Элизабет Стоунның басынан өткен мына оқиғаны оқып шығып, оны оқырмандар назарына ықшамдап ұсынуды жөн көрдік. Элизабет паралимпиада бәсекесінде жүзуден жүлделі орындарға іліккен америкалық қыз. Екі паралимпиадада жүлделі орын алған. Бейжің Паралимпиадасында күміс медаль, ал, 2012 жылғы Лондонда баттерфляй мен шалқалап жүзуден қола медальді иеленген.
…Америкалық жүзгіш қыз Элизабет Стоунның кіндік қаны Грузияның бір түкпіріндегі Дихашкхо ауылында 1990 жылы тамған көрінеді. Шыр етіп дүние есігін ашқанда оған Кхурцидзе әулеті Кетеван деп ат қойыпты. Тағдыр-ай, десеңізші, Кетеван өмірге оң аяғы кем болып келіпті. Мүгедек сәби сөйтіп балалар үйінен өткізіледі. Кетеванның алдында бір ұл, бір қыз сүйген ата-анасы бұл бөбекті баға алмаймыз деп қорыққан. Төрт жасында оны америкалықтар асырап алады.
АҚШ-тың Мичиган штатының тұрғыны, физиотерапевт маман Линда Стоун Грузиядан асырап алған қызына Элизабет есім береді. Дәрігер Линда Элизабетті туған қызынан кем көрмей өсірген. Төрт жасынан жүзу өнеріне жаттықтырып, оның дарынын жетілдіруге ұмтылады. Асырап алған анасының кең пейілі, шексіз мейірімі Элизабет қызды спорт әлеміндегі танымал тұлғаға айналдырған.
Бір ғажабы, Элизабет өзінің шыққан тегі грузин ұлты екенін қаршадайынан естіп-біліп өсіпті. Анасы қызынан ешбір сыр жасырмаған. Бұл туралы Линда Стоун «Мен асырап алғаннан бері Элизавет өзінің Грузиядан екенін біліп жүрді. Шыққан тегін мақтан етсін дедім. Халықаралық жарыстарға қатысқанда АҚШ пен Грузияның туын қатар ұстап жүрдік», деп әңгімелейді.
Линда Стоун асырап алған қызын түбінде өз туыстарымен табыстыруды аналық парызым деп санапты. Іздестіру, сұрастырудан жалықпаған. Ақыры, Элизабеттің туыстарының мекені анықталған соң екеуі бірден Грузияға сапар шеккен. Ұқсастықты қараңыз, оның туған анасының аты – Лиана болып шыққан. Жасы 73-те. Сол Дикашкхо атты кедей ауылда тұрады. Ағасы Лаша мен әпкесі Теона Элизабетті ауыл сыртынан қарсы алыпты. Өмірлерінде ұмытылмас кездесу болған. Аудармашы арқылы тілдесіп, қуаныштарын бөліседі.
Ақырында, екі отбасы «бір-бірімізбен араласып тұрамыз» деп қимай қоштасады. Алдағы уақытта екі жақ та тіл үйренуі мүмкін. Элизавет пен Линда екі-үш жылдан кейін оралатын, болашақта «өз еліміз» деп атауы да мүмкін елге келу үшін қамдана бастауға уәде береді.
Міне, америкалық жүзгіш қыздың басынан осындай оқиға өтіпті. Онсыз да өкініштен өзегі өртенгенін ұққан шығар, Элизабет-Кетеван туған анасына ешқандай реніш те, өкпе де білдірмеген. Қайтсін-ай, енді. Тағдыр дегеніңіз осы ғой…
Нұрғиса ҚАДЫРБЕК,
ДМШТАСДО-ның әдіскері