Ақтөбеде есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының ІІ Cпартакиадасы басталды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Ақтөбеде есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының ІІ Cпартакиадасы басталды


12 тамызда Ақтөбе қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында Қазақстан Республикасының ІІ Cпартакиадасы басталды. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, сондай-ақ құрметті қонақтар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы директорының орынбасары Крючков Алексей Михайлович, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК директоры Қасқырбаев Марат Дайырұлы қатысты. Өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімінің орынбасары аталған ойындардың ерекше маңызын атап өтті.

– «Ең алдымен, «Жекпе-жек» тамаша спорт кешенінде Сіздермен жүздескенімізге қуаныштымыз. Біз үшін аталған іс-шара айрықша маңызды болып саналады. Дене мүмкіндіктері шектеулі спортшыларға деген шексіз құрметімізді білдіре отырып, біз Қазақстан Республикасының ІІ Cпартакиадасын мақтанышпен өткізіп отырмыз. Бұл жарыстардың жаңа есімдерді ашатындығына сенеміз!», – деді облыс әкімінің орынбасары. Спартакиадада еліміздің барлық өңірлерінен 1000-нан астам спортшылар қатысуда. Қатысушылар 10 спорт түрі бойынша жарысқа түсуде, атап айтқанда: жүзу, жеңіл атлетика, шахмат, еркін күрес, грек-рим күресі, үстел теннисі, мини-футбол, бадминтон, дзюдо және армлестинг. Өз кезегінде, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Марат Қасқырбаев елімізде сурдлимпиадалық қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқандығын атап өтті.

– «Алғаш рет Спартакиада 2014 жылы Алматы қаласында өткен болатын. Ол кезде спортшылар спорттың 5 түрінен бақ сынасса, биыл 10 спорт түрі бойынша сынға түсуде, қатысушылар саны екі есеге өсті. Екінші Спартакиаданың Ақтөбе қаласында Ақтөбе облысы басшылығының бастамасымен өткізіліп отырғандығын атап өткім келеді. Бұл дегеніңіз, елімізде сурдлимпиадалық қозғалыстың дамып жатқандығының көрінісі»,-деді ол.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар бұл спорттық шараның мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спорттық әлеуетін асырып, салауатты өмір салтын ұстануға айрықша назар аудару мақсатында төрт жылда бір рет ұйымдастырылатынын және кешендік жарыс болып саналатындығын ерекше атап өтті. Айта кетейік, жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің дипломдарымен, медальдарымен және арнайы кубоктарымен марапатталады. Спартакиада 19 тамызға дейін жалғасады.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

two × 4 =