Қазақ паралимпиадашыларының арасында шыңға біткен шынарындай дара тұрған Зүлфия Ғабидуллина туралы айтар сөз көп. Спорттағы алған атақтары жоғарыдағыдай. Осы атақтарға Зүлфия қалай жетті? Ол туралы не білеміз?
Бастапқыда Зүлфия жеңіл атлетикаға да, тоғызқұмалаққа да қатысыпты. Барлық спорт түрін байқап, көріп шыққан. Ешқайсысында жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Бірақ, соның ішінде жүзуге ерекше бейім екендігі байқалды. Әр спорттың түріне қатыса берген дұрыс емес. Үздік нәтижеге жету үшін тек бір спорттың түрімен шұғылдану керек. Содан бері құпиясы көп жүзу әлеміне құлаш ұрып келеді. Нәтиже жаман болған жоқ. Бірақ, соның бәрі айтқанға ғана жеңіл. Айтып тауысқысыз қыруар еңбек атқарылды. Былайғы жұрқа беймәлім қала беретін спортшы мен бапкердің еңбегі. Бәрін емес, шет жағасын аңдап көрелікші.
Бапкер Саттар айтады: «Дені сау спортпен салыстырғанда бұл спорттың бейнеті екі есе. Мүгедек-спортшының әр қайсысына бір бапкер керек. Мүгедек-спортшы кісі қолына қарап қалған адам. Өзің арнайы барып, үйінен алып шығып, көлігіңе өзің көтеріп отырғызып, жеткен соң көтеріп түсіресің. Жаттығуға дейін арбаны өзің итеріп барасың. Суға өзің түсіресің, өзің жәрдемдесіп шығарып аласың. Арбасына қайта көтеріп апарасың. Көрдіңіз бе, осының бәрі әр жаттығу сайын қайталанады. Зүлфия жаттығуға өзі бара алмайды. Өзім алып келемін, өзім үйіне жеткізіп саламын. Жаттықтыратын тағы өзім. Жұмыстан бос уақытымның бәрін соған жұмсаймын. Кейде күн сайын түскі үзіліс кезінде немесе жұмыстан соң Зүлфияға қарай тартып бара жатамын. Бірақ, бірер жыл бұрын осы бейнетті еңбекке төленіп жатқан ешқандай айлық жоқ болатын. Сонымен бес жылдай уақыт өтті. Осынша мезгіл тегін жұмыс атқару оңай шаруа емес. Қазір ғой, Таразда мүгедектерге арналған спорт клубы ашылған. Осы кезде клубтың директоры әрі жаттықтырушымын. Ал, сол уақыттарда еш жерде жаттықтырушы болып тіркелген жоқпын. Тек бес жылдан соң еңбек ақтала бастады. 2012 жылы ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алдық».
Бір жақсысы, Зүлфияда алған бетінен қайтпайтын мінез бар. Мүгедектік өмір оны әбден шыңдаған. Зүлфияның дарындылығы сол – жаттығуда еш ерінбейді. Талпыныс, құштарлық бар. Мінезі жайдары. Қиыншылықтан қорықпайды. Алдына қойған мақсатын орындауға келгенде одан табанды адам табу қиын. Спортшыға ең керегі сол ғой.
Расында, Зүлфия көздеген мақсатына жетуді меңгерген жан. Мысалы, өткен Паралимпиада ойындары алдында ол қатысып көру мақсатын көздеген. Қатысты, бірақ, жүлденің ауылынан алыс қалды. Елге келген соң бапкері Саттар екеуі 2016 жылы Бразилияда ұйымдастырылмақ Паралимпиада ойындарында жүлдегер атанудың жоспарын құрды. Мақсат төмендегідей болатын. Бірнеше халықаралық жарыстарда топ жару. Әлем чемпионаттарында жүлдегер атану. Пара Азия ойындарының жеңімпазы болу. Аллаға шүкір, осы күні сол мақсаттары асыра орындалғандай. Бір қызығы, ол кезде әлемдік рекорд жаңарту ойларында болмапты. Рекорд жаңарту мүмкін еместей көрінсе керек. Алайда, Зүлфия бір емес, әлемдік рекордты алты дүркін жаңартып, шектеулі мүмкіндікпен де шексіз жетістіктерге жетуге болатынын айқын дәлелдеп берді.
Енді, Зүлфияның алдында ең басты мақсат тұр. Ол – келер жылғы Рио де-Жанейрода өтетін Паралимпиада ойындарында алтын медальға қол жеткізу. Өзіне үлкен сенім артқан жанкүйердің үмітін қалайда ақтап шығу. Бірақ, қараша айында 50 жасқа толған Зүлфияға өзінен мүшел жас кіші қарсыластарымен бәсекелесу оңайға түспесі анық.
Осы күдігімізді бапкер Саттарға білдірген едік. «Рас Зүлфия жақында 50 жасқа толды, – деді бапкер. – Таразда менің шәкіртімнің мерейтойы айта жүрерліктей деңгейде атап өтілді. Құрметтен кенде болған жоқпыз. Қайта осы мерейтой Зүлфияға үлкен қуат, күш-жігер бергендей болды. Жаттығу жүйесін жетілдіріп, осы күні кешенді түрде салмақ қуа бастадық. Қазір нағыз бабында. Жақында Польшада өтетін жарысқа аттанамыз. Шынында да Зүлфияның қарсыластары кілең жиырмадан енді асқан жастар. Әсіресе, Украина, Нидерланд, Қытай және Ресейдің осы топтағы жүзушілері жыл сайын нәтиже жаңартып келеді. Біздің мақсатымыз соларды ұтудың жолын табу. Зүлфия ел сенімін ақтайды деп үміттенемін».
Иә, дәл осы күндері Зүлфия мен Саттар Польшадағы халықаралық жарысқа аттанып кетті. Ел сенімін ақтау жолында жалықпай тер төгіп жүрген жүзуші Зүлфия Ғабидуллина мен жаттықтырушылық бейнетті белуардан кешуден қаймықпайтын Саттар Бейсенбаевқа сапарларының сәтті болуын тілейміз. Паралимпиада шынарының тұлғасы асқақтай бергей!
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
«tagdyr.kz » тілшісі