Армениядан қос күміс бұйырды – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Армениядан қос күміс бұйырды

muhtarМұхтар Есенғосұлы

АСТАНА. 6 қазан. Биыл тұңғыш рет Арменияда есту қабілеті төмен жастар және жасөспірім балуандар арасында әлем чемпионаты жалау көтерді. Қазан айының 4 жұлдызында басталған осы бәсекеде күрестің грек-рим түрінен 85 келіден жоғары салмақта Мұхтар Есенғосұлы мен 66 келі салмақта Ғабит Игенбай әлем чемпионатының күміс медалін жеңіп алды.

Боз кілемдегі бұл әлемдік бәсеке грек-рим және еркін күрес түрлерінен өтуде. Астанадағы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығынан» Ереванға екі бапкер мен тоғыз балуан аттанған. Әлем чемпионаты қарсаңында спорттық даярлау орталығы балуандардың бабында болуын күш салып, Алматыда екі рет оқу-жаттығу жиынын өткізген. Жастарымыздың алғашқы қадамдары жанкүйерлер көңілін бір серпілтіп тастады. Тұңғыш ұйымдастырылған әлем чемпионатының қос күміс медалі Қазақ елінің еншісіне бұйырды.

gabit
Ғабит Игенбай бапкері Ерлан Мұқажановпен бірге 

Ерлан Мұқажанов баптаған ақтөбелік балуан Мұхтар Есенғосұлы 16-17 жас аралығындағы жасөспірімдер белдесуінде Иран мен Түркия палуандарының жауырынын жер иіскетіп, финалда ресейлік қарсыласынан ғана айласын асыра алмады. Ал алматылық палуан Ғабит Игенбай да Ереванның үміткерін жеңгенімен, шешуші сында ресейлік тағы бір палуаннан ұтылды. Бірақ біле білгенге, бұл екеуінің жастар арасындағы жекпе-жекте әлемнің күміс жүлдегері атануы, үлкен жетістік. Дүние жүзіндегі 14 мемлекеттің сақадай сайланған палуандарынан оза шауып, жүлде алған бауырларымыздың жеңісі барша қазаққа ортақ қуаныш.

Байрақты бәскеде ұлттың намысын қолдан бермеген Мұхтар мен Ғабиттің боз кілемдегі мерейлі жеңістері жалғасын таба бергей деп тілейміз.

Енді қазанның 8-жұлдызында Ерназар Қонысбаев баптаған еркін күрестің үш балуаны боз кілемде бақ сынайды.

Айдын Анапин
Ереваннан арнайы «tagdyr.kz» үшін

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

nine + twenty =