«Лейпциг кубогының» күміс жүлдегері – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

«Лейпциг кубогының» күміс жүлдегері

Қазақстанның отырып ойнау волейболы құрама командасының сапарға аттанғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Волейболшыларымыз Ирандағы оқу-жаттығу жиынынан соң Германияның Лейпциг қаласында ұйымдастырылатын  «Лейпциг кубогына» қатыспақшы еді. Бүгін сол бәсекенің қорытынды хабары жетті. Қазақстан волейболшылары «Лейпциг кубогында» күміс жүлдегер атаныпты.

Біз  Қазақстан отырып ойнау волейболы құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауовпен тілдескенімізде: «Жыл сайын өтетін бұл ірі жарысқа Паралимпиада ойындарының, әлем және Еуропаның отырып ойнайтын волейболдан чемпиондары қатысады. Өткен жылы біздің командамыз осы бәсекеде бірнеше сәтті кездесу өткізіп, Магдебург, Леверкузен және Мысыр спортшыларын жеңді. Лейпциг командасымен тең ойын көрсетсек, украиналық мықты командадан жеңіліп қалдық. Жартылай финалда немістермен өткен кездесу де біз үшін сәтсіз болды, ал үшінші орын үшін болған сайыста менің шәкірттерім Финляндияның волейболшыларын сенімді түрде жеңген болатын.

Ортада Қазақстан құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауов.

Ортада Қазақстан құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауов.

Енді міне, «Лейпциг кубогының» күміс жүлдегері атандық. Бұл бәсекеде биылғы жылы 15 команда бақ сынады. Финалдық сайыста Германия құрама командасынан бар-жоғы бір ұпайға ғана ұтылып, «Лейпциг кубогына» қолымыз сәл ғана жетпей қалды. Өткен жылы үшінші орын, биылғы жылы екінші орынға қол жеткіздік. Алла қаласа, келер жылы жеңімпаз атануға ұмтылып көреміз», –  дейді Бауыржан Бақытұлы. Волейболшы жігіттеріміз бен жанкүйер қауымға жүлде құтты болсын айтамыз.

Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

two × one =