Гүлбану қола жүлдені ұтты – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Гүлбану қола жүлдені ұтты

Бүгін 50 келі салмақта Гүлбану Әбдіхалықова Ашық Азия чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді. Бұл жарыстың екінші күні, яғни, 27 шілде.

Біздің паэуэрлифтинг мамандарының алдын-ала айтқан болжамы қисынсыз болмай шықты. Жарыстың екінші күні қазақ жанкүйерлері желпініп-ақ жүрді. Қола жүлде қоржынға түссе қалай қуанбассың? Жүлдені жұлып түскен құрыш білекті қазақ қызы Гүлбану Әбдіхалықова!

Азия чемпионатының қола жүлдегері – Гүлбану Әбдіхалықова!

Азия чемпионатының қола жүлдегері – Гүлбану Әбдіхалықова!

Иә, Азия чемпионатының бәсекесі талайдың жүйкесін жүндей түтіп тұр. Әйелдер арасындағы бүгінгі жарыс тіпті ширыққан қалыпта өтті. Әйтеуір, жүлдеге ілігіп жұбаныш тапқандай болдық.

50 келідегі әйелдер бәсекесінде жеті спортшы бақ сынады. Оның екеуі өз жерлестеріміз. Гүлбану Әбдіхалықова мен Кәбира Асқарова. Бұл салмақта шу дегенде Ши Шаншан 106 келіні еңсеріп, дара шықты. Іле-шала 110 келіні тағы да емін-еркін көтерді. Қытай қызының қос білегі шойын ба дерсің. Ши Шаншан сөйтіп, бас бәйгені олжалап, Азия рекордын жаңартып тастады. Екінші орынды 94 келіні қапысыз көтерген ветьнам қызы Тхи Лин Данг иеленді. Ал, біздің Кәбира мен Гүлбану алғашқы екі кезекте қатар шығып, сәтсіздікке бірінен соң бірі ұрынды. Кәбираның 80 және 82 келіні көтергені нөлге теңелді. Ол 87 келіні де әдемі-ақ еңсергендей еді, төрешілер оны да жоққа шығарды. Сөйтіп, үміт күттірген Кәбира жарыс жолынан шығып қалды.

Гүлбану да алғашқы екі кезекте 80 және 85 келіні аспанға атып  жібергендей көрінген, бірақ, саналмады. Енді оның соңғы мүмкіндігі қалған. Соның алдында ғана Пуджи Рани 85 келіні көтеріп, жанкүйер біткенді бір дүркіреткен. Соңғы тапсырысы – 86 келі. Қола жүлде қолдан сусып бара жатқандай. Демімізді ішке тартып тына қалдық. Басқаларға қарағанда Гүлбанудың жүйкесі темірдей-ау деп шамаладық. Асып-саспастан барды да 86 келіні көтеріп-ақ тастады. Қырағы төрешілер қылаудай мін  таппады.

Қола жүлде қазақтың қоржынына осылай түсті. Бұл – Азия чемпионатынан ұтқан алғашқы медаль. Жүлде құтты болсын, жанкүйер қауым!

Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

four × one =