Қазақ паралимпиадашыларының жүзі жарқын – «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» РМҚК

Қазақ паралимпиадашыларының жүзі жарқын

Оңтүстік Кореяның Инчхон қа­ласында өткен ІІ Азия пара­ойындары өз мәресіне жетті. Осы бәсекеде Қазақ елінің спортшылары 7 алтын, 6 күміс, 11 қола медаль иеленді. Азия параойындарының қорытындысы бойынша отандастарымыз 11-орынға табан тіреді.

Өткенге көз жүгіртсек, 2010 жылы Қы­тайдың Гуанжоу қаласында өткен алғашқы Азия параойындарында Қазақстан құра­масы 23-орыннан аса алмай, жалғыз алтынға зар болып қайтқан еді. Ал биылғы додада табысымыз қомақты болды. Жал­пы, бұл жарыста 23 спорт түрі бойын­ша медальдар сарапқа салынды. Бес күн бойы тоғыз спорт түрінен ғана бақ сынаған бауырларымыз алтын, күміс, қола медаль­дарды уыстап алды. Арбамен билеуде Ардақ Отарбаев, Айдана Бегленова, Қарлығаш Тынабековалар ешкімнен осал соққан жоқ. Жеңіл атлетикада Аманат Қалқаев пен Бислан Гебертаев барын салып жүріп, бір күміс, бір қоланы алып шықты.

Отырып ойнайтын волейболшы­ла­рымыз жүлделі орынға ілікпесе де, атағы­нан ат үркетін Иран командасымен ті­ресті. Қытайлықтармен қаржасты. Ирак­ты тығырыққа тіреді. Жапония мен Моң­­ғолия командаларын ойнап жүріп ұтты. Егер әділіне келсек, біздің волейбол­шы­ларымызды жүлде алмады деп кінә­лаудың жөні жоқ. Бір ғана мысал, қазақ­стан­дық­тарды ұтып, меселін қайтарған иран­дықтар бұған дейін қатарынан сегіз дүркін әлем чемпионы, Паралимпиада жеңім­пазы атанған. Одан қалды, Иран елінде отырып ойнайтын волейболдан табаны күректей 130 команда бар. Азияға сол 130 команда арасынан топ жарып шыққандар келді. Қазақстанда бар-жоғы 8 команда. Ал енді арғы жағын өзіңіз-ақ пайымдай беріңіз…

 Соңғы жылдары Азия бәсекесінде Қазақстан құрамасының дәл осылай олжалы оралған кезі есімізде жоқ. Әсіресе, жүзу сайысында жүзіміз жарқын жүрді. Жалғыз Әнуардың өзі бес алтын, үш кү­міс, екі қола медальді жұлып түсті. Зүлфия Ғабидуллина, Дмитрий Ли де осы сайыста бір-бір бас жүлдеге ілікті. Сонымен қатар эстафеталық жарыста Әнуар Ахметов, Бекжан Есіркепов, Әлібек Уақбаев және Андрей Афанасьев екі рет чемпион атанды.

Ал дзюдо, теннис, мылтық ату, садақ ату және пауэрлифтинг сайыскерлеріне жүлде бұйырмады. Тек жеңіл атлетика бәсекесінде Аманат Қалқаев 200 метрлік жарыста қола жүлдеге қол жеткізді.

Сөйтіп, 7 алтын, 6 күміс, 11 қола ме­дальдi қанжығаға байлаған Қазақ елі жарыс қорытындысы бойынша 11-орынға табан тіреді. Осы ойында жүлдені күреп алған Қытай спортшылары болды. Олар 317 медаль олжалап, ІІ Азия параойын­дарының жеңімпазы атанды. Екінші орынды корейліктер еншілесе, үшінші орынды жапондықтар иеленді.

Пікір жазу

Әлеуметтік желі арқылы кіруге болады: 

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

eighteen + 9 =