Ресейдің Сочи қаласындағы Олимпиадалық саябағында қыркүйектің 27-сі жұлдызы мен қазанның 3-жұлдызы аралығында өтетін осы бәсекеге Қазақстаннан аттанған паралимпиадашылар өкілі сексенге жуық. «IWAS» ойындарына негізінен жеңіл атлетика, жүзу, садақ ату, үстел теннисі, армспорт және паратаэквандо сынды алты жазғы спорт түрлері енгізілген. Жарысқа әлемнің 34 мемлекетінен 800-ден астам спортшы қатыспақшы.
Егер аталмыш жарыстың тарихын айтар болсақ, «IWAS» ойындарының алғашқы жалауы 1948 жылы көтерілген. Британияның Сток-Мандевил қаласында Паралимпиада спортының іргетасын қалаушы Людвиг Гутманның ұйымдастыруымен өткен тұңғыш бәсекеге сол Сток-Мандевилдің ауруханаларындағы емделушілер қатысқан екен. 2013 жылы осы «IWAS» ойындары Нидерландыдағы Стадсканал қаласында ұйымдастырылған. Бұл жарысқа 26 мемлекеттің 230 спортшысы бақ сынаған.
Біздің ел спортшыларына келсек, Қазақстан құрамасына жүзуден 13, жеңіл атлетикадан 13, үстел теннисінен 8, армрестлингтен 6, паратаэквандодан 2, садақ атудан 1 спортшы енгізілген. Осы сала мамандарының болжамынша негізгі үміт бұған дейінгі халықаралық жарыстарда топ жарған жеңіл атлетші Аманат Қалқаев, Руфат Хабибуллин, жүзушілер Сиязбек Дәлиев, Зүлфия Ғабидуллина сынды спортшыларда.
«tagdyr.kz» ақпараты