Әнуар Ахметов, жазғы ІІ Пара-Азия ойындарының үш дүркiн жеңiмпазы: Әрiптестерiмнiң рухы өр, сенiмi өткiр – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Әнуар Ахметов, жазғы ІІ Пара-Азия ойындарының үш дүркiн жеңiмпазы: Әрiптестерiмнiң рухы өр, сенiмi өткiр


Былтыр күзде Оңтүстiк Кореяның Инчхон қаласында өткен Пара-Азия ойындарында елiмiзден барған атлеттер медальды көсiп алып, елге 7 алтын, 6 күмiс, 11 қола жүлдемен оралған және жалпыкомандалық есепте 11-сатыға тұрақтаған. Жазғы Пара-Азия ойындарында бұрын-соңды алдыңғы 15 елдiң қатарына қосылмаған елiмiз үшiн бұл толайым табыс екенi анық. Қазақ елiнiң жалпыкомандалық есепте 11-сатыға орнығуына өлшеусiз еңбек сiңiрген спортшы – Әнуар Ахметов. Көру қабiлетi төмен Әнуар Инчхондағы Пара-Азия ойындарында 3 алтын, 3 күмiс, 1 қола жүлде олжалады. Ел мерейiн өсiрiп, көк туымызды желбiреткен саңлақ Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия университетiнiң денешынықтыру және спорт факультетiнде оқиды.

“Инчхонға аттанарда серт берiп, көк туымызды желбiретiп, әнұранымызды шырқатамын деп өзiмдi-өзiм қайрадым. Аллаға шүкiр, уәдемдi орындадым” деген жүзгiштiң арманы асқақ.

Биыл жоғарғы оқу орнын тәмамдайтын спортшымен тiлдесудiң сәтi түстi.

Әнуар, Инчхонда өткен жазғы Пара-Азия ойындарында елiмiзден барған спортшылар жеңiстен тау тұрғызып, бұрын-соңды қо­лымыз жетпей жүрген жүл­делердi олжалады. Сол мақтаулы шоғырдың жуан ортасында өзiң де барсың. Себебi бiр өзiң Инчхондағы Пара-Азия ойындарынан жетi медаль иелендiң. Кейбiр елдiң спортшылары сенiң жетiстiгiңе жабыла жүрiп жете алмады.

– Рақмет, әрине қандай жарыс болмасын жеңiстiң жiбi уысыңа оңай түсе қоймайды. Ұзақ жаттығу жүргiзiп, үздiксiз әзiрленiп әбден машықтанғанда ғана мақсатың орындалмақ. Ал бүгiн ғана тер төгiп, ертең толайым табыспен ораламын деу – спортқа жат. Инчхонда өткен жазғы Пара-Азия ойындарындағы жетiстiкке жетуiме Владимир Загародный бастаған бапкерлерiмнiң көмегi орасан. Мен осындай табысқа жетемiн деп мақсат етiп, сол межеден көрiне бiлгенiм үшiн Аллаға мың да бiр шүкiршiлiк етемiн. Өйткенi 2010 жылы Гуанжоуда (Қытай) өткен Пара-Азия ойынарында маған бiрде-бiр медаль бұйырмады. Егер де сол сәтсiздiктi жеңе алмай сынып кетсем, Инчхонда еңсем биiк болмас едi.

Ахметов Загородний

Әнуар мен бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Владимир Загородний

Бәрекелдi! Екiншi сұрақты әлеуметтiк мәселеңе байланысты қойсам. Л.Гумилев атындағы Еуразия университетiнде ақылы бөлiмде оқып, оқу ақысын төлей алмай мәселе туындапты. Елiмiздiң ұлттық паралимпиалық комитетi Инчхоннан жүлдемен оралған спортшыларға қаржылай, заттай сый-сияпат жасаймыз дедi. Осы мәселе қалай шешiлдi, ұлттық паралимпиялық комитет басшылығы көмектескен шығар?

– Иә, комитет басшылығы Инчхоннан оралған соң оқуымның жайын жөнге келтiрiп бердi. Былтырға дейiн ақылы бөлiмде оқып келсем, биыл мемлекеттiк грантқа ауыстырды.

Биыл жоғарғы оқу орнын бiтiретiн Әнуар Ахметовтiң де басты межесi жазғы Паралимпиада ойындарының алтын медалi шығар, иә?

– Әрине! Суға жүзумен жетi жасымнан берi шұғылданып келемiн. Алғашында әуесқойлықпен бастасам есейе келе су спортының саңлағы атансам деген ұстанымды ту етiп көтердiм. Жолымыз оңғарылып Азия құрлығының аламанында абыройымыз асты. Ендi Паралимпиада ойындарының медалiн, тiптi чемпиондық атағын елiме тарту етсем бұдан асқан арман бар ма?! Көпшiлiктiң арасында он екi мүшесiнiң бiрi кем жандардың күшi, рухы әлсiз болады деп ойлайтындары да бар. Бiрақ олар қатты қателеседi. Өйткенi паралимпиадашы спортшылардың рухы өр, сенiмi өткiр. Өмiрдiң, тағдырдың қатал сынағы мен қиындығына жасып кетпей жеңе бiлген жандар спортта да әлсiздiк танытпайды. Паралимпиадашылардың денi туабiттi салданып қалған жандар емес. Бiрi көлiк апатынан, бiрi түрлi себеппен осындай күйге душар болған. Олардың өмiрге деген құштарлығы, жеңiске деген жiгерлiлiгi жойқын. Осындай жандардың ортасында мен де бәйгеге түсiп паралимпиаданың медалiн иеленсем – басты арманымның орындалғаны.

Алда тағы бiр үлкен сын тұр ол – әлем чемпионаты.

– Осы әлем чемпионатында түрлi шарт бойынша жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасы үлестiрiледi. Сондықтан да әлемнiң әр қиырынан тек тегеурiндi спортшылар бақ сынап, Олимпиада ойындарына қатысу құқығы үшiн барын салады. Осы сында ел намысын абыроймен қорғап, жетiстiкке жету – мұратымыз.

Әзiрлiк қалай, шетелдерге тәжiрибе алмасу мақсатында оқу-жаттығу жиындарына барасыңдар ма?

– Алыс-жақын шетел болғанда Қырғызстанға үнемi жолымыз түседi. Әзiрге басқа мемлекеттерде бiрлесiп оқу-жаттығу жиынын өткiзбедiк.

Инчхоннан толайым табыспен оралған Әнуардан халық ендi паралимпиаданың да медалiн олжалайды деп сенiм артады.

– Қазақ елiнiң спорты тарихында паралимпиаданың медалiн иеленген спортшы шыға қойған жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру бiздiң мойнымызда екенiн жете түйсiнемiн. Елiмiздiң даңқын асырып, сенiмiне селкеу түсiрмеуге күш саламын.

– Мұратың мұқалмай, талабың ұштала берсiн.

Сұхбаттасқан Қ.Көшек.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

11 + nine =