Біз бұған дейін әлемдік Паралимпиада ойындарының тарихы туралы деректерді ықшамдап жариялаған болатынбыз. Ендігі кезекте өз еліміздегі паралимпиада тарихының сарғайған беттерін парақтап көрелік.
Біздің паралимпиада тарихы да тым келте емес, бас-аяғы отыз жылға жетіп жығылады. Ең алғаш 1988 жылы Алматы қаласында отырып ойнайтын волейболдан мүгедек-спортшылар командасы құрылған. Әйгілі волейболшы, белгілі бапкер Жанбек Сауранбаев негізін қалап, көп жылдар бойы баптаған бұл команда басқасын айтпағанда, 1992 жылы ТМД чемпионатының бас жүлдесін қанжығаларына байлап қайтқан. 1996 жылғы Атланта паралимпиадасында жетінші орынға қол жеткізген. 1999 жылы Тайландта өткен параазиада бәсекесінде жеңімпаз атанса, 2014 жылғы Азия чемпионатында күміс жүлдені иеленіпті. Қазіргі отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауов, Маңғыстау облыстық отырып ойнау волейболы командасының жаттықтырушысы Нұралы Құлышев сынды азаматтар сол алғаш іргетасын белгілі бапкер Жанбек Сауранбаев қалаған команданың түлектері.
Паралимпиада қазығын алғаш қаққандықтан волейболшылар жетістігіне алдымен тоқталдық. Әйтпесе, суға жүзуден, ауыр атлетикадан, шаңғы жарыстарынан, арбадағы биден, жеңіл атлетикадан, пауэрлифтинг, ядро лақтырудан, үстел теннисінен халықаралық жарыстарда қазақтың туын көтеріп, әнұранын шырқатқан құрама командалар мен жеке спортшылар саны аз емес. Қазіргі кезде еліміздің барлық өңірінде мүгедек-спортшыларға тиісті жағдайлар жасалуда. Әрине, бұл ретте ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бар қамқорлықтың ұйтқысы екендігін айтуға тиіспіз. Спорт және денешынықтыру істері комитетінің күш салуымен Астана, Алматы қалаларында, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Алматы облыстарында мүгедектер спорт клубтары құрылып, республика бойынша жалпы саны төрт мыңға тарта адамның спортпен шұғылдануына жағдай жасалды. Сондай-ақ, Көкшетау мен Қызылорда олимпиадалық резервтер мектебінде мүгедек жастарға арналған екі спорттық бөлім ашылған. Жастар мен жасөспірімдер командалары жасақталуда. Тұрақты ұйымдастырылатын бірнеше елішілік жарыстар нақтыланды. Атап айтқанда, барлық өңірдің спортшы-мүгедектерінің қатысуымен 4 жылда бір рет (аудан, облыс, республика бойынша) спартакиада өткізу бір жүйеге түсті. 40-тан астам турнирлер мен түрлі жарыстар ұйымдастырылады. Республикалық жазғы паралимпиада ойындары мен спартакиадалары да күнтізбелік жоспарлармен өткізілуде. Әрине, бұл салада Ұлттық паралимпиада комитетінің, Сурдолимпиадалық федерацияның Спорт және денешынықтыру істері комитетімен бірлесе атқарып жатқан еңбектері өз алдына төбе.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, мүгедектер спорты күні кеше басталған жоқ. Бұл салаға бұрын Ұлттық паралимпиада комитеті, Сурдолимпиадалық федерация сияқты қоғамдық ұйымдар бас-көз болып келді. Республикалық Паралимпиадалық комитеттің осы уақытқа дейінгі еңбегін біз баса айтуымыз керек.
2014 жылдың көктемінен бастап Үкіметтің қаулысымен республикалық жеке мемлекеттік орган, спорттық даярлау орталығы іске қосылды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері комитетіне қарасты мекеме. Қаулының негізінде 11 спорт түрін таңдап алынды.
Орталықтағы маман әдіскерлер республикадағы, халықаралық жарыстардағы спортшылар нәтижелерінің бәрін сараптап, талдау жұмыстарына бел шеше кірісіп кетті. Бапкерлік жұмыстың да сапасы басты назарда. Ендігі жердегі нәтиже, еңбек, талпыныс, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда озық болуға тиісті.
2014 жылдың қазан айында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында Азия параойындары болып өтті. 42 мемлекеттің командасы қатысты. Бұл төрт жылда бір өткізілетін Азия параойындары. Қазақстан құрамасы бұл жарысқа 82 спортшымен барды. Біздің орталықтан 55 спортшы, 7 бапкер құрама қатарына алынды. Нәтиже алдын-ала жоспарланғаннан көп жоғары болды. Елден аттанар кездегі біздің құраманың, 82 спортшының алдына қойған мақсаты – 3 алтын, 7 күміс, 12 қола медаль алып келу болатын. Нәтижесінде біздің спортшылар 7 алтын, 6 күміс, 11 қола медальді жеңіп алып, жоспарлы межеден асып түсті.
Әрине, бұл тек споршыларымыздың ғана емес, жаттықтырушылардың ерен еңбегінің арқасы. Біздің орталықтың да қыз-жігіттері чемпион атанды. Олардың ішінен Бекжан Есіркепов, Дмитрий Ли, Андрей Афанасьев секілді спортшыларды атап өтуіміз керек. Соның ішінде Аманат Қалқаев жеңіл атлетикадан екі қола медальға ие болды. Сөйтіп, осы орталық республикадағы мүгедектерді спортқа даярлауға ұйытқы болып жүрген мекемелердің арасында алдыңғы орынға шықты. Сурдолимпиадашыларымыз да жақсы нәтиже көрсетуде. Армения астанасы Ереванда сурдолимпиадашылар арасында өткен әлем чемпионатында біздің орталықтан барған Мұхтар Есенғосұлы, Ғабит Игенбай есімді балуандар 3 күміс медальды олжалап қайтты. Бұның өзі үлкен жетістік.
Инчхондағы ойындар Қазақстан спортының мәтебесін көтеріп тастады. Дені сау спортшыларымыздың өзі 28 алтын медальмен төртінші орынға табан тіресе, мүгедек-спортшыларымыз 7 алтын медальмен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Гуанжоудағы ойындармен салыстырғанда екі сала бойынша да алға бастық. Бұл Қазақстан спортының үлкен жеңісі. 2010 жылғы алғашқы Азия параойындарында Қазақстан құрамасы 2 күміс, 3 қола медаль ғана алған болса, Инчхондағы 7 алтын медаль үлкен жетістік деп айтуға болады.
Бірақ, осы 7 алтынмен тоқтап қалатын жағдай жоқ. Біздің көрші Өзбекстан мемлекеті 26 спортшы апарып, 22 алтын медаль алды. Біздің алдымызға Иран секілді мемлекеттер шығып кетті. Қазақстан құрамасы үшін 11 орын алғашқы қадам үшін жақсы нәтиже болғанымен олқы соғып тұр. Азиялық деңгейдегі ұлттық намысымызды, мүмкіндігімізді, спортшыларымыздың қажыр-қайратын салмақтай келгенде мына нәтиже аса қуантатын жағдай ма?
Паралимпиадалық спорт түрлері бойынша әлемдік жүлде алып жүргендер саны аз емес. Мысалы, еркін күрестен сурдолимпиададан 2013 жылы Болгарияда әлем чемпионы атанған жамбылдық Ғабит Есжанов деген азаматымыз бар, тағы бір тараздық спортшы, жүзуден әлем рекордын жасаған Зүлфия Ғабидуллина бар, Азия ойындарынан бес дүркін чемпион атанған астаналық Әнуар Ахметов, әлем чемпионы Сиязбек Дәлиев есімі қазір жанкүйерге жақсы таныс. Әрине, осындай жетістікке жеткен спортшыларымыз мемлекет тарапынан марапатқа, ақшалай сыйлыққа ие болып жатады. Ең өкініштісі, солардың бапкерлері осы құрметтен тыс қалады. Шын мәнінде ең үлкен еңбек бапкерлердікі ғой. Олар неге тасада қалуға тиіс. Бұл дені сау спортшылардың арасында да болатын жағдай.
Сондықтан біз мүгедек-спортшылардың қасында сүйеу, демеу болып жүрген, жағдайын жасап, жаттықтырып қана қоймай, бірге жүріп, бірге тұрып жүрген азаматтардың да мемлекет тарапынан қолдауға ие болып, сыйақы алып, еңбектері ақталса деген ойымыз бар. Осы салада әділеттілік болса дейміз.
Өйткені, мүгедек-спотшылармен қатар жүріп, олардың мұңына ортақтасып, олардың бейнетін бірге көтерісу дегеніңіз оңай-оспақ нәрсе емес. Көп жағдайда жаттықтырушылардың еңбегі еленбейді. Осының өзі спорттың дамуына қасақана жасалып жатқан кедергі дер едім. Неге десеңіз, бір бапкердің қалыптасуының өзіне бірнеше жыл керек. Жақсы, ол бапкер тұрмыстың қиындығына, жалақының мардымсыздығына қарамай, көп жыл бейнеттеніп жүріп шәкірттерін белгілі бір жетістікке жеткізе бастады делік. Бір шәкірті чемпион атанса, спортшыға пәтер, көлік беріліп, ал, бапкеріне мақтау қағазын ғана ұстатып, арқасынан қағып қоя береді. Сыртқа білдірмегенмен, бапкердің іші қан жылап тұрады. Екінші, үшінші шәкірті кезінде де осы жағдай қайталана берген соң, бапкердің өз жұмысына деген құлшынысы жоғалады. Әрі-беріден соң кәсібін тастап шығады. Ал, жаңа келген бапкер тәжірибе жинағанша тағы талай жыл өтеді. Міне, көрдіңіз бе, бапкерді елеусіз қалдырудан қазақ спорты қаншама зиян шегіп жатыр?
Сонымен қатар, сурдолимпиадашылар, яғни, құлағы естімейтін, сөйлей алмайтын спортшылар бар. Солармен жақсы қарым-қатынас болу керек. Ал, сол спортшыларымызбен тілдесудің өзі оңай емес. Орталық арада дәнекер болатын сурдоаудармашыларға зәру. Үкіметте, министрлікте осы саланың тізгінін ұстаған азаматтарға бұл айтқандарымыз дер уақытында жетсе дейміз.
Міне, қадірлі оқырман. Қазақстан паралипиадасының тарихы көктей шолып айтқанда осындай. Реті келгенде проблемалық тұстарды да келтіріп өттік. Ал, паралимпиаданың толыққанды тарихын жазу алдағы күндердің еншісінде.
Төлеген ЖӘКІТАЙҰЛЫ,
«tagdyr.kz» тілшісі