Біздің бишілер әлем чемпионатында – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Біздің бишілер әлем чемпионатында

Бүгін қазақстандық арбамен билеу шеберлері Италияға жетті. Рим қаласында қарашаның 6-8 жұлдыздары аралығында спорттың арбамен билеу түрінен Әлем чемпионаты өтеді. Біздің алты бишіміз бен қос бапкер сол әлемдік доданың бел ортасында жүр. Бұл дүбірлі бәсекеге 25 мемлекеттің 160 үміткері қатысуда.

2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ІІ Азия параойындарының күміс жүлдегерлері Айдана Бегленова мен Ардақ Отарбаев

2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен ІІ Азия параойындарының күміс жүлдегерлері Айдана Бегленова мен Ардақ Отарбаев

Негізінде біздің арбамен билеу шеберлері халықаралық жарыстарда бұған дейін осал өнер көрсеткен жоқ. Өзге жарыстарды айтпағанда, 2013 жылғы Әлем чемпионатында жүлдегер атанды. 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен Пара Азия ойындарында екі күміс, екі қола медаль ұтып алды. Биылғы жылы Астана төрінде ұйымдастырылған «KAZAKHSTAN OPEN 2015» халықаралық турнирінен 2 алтын, 2 күміс, 4 қола медаль олжалады. Ресейде өткен Әлем Кубогынан жүлделі оралды.

Әлем Кубогының жүлдегері тараздық Нарғыз Ахметова мен Марат Қарағұлов

Әлем Кубогының жүлдегері тараздық Нарғыз Ахметова мен Марат Қарағұлов

Тараз бишілерінің ұстазы, арбамен билеуден 2013 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Факия Шикова

Тараз бишілерінің ұстазы, арбамен билеуден 2013 жылғы Әлем чемпионатының қола жүлдегері Факия Шикова

Арбамен билеуден Әлем чемпионаты екі жылда бір рет ұйымдастырылады. 2013 жылы Жапон астанасы Токиода өткен Әлем чемпионатында астаналық Ардақ Отарбаев пен тараздық Факия Шикова қола медальды қанжығаларына байлап қайтқан болатын. Енді міне, еліміздің таңдаулы алты бишісі Әлем чемпионатында бақ сынамақшы. Тараз бишілерінің ұстазы Факия Шикованың хабарлауынша «Қазақстандық топты бастап барған республикалық «Қазіргі заманғы және спорттық би федерациясының» президенті Әлия Түсіпбекова. Өнер көрсететін жерлестеріміз Ардақ Отарбаев, Айдана Бегленова, Нарғыз Ахметова, Марат Қарақұлов, Дастан Раушанбеков және Күлшім Аталықова. Ертең Нарғыз Ахметова алғашқы болып жалғыз билеуден сайысқа шықпақшы» екен.

Бишілеріміздің жүлделі болып, жүздері жарқын оралуына тілектеспіз.

Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі.

 

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

four × 5 =