Ертең Катардың Доха қаласында Әлем чемпионаты ту көтереді. Жеңіл атлетшілердің аға жаттықтырушысы қызылордалық Ю.Мощеев бастаған біздің тоғыз спортшы мен бапкерлер осы додаға тас-түйін дайындықпен аттанды. Атап айтқанда, Қалқаев А. (Алматы.қ), Нұрлыбаев М. (Алматы.қ), Ибраим Е. (Нұрлыбаевтың гиді) (Алматы.қ), Сәлімов И. (Қызылорда), Болат Б. (Астана.қ), Балқожаев М. (Алматы), Мансұрбаев Р. (Алматы.қ), Лукутин А. (Қостанай), Харламов С. (СҚО) Әлем чемпионатында ел намысын қорғайды. Жаттықтырушылары – Оничко Г.Г. Васина Е.А және аға жаттықтырушы Мощеев Ю.В.
Шаржыда өткен халықаралық жарыста үш алтын медальдың иегері атанған Мағжан Нұрлыбаев
Мысырға аттанған спортшыларды ең таңдаулы дегеніміз, бұл жеңіл атлетшілеріміз жыл басынан бері өткен халықаралық жарыстарға бірнеше мәрте қатысып, қазақтың көк байрағын сан рет көкте желбіретіп қайтты. Араларында дүбірлі додалардан алтын жүлдені кеудесінде жарқыратып, күміс пен қола медальдарды уыстап қайтқан саңлақтар аз емес.
Пара Азия ойындарының қола жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Аманат Қалқаев.
Сөзіміз жалаң мақтау болмас үшін бәрін болмаса да, бірнеше паралимпиадашымыздың жетістіктерін атап өтелік. Мысалы, Аманат Қалқаев биылғы жылы қысқа қашықтыққа жүгіруден ел чемпионы атанды. Халықаралық жарыстардың ешқайсысынан жүлдесіз оралған жоқ. Өткен жылы ПараАзия ойындарының қола жүлдесін ұтқан саңлақ.
Оңнан солға қарай: Қытайда өткен жарыстың алтын жүлдегері Ислам Салимов, қызылордалық бапкер Юрий Мощеев, қос қола медаль иегері Мәдина Балқожаева және қола жүлдегер Равиль Мансұрбаев.
Тамыз айында Оңтүстік Корейдің астанасында «IBSA» атты зағиптардың әлемдік ойындары өтті. Осы байрақты бәсекеде біздің Ислам Салимов ұзындыққа секіруден күміс медальді ұтқан. Сондай-ақ, Қытайда өткен бәсекеде Ислам бір алтын, екі қола медаль олжалады. Ал, сол жарыстан Мәдина Балқожаева ядро мен диск лақтыру сайысында екі қола, Равиль Мансұрбаев болса ядро лақтырудан бір қола медаль иеленді.
…Біріккен Араб Әмірлігіндегі Шаржы атты әйгілі қалада бесінші рет ұйымдастырылған додаға 33 мемлекеттің жеңіл атлетшілері қатысқан. Жарыс ақпан айының 27-28 жұлдызы аралығында өтті. Қазақстандықтар сол жолы табаны күректей 17 медальді уыстап шықты.
Әсіресе, ұзындыққа секіру мен қысқа қашықтыққа жүгіруде Қазақстанның көк туын қайта-қайта аспандатқан Мағжан Нұрлыбаев намысты қолдан бермей, біздің қоржынға 3 алтын медальды Мағжанның бір өзі салды. «Fazaa» бәсекесінде де жақсы нәтижелер көрсеткен Мағжан Шаржыда тіпті ширақ болды. Көру қабілеті төмендер арасындағы үш түрлі сында бас жүлдені жұлып шықты. Сондай-ақ, Аманат Қалқаев, Болат Бейбарыс, Алексей Лукутин, Ислам Салимов, Сергей Харламов, сынды спортшылар жүлделі болды. Шаржы бәсекесінде біздің елдің 7 спортшысы әлем чемпионатының нормативін орындапты.
Міне, Мысырға аттанған жеңіл атлетшілеріміз осындай жетістіктері арқылы таңдаулылар қатарынан орын алған. Әрине, біз тек қолда бар аздаған деректерді ғана назарға ұсындық. Әйтпесе, спортшыларымыздың нәтижелері мұнымен шектелмейді. Ал, биылғы Әлем чемпионатынан біздің қанша медаль иеленетінімізді алдағы күндер көрсетпек. Катар еліне сенімді саңлақтарымызды аттандырдық. Үмітіміз ақталса игі…
Төлеген Жәкітайұлы,
«tagdyr.kz» тілшісі.