Үш күнге созылған облыстық IV Паралимпиада ойындарына Орал өңірінің қапысыз сайланып келген 13 командасы қатысты. Осы ойындарда бақ сынаған мүмкіндіктері шектеулі 150 спортшы спорттың 7 түрінен сайысқа түсті. Атап айтқанда, волейбол, үстел теннисі, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, пневматикалық винтовкада ату, арба биі, жүзу жарыстарында үздік шығып, жүлделі орыннан көрінгендер саны аз болған жоқ.
Облыстық IV Паралимпиада ойындарына негізінен Ақжайық ауданы, Бөрілі ауданы, Жаңақала ауданы, Жәнібек ауданы, Зеленов ауданы, Қазталов ауданы, Қаратөбе ауданы, Сырым ауданы, Тасқала ауданы, Теректі ауданы, Шыңғырлау ауданы, Орал қаласы және Қарттар мен мүгедектер мекемесі командалары қатысты. Паралимпиада ойындарын тамашалауға жиналған жанкүйер тартысты бәсекелердің куәсі болды.
Спорттың жеті түрі бойынша Орал қаласының командасы бас бәйгені олжалап, командалық бірінші орынды иеленді. Екінші орынға Бөрлі ауданының командасы табан тіреді. Үшінші орын Ақжайық ауданы командасына бұйырды. Жеңіске қол жеткізген командалар медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Батыс Қазақстан облысында өткен бұл IV Паралимпиада ойындарының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасында дене шынықтыру мен спортты дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іс жүзіне асыру және Батыс Қазақстан облысының мүгедектері арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спортты насихаттау еді. Сондай-ақ, Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша халықаралық жарыстарға дайындалу және қатысу мақсатында спорт түрлерінен облыс құрама командасын қалыптастыру үшін мықты спортшыларды іріктеу және мүгедектер арасында дене шынықтыру мен спортты дамыту бойынша спорт ұйымдарының жұмысын қорытындылау болатын. IV Паралимпиада ойындарын оздыру барысында осы көзделген мақсаттар өз үдесінен көріне білді деп санаймыз.
Бақтияр Сансызбаев,
ДМШТАСДО-ның әдіскері