Қазақта «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген тәмсіл бар. Біз қазір «Алматыда Азия чемпионаты болады» деген қызықты күндердің дүрмегімен жүрміз. Чемпионат өткізу даярлығы ойдағыдай. Көңілімізді қуаныш кернеп жүрген сыңайлы. Әрине, Азия чемпионаты Алматыда тұңғыш рет өткелі тұрса, шаттанбай қайтеміз. Байрақты бәсеке басталмай тұрып, қуанып жүрміз-ақ. Бірақ, осы Азия чемпионаты аяқталған соңғы көңіл күйіміз қандай болмақ? Сараптап қарасақ, біздің пауэрлифтингішілеріміздің биылғы Қазақстан чемпионатында көрсеткен нәтижелері халықаралық жарыстар нәтижелерінің қасында жіп есе алмай қалады екен.
Ашық Азия чемпионаты болған соң осы күні бұл бәсекеге алыс-жақын шет елдердің саңлақтары сайланып-ақ отыр. Сонда Әлем мен Азия зілтеміршілерінің нәтижелері қандай? Салыстырып байқап, бірге ойланып көрсек қайтеді? Мысалы, Қазақстанда 97 келі салмақ бойынша біздің Спатилов Серіктің алдына түсер жігіт шыққан жоқ. Оның биылғы ел чемпионатында бағындырғаны – 155 келі. Осы нәтижемен Серік Спатилов Қазақстанның рекордшысы атанды. Ал, оның салмағындағы Азия мен әлем рекордының қанша екенін білесіз бе? Әлем рекорды – 235 келі! Азия рекорды – 232 келі! Арада табаны күректей 77 келі айырмашылық жатыр. Бұл салмақтағы біздің құраманың тағы бір белді мүшесі Вадим Дукарт. Вадим Дукарттың биылғы көтергені – 170 келі ғана.
Азия чемпионаты сынды айтулы додада ел намысын қорғайды деп үміттенетін енді бір спортшымыз – 80 келі салмақтағы Қадыров Еркебұлан. Қадыров Еркебұланның елішілік чемпионаттағы биылғы нәтижесі – 147 келі ғана. Ал, бұл бауырымыздың салмағындағы Азия рекорды 236 келі. Айырмашылық тұп-тура 89 келі!
Көрдіңіз ғой, Қазақстан рекорды мен Азия рекордының арасы жер мен көктей. Арадағы айырмашылық қандай? Қазақстанның бетке ұстар жігіттерінің деңгейі белгілі болды. Қайта оларға қарағанда қыздарымыздың көрсеткен жетістігі көңіл қуантарлықтай екен. Мысалы, құрама команданың бетке ұстар білектісі Кәбира Асқарованың Азиядағы қарсыластары 99 келіден асыра алмапты. Ал, ол күні кеше 83 келіні еркін еңсерді. Айырмашылық 16 келі ғана. Кәбира енді бір серпілсе азиялық қарсыластарымен иық тірестіріп қалар деп үміттенеміз. Сондай-ақ, біздің команданың белді спортшылары Гүлбану Әбдіхалықова мен Раушан Қойшыбаеваның да биылғы Азия чемпионатында үштікке ілініп қалуы әбден мүмкін екен.
Бірақ, біздің алаңдайтынымыз жігіттеріміздің нәтижелері. Бірге ойланып көрейікші. Азаматтарымыз аз уақытта күш-қайраттарын еселей алды ма? Жігіттеріміздің жоғарыдағыдай нәтижелерімен Азия чемпионатында жүлделі орындардан дәмелену қаншалықты қисынды? Егер Алматының төрінде Азия чемпионатын өткізіп отырып, жүлдеден құралақан қалар болсақ, онда біз осы күні несіне кеуде керіп, қуанып жүрміз? Айтпағымыз осы еді…
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
«tagdyr.kz» тілшісі