіштеріміз ерлеп тұр. Қазақстанның жүзу командасын баптаған бас бапкер В.Загородный алты алтын медальға уысын толтырып, шәкірттерінің жеңісіне масаттанып, бөркін аспанға атып жүр. Қуанбағанда ше, осы күні Әнуар Ахметовтей алаштың саңлақ ұлының шеберлігі Азияға таңдай қаққызып тұр. Жерлестеріміз мәре-сәре. Әнуар Ахметов бауырымыз 100 метрге шалқалай жүзуден бас жүлдені жеңуімен қатар, оның нәтижесі рекордтық көрсеткіштер қатарына орнықты. 200 метрге   кешенді жүзу жарысында Әнуар тағы да Азияның жаңа рекордшысы атанды. Одан соң үшінші рет чемпион атанды. Бір жарыста үш алтын медаль, екі рекорд! Әнуар есімді намысты ұлдың арқасында Көк туымыз қатарынан үш мәрте аспандап тұрды.

Зүлфия Ғабидуллина бапкері Саттар Бейсенбаевпен бірге.

Жүзуден ІІ Пара Азия ойындарының чемпионы Зүлфия Ғабидуллина бапкері Саттар Бейсенбаевпен бірге.

Еліміздің туы сеніп тапсырылған жүзгішіміз Зүлфия Ғабидуллина осы уақытқа дейін әлемнің төрт дүркін чемпионы атанған еді. Енді міне, Зүлфия Азия параойындарының чемпионы! Жарыстың төртінші күні 50 метрге еркін жүзуден дара шыққан Зүлфияның жүзіп өткен 46,40 секунд көрсеткіші әлемдік рекорд болып танылды.

Өкінішке қарай, отырып ойнайтын волейболшыларымыздың қарқыны бәсеңдеп қалды. Алғашқы ойындарда Жапония мен Моңғолия құрамаларын қатарынан 3:0 есебімен ұтып, айды аспанға шығарғандай болдық. Бірақ осы күнге дейін әлемнің сегіз дүркін чемпионы атанған Иран командасы біздің жігіттердің аяғына тұсау салып тастағандай. Ирандықтардан 3:0 есебімен ұтылған ойыншыларымыз, 21 қазанда Қытай командасынан да жеңіліс тапты. Енді оларда қола жүлде үшін бақ сынайтын жалғыз мүмкіндік қалды. Ал дзюдо, теннис, мылтық ату, садақ ату және пауэрлифтинг сайыскерлерінде әзірге жүлде жоқ. Тек жеңіл атлетика бәсекесінде Аманат Қалқаев 200 метрлік жарыста қола жүлдеге қол жеткізді.

Сөйтіп, 6 алтын, 6 күміс, 8 қола медальды қанжығаға байлаған Қазақ елі төртінші күнгі жарыс қорытындысы бойынша әзірге 10-орынды иеленіп тұр.

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
Оңтүстік Корейдің Инчхон қаласынан хабарлайды

 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

3 × three =