13-шілдеде Ұлыбританияның Глазго қаласында Әлем чемпионатының басталатынын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Бұл паралимпиадашылар бәсекесіне Қазақстаннан 7 спортшы аттанған. Олар – Әнуар Ахметов, Зүлфия Ғабидуллина, Сиязбек Дәлиев, Мансұрбек Ибрашев, Андрей Афанасьев, Михаил Еременко және Наталья Звягинцева.
Бүгін біз Глазгодан сүйінші хабар алып отырмыз. Қысқа қашықтық бойынша Азияда алдына қара салмайтын саңлақ спортшымыз Зүлфия Ғабидуллина алғашқы болып Қазақстан қоржынына қос қола медаль салыпты.
Глазгодағы Әлем чемпионатынан қос қола медаль иеленген жүзуші Зүлфия Ғабидуллина мен оның бапкері Саттар Бейсембаев
Зүлфия бұл жолы еркін жүзуден 50 метр және 100 метрде сынға түсіп, екі бәсекеде де үшінші орынды иеленген. Зүлфияның 50 метр қашықтықтағы көрсеткіші – 48.18 секунд. Ал, 100 метр қашықтықтағы көрсеткіші – 1минут 46,11 секунд. Зүлфияның жеке бапкері Саттар Бейсембаев осы кезде бөркін аспанға атып қуануда.
Әлем чемпионаты сынды айтулы додадан бұйырған 2 қола медаль – үлкен олжа. Басқа спортшыларымыз бүгін түстен кейін жарыс жолына шықпақ. Алла бұйыртса, әлем чемпионатының алтыны мен күмісі де қанжығамызға байлануы бек мүмкін. Тілекші болыңыздар, жанкүйер қауым!
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
«tagdyr.kz» тілшісі