Паралимпиада тарихында тұңғыш рет республикалық семинар-кеңес болып өтті – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Паралимпиада тарихында тұңғыш рет республикалық семинар-кеңес болып өтті

Астанадағы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» ұйымдастыруымен өткізілген «Қазақстан Республикасында пара және сурдлимпиадалық спорт түрлерінің даму жағдайы мен проблемалары туралы» атты республикалық семинар-кеңеске ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков, Ұлттық паралимпиадалық комитеттің президенті Дархан Кәлетаев қатысып, өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Семинар-кеңесті Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жүргізді.

Аталмыш жиынға барлық облыстардың және Астана, Алматы қалалары спорт және денешынықтыру басқармаларының басшылары, өңірлердегі мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған мамандандырылған спорт мекемелерінің басшылары, сурдо және паралимпиада саласының жаттықтырушылары, қоғамдық ұйымдардың қызметкерлері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арнайы шақырылды. Келелі кеңесте көтерілген мәселелер тақырыбы өте ауқымды. Мүгедектер спортының дамуына кедергі келтіретін ортақ проблемаларға қозғау салынды.

Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті Дархан Аманұлы жасаған баяндамада мүмкіндігі шектеулі жандардың спорттық жетістіктерімен бірге өзекті мәселелері де аз қамтылған жоқ. Қазақстандағы паралимпиадалық спорттың тарихы еліміздің Тәуелсіздік туын көтерген жылдан бастау алады. Содан бері елімізде паралимпиадалық спорт түрлері жыл өткен сайын көбейіп келеді. Қарқын жаман емес, нәтижелер де баршылық. Тіпті, дүниежүзілік паралимпиадалық жарыстарда біздің спортшыларымыз бірнеше мәрте жүлделелі орындарды иеленді. Әлемдік рекордты жаңартты. ХІ Паразия ойындарында бас жүлделерді жеңіп алды. Солай бола тұра, әлі күнге дейін осы салада жүйелі жұмыстар қолға алынбағандықтан мүгедектер спортының дамуында көңіл көншітерлік екпін болмай тұр. Мәселен, тиісті заңнамалық толықтырулардың уақытында жасалмауы мүгедектер спортының өрісін тарылтқан басты кедергілерді бірі екен. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыру және Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен Үкіметтің назарын аудартатын шаруаларды күн тәртібіне қою қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, мүгедек-спортшыларды қаржыландырудың бір жүйеге түспегені басты қиындықтардың бірі. Әлемдік бәсекелер алдындағы оқу-жаттығу жиындарының жоспарлы өткізілуі жолға қойылмауда. Еліміз бойынша сурдо мен паралимпиада спорт түрлерінің дамуы мен қолдау көруі біркелкі емес. Мысалы, өткен ел чемпионатында паралимпиададан жүзу бойынша барлық өңір спортшылары қатысса, сурдо жүзушілерінің чемпионаты тек жеті өңірден ғана жиналған 33 спортшының арасында өтіпті. Бұл дерек, есту қабілеті төмен спортшылардың назардан тыс қалдырылғанын көрсетеді. Ал, осы сурдо-спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижесінің жоғары екендігі тағы да шындық.

2014 жылы ұлттық құрама командаға спорттың 15 түрі бойынша 342 спортшы енген. Жоғары жетістік көрсеткен спортшылар Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Павлодар және Жамбыл облыстарынан ғана шыққан. Көптеген облыстық спорт басқармалары басшыларының паралимпиада саласындағы салғырт жұмысы осындан-ақ көрініс тапса керек. Ұлттық паралимпиада комитетінің президенті сөз соңында осындай жиындардың мүгедектер спортына мемлекеттің, қоғамның оң көзқарасы мен қамқорлығын арттыра түсетінін еске салып өтті.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Сәкен Мұсайбеков мырза семинар-кеңестің қорытындысында өз сөзін: «Бұл саладағы қызметті жаңадан бастап жатырмын. Қазіргі кезде әлемдік паралимпиада спортының бізден озық тұрғанын жақсы білеміз. Паралимпиадашыларымыз сонда да жақсы нәтижелер көрсетуде. Айтылған ұсыныстардың бәрі өте орынды. Министрлік деңгейіндегі, облыстар деңгейіндегі атқарылуға тиісті шаруаларды қолға аламыз. Ұлттық паралимпиадалық комитетпен, осындағы спортқұмар, отаншыл азаматтармен тізе қосып жұмыс істесек көп нәтижелерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Паралимпиада спортындағы көтерілген проблемаларды шешуге бірігіп күш салайық.. Жиынға қатысқан баршаңызға сәттілік тілеймін» деп түйіндеді.

Семинар-кеңесті жүргізген Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жиын барысында пара және сурдолимпиада саласындағы осы уақытқа дейін атқарылған шаруаларға тоқталып өтті. Республикада ұйымдастырылған әр түрлі спорттық шаралардың аз болмағанын айтты. Соның нәтижесінде 2014 жылы халықаралық жарыстардан мүгедек спортшыларымыз пара және сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша 59 медальды олжалаған. Оның 16 алтын, 20 күміс, 23 қола медаль. Түрлі қиындықтарға қарамастан өңірлердегі осы спорт саласын дамытуға күш салып келген азаматтардың табандылығы мен жігерлілігіне ризалығын білдірді. Төраға сонымен қатар, алдағы уақытта қысқы спорт түрлерін дамытудың кезек күттірмес шаруа екендігін және осындай семинар-кеңестің облыстық спорт басқармаларында жалғасын табу керектігін еске салды.

Республика бойынша пара және сурдлимпиада саласында тың бастамаларды қолға алған азаматтар аз емес. Тәжірибе алмасу мақсатында Алматы облысы, Қарағанды облысы, Ақтөбе облысы, Атырау облысы, Қостанай облысы мамандарының баяндамалары тыңдалды.

«Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының» директоры Қыдырбек Рысбек паралимпиадалық спорттың еліміздегі жай-жапсарын екшей айтты. Орталық қызметкерлерінің арнайы жүргізген аналитикалық сараптамасы көптеген өңірлердің осы спорт саласына жүрдім-бардым қарағанын анықтаған. Облыстардағы спорт басқармаларының басым көпшілігі мүгедектер спортының ұйымдастырылуын атүсті атқаруды әдетке айналдырған. Қуанарлығы, жекелеген табанды азаматтардың арқасында біршама аймақтарда паралимпиада спортының өрісі кеңейген. Мысалы, Атырау, Маңғыстау өңірлерінде облыс әкімдерінің қамқорлығымен спортшыларға тұрақты еңбекақы төлене бастаған. Атап айтқанда, Атырау облысы әкімдігі мүгедек-спортшыларға кешенді спорт ғимаратын салып берген. Өткен жылдан бастап «Атырау» мүгедектер спорт клубына қарасты отырып ойнау волейбол командасының 12 ойыншысына 170 мың теңге айлық тағайындаған. Ал, 2015 жыл басынан бері Маңғыстау облысы әкімшілігі де 13 волейболшыға 198 мың теңге еңбекақы төлей бастапты. Паралимпиада саласына жасалған мұндай қамқорлық басқа өңір басшыларына үлгі болса игі еді.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков Қостанай облысы, Рудный қаласындағы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Санаш Есжановты дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды спортқа тартуда және осы саланың дамуына зор үлес қосқаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің "Құрмет грамотасымен" марапаттады.

ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков Қостанай облысы, Рудный қаласындағы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Санаш Есжановты дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды спортқа тартуда және осы саланың дамуына зор үлес қосқаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапаттады.

Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышевты дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды спортқа тартуда және осы саланың дамуына зор үлес қосқаны үшін Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Маңғыстау облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Нұралы Құлышевты дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды спортқа тартуда және осы саланың дамуына зор үлес қосқаны үшін Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Ақтөбе облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Наталья Сокольскаяны дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды спортқа тартуда және осы саланың дамуына зор үлес қосқаны үшін Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов Ақтөбе облыстық мүгедектер спорт клубының директоры Наталья Сокольскаяны дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларды спортқа тартуда және осы саланың дамуына зор үлес қосқаны үшін Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Семинар-кеңес соңында мүмкіндігі шектеулі тұлғалар арасында спорттық іс-шаралар ұйымдастыруда және осы саланың дамуына зор үлес қосқан бірнеше азаматтар ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Жиынның екінші кезеңі дөңгелек-үстел басында жалғасын тапты.

«tagdyr.kz» ақпараты

Семинар-кеңес туралы айтылған пікірлер

Жолдасбеков Нұрлан Қырықбайұлы

Жолдасбеков Нұрлан Қырықбайұлы

Жолдасбеков Нұрлан Қырықбайұлы, Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл жиынның екі мақсаты бар. Бірі – бұқаралық спортты дамыту, яғни, мүгедектердің спортқа тартылуына ықпал жасау. Екіншісі, содан іріктелген үздік спортшыларды халықаралық жарыстарға қатыстырып, еліміздің имиджін көтеру.

Семинар-кеңесте көп нәрсенің беті ашылды. Облыстарда паралимпиада саласында атқарылған жұмыстар әр қилы. Әр спорт клубтары, қоғамдық бірлестіктер өз білгендерімен, оңтайына келген бағытта жұмыс жасайды екен. Болашақта солар бір жүйеге түсуі тиіс.

Осы уақытқа дейін паралимпиаданы дамытуға құқықтық-нормативтік құжаттардың реттелмеуі басты кедергі болған еді. Ендігі жерде осы мәселенің шешілуі қолға алынатын болды. Сондай-ақ, мүгедек-спортшылардың классификациялық сараптаудан, медициналық тексеруден дұрыс өткізілу қажеттігі өте орынды айтылды. Өйткені, біздің елдегі осы медициналық тексерудің шала-шарпы жасалуы спортшыларымыздың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне өз залалын тигізеді. Жалпы, осы жиыннан біз біршама қуаттанып қалғандай болдық.

Бексұлтанов Ерназар Әбілқайырұлы

Бексұлтанов Ерназар Әбілқайырұлы

Бексұлтанов Ерназар Әбілқайырұлы, Ұлттық паралимпиадалық комитетінің сарапшысы:

– Бұл семинар-кеңес барлық қатысушыларға үлкен серпіліс берді деп ойлаймын. Себебі, мұндай жиын тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Қаншама проблемалық мәселелер қозғалды. Оның барлығын ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі, Ұлттық паралимпиадалық комитеттің президенті, Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы тыңдап, өз ұсыныс-пікірлерін айтты. Менің ойымша, паралимпиада саласындағы мәселелер көп кешікпей өз шешімін табуға тиіс. Семинар-кеңес соңынан өткен дөңгелек-үстел басында әр өңірдің спорт клубтары мен қоғамдық бірлестіктер басшылары, жаттықтырушылары өз іс-тәжірибелерін ортаға салды. Баршамызға ортақ шаруа болған соң ешкім бей-жай қалған жоқ. Осындай бір жиынның өтуі өте қажет-ақ еді. Соны уақытында ұйымдастыруға күш салған «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына» айтар алғысым шексіз.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

18 − fourteen =