Азиялық пара ойындар басталды! – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Азиялық пара ойындар басталды!

Қазанның 18-жұлдызында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ІІ Азиялық параойындардың салтанатты ашылуы болып өтті. Екі сағаттан астам уақытқа созылған дүрмекті шеруде 42 мемлекеттің мүгедек-спортшылары мен өкілдері сап түзеп, қалың қауымның қошеметіне бөленді.

Корей елінің ең ірі стадио­нын­дарының бірі саналатын «Мунхакта» ұйымдастырылған ашылу салтанатының көріністері сан мың жүректі толқытып, сан мың жанарға жас үйіртті. Корейдің өнерлі жастары билеп жүріп жылатты, билеп жүріп толқытты. Бәрін де тілсіз сөйлеп, үнсіз айтып берді. «Құштарлық толқыны дәл қазір басталады» деген атау берілген бұл бишілер қойылымының өн бойында құштарлық пен жігердің құдіретті күшін аңдату жатыр. Өрімі жүйелі, өзегі күрделі, астары терең осынау туындыға қарап отырып Корей еліне тән мейірімділік пен ізгіліктің, табандылық пен еңбекқорлықтың бейнесін аңдап қаласыз. Ақыр аяғында, сан алуан өрнек салған бишілер сабыр мен төзімнің жеңбейтін қиындығы жоқ деген түйінді ойды мыңдаған көрерменнің санасына сіңіріп бергендей болды. Өлшемі шексіз өрелі өнердің сәтті бір туындысын біз осылай түйсіндік. Ал, сәт сайын мың құбылған сахна безендірілуін, отпен ою ойып жанардың жауын алған шеберлікті суреттеп айту емес, көзбен көру ғана керек.
Азия параойындарының тізгінін ұстаған соң болар, алаңдағы ең шоғыры қалың спортшы Оң­түс­тік Корей елінікі болды. Жал­пы саны 320 адам. Корей­ге жетеқабыл спортшылар Жа­пон елінен келіпті. Жиыны – 291 спортшы. 227 өнерлісін бап­тап қосқан қытайлықтардың қата­ры да селдір емес. Сонымен бірге, осынау алаңға 84 спортшысын алып шыққан Қазақ елінің өкілдері де салтанатты шерудің шырайын кіргізіп көз алдымыздан думандатып өтіп жатты. Көп­теген елдердің үркердей адам­дарына қарағанда біздің бауыр­ларымыздың шеруі көшелі көш­тей көрінеді екен. Паралимпиада­шылар арасында жүзуден әлемнің бір­неше дүркін чемпионы Зүлфия Ғаби­дуллинаның қолында Қазақтың көк байрағы желбіреп бара жатты. Желбіреп барған туымыз ата­жұртқа желкілдеп қайтса игі еді.
Сонымен, өткен жексенбіде Азиялық параойындарының ал­ғашқы сайыстары басталды. Төрт жыл бұрын Қытайдың Гуанч­жоу қаласында Азия мүгедек-спорт­шыларының тұңғыш ұйымдас­тырылғанын еске түсіріп өтейік. Гуанчжоуда 2500 паралимпиадашы спорттың 19 түрінен бәсе­кеге түссе, биылғы ойындарда спорттың 23 түрінен 3589 сайыс­кер бақ сынамақ. Яғни, Азия па­раойындарының ауқымы уақыт озған сайын кеңейіп келеді. Спорттық би, желкенді қайықпен жарыс, регби және боулз (көгалда шармен ойнау) сияқты төрт ойын түрі Азия паралимпиадашылары сайысына тұңғыш енгізіліп отыр.
Біздің спортшыларымыз үстел теннисі, жеңіл атлетика, дзюдо, арбамен билеу, жүзу, пауэрлифтинг, отырып ойнайтын волейбол, садақ ату, мылтық ату сияқты тоғыз спорттың түрінен ғана сайысқа түседі. Солардың ішінде жүлделі орыннан көбірек көрінеді деп отырып ойнайтын волейбол ойыншыларына, жүзгіштеріміз бен жеңіл атлеттерімізге мол сенім артылуда. «Айран сұрай барған соң, шелегіңді жасырма» дегендей, осынау бәсекеден жиырмадан астам медаль алып қайтсақ деген жоспардың бар екенін де несіне жасырайық. Сайыскерлерімізге Алла қуат берсін!

ЖАЛҒЫЗ ЖОЛДАМА КІМГЕ БҰЙЫРАДЫ?

Бәсекелестердің басты мақсаты – жеңімпаз атану. Отырып ойнайтын волейболшылар арасында жеңімпаздықпен қатар ұмтылып жатқан тағы бір талас бар. Ол – Олимпиада ойындарына берілетін жолдама. Бірнешеу болса бір сәрі, сегіз команда ортасына тасталған олимпиада бәйгесі біреу-ақ. Азиялық параойындарға қай мемлекет осал командасын әкелсін. Бәрі де осы жалғыз жолдамадан дәмелі. Сол күшті дәменің бірі қазақ волейболшыларында. Құраманың бас бапкері Бауыржан Тахауовтың «Жүлделі орыннан көрінуге тиіспіз» деп атажұртта тұрып айтқан сөзі бар. Шынымен де қарқындары жаман емес. Қазақстандықтар үшін бұл топтағы ең күшті қарсылас саналатын Жапон құрамасын үш кезеңде де айқын ұтты. Ұтты дейміз-ау, жаттығуда жүргендей-ақ емін-еркін жеңе салды. Жапондықтардың ойыны біздің жігіттердің екпінімен салыстырғанда жасөс­пірім­дердің деңгейіндей ғана болып көрінді.
Екінші күнгі ойын Моңғол құрама командасымен өтеді. Баукең бап­таған волейболшылардың қай-қай­сысынан сұрасаңыз да «моңғол­дық­тарды ұтып тұрмыз ғой» дейді. Ауыздарына май.
Ал, бас бапкеріміз үшінші күнгі ойын­ның күрделілігін айтып, көңі­лі­мізді күпті етіп қойды. Бұл күнгі қар­сы­лас – паралимпиадашылар ара­сын­да әлемнің бірнеше дүркін чем­пионы, Олимпиада жеңімпазы атан­ған Иран командасы. Бүгін Қазақ­стан-Иран волейболшылары ара­сындағы айқастың куәсі боламыз.

ЖҮЗГІШТЕР 2 «КҮМІС», 1 «ҚОЛАНЫ» ЖҰЛЫП ТҮСТІ

Үміт күттіргендер сенімді ақтап келеді. Волейболшыларымыздың алғашқы жеңісі көңілімізді желпінтіп-ақ тастады. Сол қуаныштың буын бұрқыратып жүзгіштеріміздің жарысын тамашаламаққа тартып кеттік. Инчхонның қалың кептелісінен өтіп, біз жеткенше қоржынымызға бір күміс медаль түсіп қойыпты. Алғашқы күмісті алып берген – Әнуар Ахметов. 400 метрге еркін жүзуден екінші орынға табан тіреген Әнуар екінші мәрте 50 метрге еркін жүзуден де күміс медальді иеленді. Ал, Д.Ли болса, 50 метрге еркін жүзуден қола медальға қол жеткізді.
Пендешілік дегенді қойсаңызшы, екі күміс, бір қоланы азырқанып қоямыз. Дәл қасымызда отырған өзбек жанкүйерлеріне қызыға қараймыз. Қызығатынымыз, олар­дың жүзгіштері көз алдымызда екі алтынды жұлып түсті. Өзекеңдер бөркін аспанға атып қуанып жатыр. Мосқал тартқан мұртты өзбек бізге төрт саусағын көрсетіп, миығынан күледі. Төрт «алтынымыз» бар дегені ғой. Қызғанып-ақ қалдық. Бірақ, бұл жарыстың алғашқы күні ғой деп өз-өзімізді іштей жұбатып қойдық.

DSCN3861

Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
арнайы «Қазақ спорты» газеті үшін Инчхоннан, Оңтүстік Корея

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

4 × 4 =