Арбамен керлинг ойнаудан әлемнің екі дүркін чемпионы атанған Ресей командасы
Арбамен Керлинг ойнаудан Әлем чемпионатының биылғы жеңімпазы – Ресей командасы. Финляндияның Лохья қаласында ту көтерген дүбірлі доданың ақтық бәсекесі Ресей мен Қытай командаларының арасында өтті. Ептілік пен шапшаңдықты талап ететін осынау сайыста жүлдеден үміткер саналған Оңтүстік Корей спортшыларының жолы болмады. Қола жүлдеге талас Финляндия мен Словакия командалары арасында болып, фин жанкүйерлерінің қола медальды қанағат тұтуларына тура келді.
Арбамен Керлинг ойнаудан Әлем чемпионатының бас бәйгесі өткен жылы да ресейліктердің қанжығасында кеткен. Қатарынан екінші рет Әлем чемпионы атанған Ресей спортшыларының қуаныштарында шек жоқ. Команда басшысы Андрей Смирновтың айтуынша Ресей командасының биылғы жеңісі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда маңызды көрінеді. Жеңістің дәмін енді сезінгендей болдық дейді А.Смирнов.
Бас жүлде үшін барын салған қытайлықтар тайталасып келгенде орыстардан оңбай жеңілді. Күміс медальды алып тұрып олар өз сәтсіздіктерін төмендегідей түсіндірді. Арбамен Керлинг ойнау Қытайда 2007 жылдан ғана басталған. Осындай аз тәжірибемен әлем чемпионатының финалында өнер көрсетудің өзі аз жетістік емес. Қытай командасы жыл өткен сайын ілгері басып келеді. Біз келер жылдың додасында топ жарып шығуымыз әбден мүмкін деп мәлімдеді Хайтао Ван.
Қытай спортшыларының әлемдік бәсекелердегі қарқыны қазір дүние жүзіне мәлім. Сондықтан алдағы чемпионатта қытайлықтар орыстардың екі жыл қатарынан табан тіреген биігін тартып алып жатса оған таңданатындар аса көп бола қоймас.
«tagdyr.kz» ақпараты