Бразилиядан оралған жеңімпаздар – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Бразилиядан оралған жеңімпаздар

Бүгін Бразилияның ашық чемпионатына қатысып қайтқан жүзушілерімізді әуежайдан таң сәріде қарсы алдық. Астанадан аттанған үш спортшы да олжалы екен. Әнуар Ахметов 2 алтын, Сиязбек Дәлиев 1 күміс, бір қола медальді қанжығаларына байлапты. Зүлфия Ғабидуллина үш мәрте жеңімпаз атанған.

Зүлфия Ғабидуллина чемпионаттың арнайы жүлдесін иеленді.

Зүлфия Ғабидуллина чемпионаттың арнайы жүлдесін иеленді.

Бразилияның ашық чемпионаты 21-25 сәуір аралығында өтті. Сан-Пауло қаласында өткен бұл бәсекеде әлемнің 18 мемлекетінің саңлақтары бақ сынапты. Біз әуежай басында жүзушілерді бастап барған тараздық бапкер Саттар Бейсенбаевтан жарыс барысын әңгімелеп беруді өтінген едік. Сонда Саттар бапкердің бізге айтқаны:

«Чемпионатқа екі-үш күн ерте барғанбыз. Сан Паулоның ауа-райы   біз үшін өте қолайсыз болды. 25-30 градус ыстық. Жауын жиі жауады. Бірақ, сұмдық қапырық. Бізде жаңбыр жауса, ауа кеңіп, тынысың ашылады ғой. Ол жақта керісінше ауа тарылып кетеді. Өзіміз де, спортшылар да қатты қиналдық. Олар  өздерін нашар сезінді. Бесінші күн дегенде әрең қалпымызға келіп, үйренісе бастадық.

Оңнан солға қарай: бапкер Саттар Бейсенбаев, Сиязбек Дәлиев, Зүлфия Ғабидуллина және Әнуар Ахметов.

Оңнан солға қарай: бапкер Саттар Бейсенбаев, Сиязбек Дәлиев, Зүлфия Ғабидуллина және Әнуар Ахметов.

Нәтиже жоспар бойынша ойдағыдай болды. Әнуар 6 қашықтыққа қатысып, 100 метрге және 50 метрге еркін жүзуден жеңімпаз болды. Ал, Зүлфия 6 қашықтықтан 100 метрге және 50 метрге еркін жүзу,  50 метрге шалқалап жүзуден жеңімпаз атанды. Бірақ, Зүлфияның класында спортшылардың аздығынан салтанатты рәсім болмады. Есесіне оған үздік жүзушілерге тағайындалған арнайы сыйлық берілді. Сиязбек Дәлиев 50 метрге баттерфляй жүзуден қола, 100 метрге шалқалап жүзуден күміс медаль алды.

Бізден бөлек  Ресей, Швеция, Қытай, Аргентина,Канада, Мексика, сонымен қатар Бразилияның көптеген клубтары қатысты. Командалық есепте бірінші орынды 25 алтын ұтқан бразилиялықтар иемденді. Екінші орынға 23 бас жүлделі болған Қытай мемлекеті шықты. Аргентиналықтар 6 алтын медальмен үшінші орынға тұрақтады.

Дәл осы ашық чемпионат келесі жылы сәуір айында Рио де Жанейрода ұйымдастырылмақшы. Мамыр айында жеңіл атлетикадан өтеді.  Бұл жолы жүзу мен жеңіл атлетика екеуі қатар өткізілді.

Енді біз шілде айында Шотландияның Глазго қаласында өтетін әлем чемпионатына даярланамыз. Соған екі этаптан тұратын оқу-жаттығу жиынын өткізу керек. Соның бірі тауда немесе Ыстықкөлде өтсе. Бірі Глазгоға жүрер алдында Алматыда ұйымдастырылса өте тиімді болар еді.

Әр жарысқа қатысқан сайын біз бір кемшілігімізді анықтап қайтамыз. Кейін соны жоюға күш саламыз. Тәжірибеміз молаяды. Осы жарысқа да сондай мақсатта барып қайттық. Әр жарыс бізге үлкен сабақ.  Сан Паулоға барғанымыз өте жақсы болды».

Жазып алған
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

3 × one =